– «Аллаһтың жолында күрісіп жүрген жауынгермен некелескің келеді ме? Шаһид болатын жолдасыңыз болғанын қалайсыз ба? Мұнда тілге, ұлтқа немесе қоғамдық дәрежеге қарамайды. Ең бастысы Аллаһтың разылығына кенелесің!» – осы үлгідегі жазбаларды бүгінде Сирия мен Ирак елдерінде бейбіт халықтың тыныштығын бұзып, Исламды құбыжыққа айналдырып жүрген «ИШИМ» содырлары жан-жақты елдерден өз қатарларына әйелдерді тарту үшін «Jihad Matchmaker» группасында жариялауда. Ендеше осындай жарнаманың құрбаны болған, содырлардың тұзағына аңдамай түсіп қалған Тунистік қыз-келіншектердің басынан өткен оқиғасын өз ауыздарынан естіп көрелік.
МАРИЯ
2012 жыл, әдеттегідей таң атып күнделікті тіршілік басталып жатыр еді. Қолым босап біршама ғаламтор бетін шарлайын дедім. «Facebook» әлеуметтік желісін қолданатынмын. Сол бір күні маған жеке парақшама бір сириялық Асмад есімді азамат хат жазды. Онымен танысып, әңгімеміз ары қарай өрбіді. Күндер өтіп екеуміз күнде әлеуметтік желіде хат аламасатын болдық. Содан бір аптадан кейін жақынырақ танысу үшін «Skype» желісі арқылы бейнелі қоңырау шалып түрлерімізді көріп сөйлесуге бел будық. Кейін мен оны, ол мені ұната бастап, арамызда махаббат сезімі ұялады. Бірнеше аптадан кейін Асмад мені Антакияға (Түркия) отбасымен таныстыруға шақырды. Себебі, ол Сириядан Түркияға қоныс аударып келген екен. Содан мен келісіп, отбасыма Түркияға қыдырып келемін, деп жолға шықтым. Стамбулға келіп Асмад екеуміз жолықтық. Ол мен Антакияға алып барып отбасымен таныстырды. Ертесіне Асмад маған:
– Сирияға бару керек, онда туыстарым бар, енді солармен таныстырып, батасын алсам болғаны екеуміз үйленеміз, деп көндірді. Таң атып екеуміз жолға қамдандық. Кеш болмай Сирияның Идлиб қаласына да жеттік. Онда Асмадтың туған-туыстары екі күн бойы қонақжайлылығын танытып, маған деген ыстық лебіздерін білдіріп жақсы күтіп жатты. Содан үшінші күні барлық жағдай күрт өзгере бастады. Таң ертең Асмад есікті ашып маған:
– Енді сен Туниске қайта оралмайсың. Бүгіннен бастап сен осында қалып менің жарым боласың, деді даусын көтеріп. Мен таңырқаған күйде дереу жасырынып үйге қоңырау шалып Сирияда екенімді айттым. Ата-анам тұтқаның арғы жағында күтпеген хабарды естіп, тілдері келміріп сөйлей алмай қалды. Үймен хабарласқанымды біліп Асмадтың анасы телефонмен қатар елден қашып кетпес үшін төл құжаттарымды да алып қойды. Мені 10 күн бойы үйдің қызметшісі етті, кейде қол көтерген кездері де болды. Күнде үй жинап, ауланың шаруасымен айналыстым. Асмад күнде маған «Жихад некесі» туралы түрлі уағыздар айтып, сауапқа кенелудің бірден бір жолы екенін түсіндірумен болды. Мен Асмадтан маған деген көзқарасының өзгергенін байқап, арадағы махаббат хикаясы кенет аяқталғанын сездім.
Күнделікті үздіксіз жұмыстан әлім құрып, біраз қиындық көргеннен кейін қалай да қашуға бел будым. Содан үйдегілер қалың ұйқыға кеткенде, түндетіп көрші ауылға қалай бет алдым. Онда тұрғындардан елден шығатын шекараның бағытын сұрап, Сирия мен Ливия шекарасына келдім. Олар мені тексеріп, төл құжатымның жоқтығын сылтауратып, «ИШИМ» құрамында «Жихад некесінде» болғансың, деген айыппен 10 айға жертөледе қамауға алды. Содан онда көрмеген азапты көріп, 5 ай өткеннен кейін мені медициналық сараптама жасау үшін алып шықты. Нәтижесінде, бойымнан ешқандай кінарат табылмай, сараптаманың қортындысы бойынша қамаудан босатылдым. Кейін Аллаһтың қалауымен, шекара қызметкерлерінің көмегімен Сириядан шығып Туниске қайта оралдым.
АЙША
«Жихад некесінің» кезекті құрбаны болған Айша өзі көрген қорлықты өзге қыз-келіншектер көрмресе екен дейді.
Мен жас болатынмын. Бос уақытымды көптеген құрбыларыммен өткізетінмін. Кейде уақыт өткізу үшін әлеуметтік желіні жиі пайдаланатынбыз. Содан бір күні діни ақпараттар іздеу барысында мұсылман қыздары бар топқа қосылдым. Онда «Жихад некесі» туралы көптеген әңгімелер айталған. Топтағы қыздар: «Жихад некесі – әрбір қыз-келіншектерге парыз етілген. Бұл жайында көптеген Ислам ғалымдары пәтуа шығарған», деген пікірлерді айтып жатты.
Уақыт өтіп, мен және сол топтағы қыздар болып жиі бас қосатын болдық. Олар маған:
– Сириядағы Аллаһ жолында жүрген жауынгерлермен үйленсеңдер көп сауапқа кенеліп жәннәтқа барасыңдар, деген уағыздарды жиі айтты. Содан сауатымның төмен болғандығынан Сирияға 13 қыз болып баратын болып келістік.
Арада күндер санап, әр түрлі елдерді өтіп Сирияға да жеттік. Онда біздерді жақсы күтіп алып бір лагерге алып барды. Онда көптеген кісілер біздерге «Жихад некесі» туралы уағыздар айта бастады. Олар уағыздарында:
– «Жихад некесі» бұл Аллаһтың бұйрығын орындау болып саналады. Егер бұл жерде жан тапсырған қыз-келіншектер болса олар шаһид күйінде өмірден өтеді. Кімде кім бас тартса онда тозақы болады, деген сөздерді жиі қолданды.
Бірнеше күннен кейін «Жихад некесі» ұранымен көптеген ер кісілер лагерге келіп біздерді өздерімен алып кетті. Содан әркім білгенін жасады. Осыдан кейін ғана мен «Жихад некесі» дегеннің ұғымы теріс екенін түсіне бастадым. Алайда, бәрі кеш еді. Бұдан сорақысы, содырлар басқа қызды жар етіп алу үшін өзінің әйелін ешбір шартсыз талақ етіп, бойдақ болып шыға келеді.
Сол үшін мен содырлардың тұзағына түскен біз секілді көптеген қыздар елін, жерін тастап Исламның бетпердесін қаралайтын осындай құбыжықтардың айласына түсіп қалмаса екен деймін. «ИШИМ» мүшелері өз араларында Исламды өз пайдасы үшін қалаған бағытқа бұрмалап, шариғатқа қарсы пәтуаларды ойдан шығарып жататынына толық көзім жетті.
УММУ АСМА
Умму Асма қарапайым отбасының отанасы болған. Ол күйеуі Ауад екеуі бала-шағаның қамын жасау үшін қу тіршіліктің соңында жүрген жұптар еді. Алайда, бірнеше уақыттан кейін Ауадтың діни көзқарасы күрт өзгеріп, дастархан басында «Жихад» туралы әңгімені көп қозғайтын болды. Содан бір күні Ауад Умму Асмаға келіп Сирияда шынайы жихад барын айтады. Әбден «ИШИМ» содырларының уағыздарына қаныққан Ауад қалай да әйелін көндіріп Сирияға кетуге бел буады.
Елден кетуге бел буған жұп бала-шағасын алып Түркия арқылы Сирияға аттанады. Түркияда оларды Ахмет есімді кісі күтіп алып, Сирияның шекарасына дейін жеткізіп салады. Шекарадан ары оларды содырлар жекелеген лагерлерге алып барады. Сол күннен бастап күйеуі басқа содырларға қосылып, отбасын тастап кетеді. Ал, Умму Асма болса күйеуінен қайран болмағасын бала шағасын қорғаштап содырлардың дегеніне көнеді. Осылайша оған әртүрлі ұлттан болған ер кісілер келе бастайды. Қайда барарын білмеген ана 27 күн бойы 100-ге жуық содырлармен төсектес болады. Содан бір айды азаппен өткізген Умму Асма бала-шағасын алып қиындыққа төзбей қашып құтылады. Алайда, ол уақытта оның аяғы ауыр еді әрі кімнен жүкті болып қалғанынан бейхабар болатын.
Дайындаған Гүлмира Шарханқызы