Сұрақ: Күйеуіммен ажырасқаныма 2 ай болды. Қазір туысқандарымның араласуымен басқа бір жігіт сөз салып жүр. Сол жігітпен үйлену мәселесін ақылдасу үшін кездесуіме бола ма?
Жауап: Шариғат бойынша әйел адам күйеуінен ажырасқан соң немесе күйеуі қайтыс болса, бірден тұрмысқа шығуына болмайды. Шариғат белгілеген арнайы уақытты күтуі қажет. Бұл уақытты ғиддат кезеңі дейді.
Яғни ғиддат дегеніміз талақ етілген немесе күйеуі қайтыс болған әйелдің қайтадан тұрмыс құруы үшін күтуі қажет мезгілді білдіреді. Талақ етілген әйелдің ғиддаты туралы Құранда былай деп айтылған:
«Ал талақ етілген әйелдер өздерін (қайта тұрмысқа шығу үшін) үш етеккір мерзімін күтеді. Оларға, егер Аллаға және Ақырет күніне иман келтірген болса, жатырларындағы Алланың жаратқанын жасыруларына болмайды» (Бақара сүресі, 228-аят).
Етеккірі келмеген немесе жасы өтіп етеккірі тоқтаған әйелдердің де ғиддаты үш ай, ал жүкті әйелдікі босанғанға дейін жалғасады. Бұл туралы Құран Кәрімде:
«Ал әйелдеріңнен етеккірден күдер үзгендері болса, егер (олардың мерзімдері жайында) күмәндансаңдар, онда олардың, сондай-ақ етеккір келмегендердің ғиддаттары – үш ай. Ал жүкті әйелдердің (ғиддат) мерзімдері –нәрестелерін босанғанға дейін», (Талақ сүресі, 4-аят) деп айтылған.
Күйеуі қайтыс болған әйелдің ғиддат мерзімі – 4 ай 10 күн. Бұған мына аят дәлел:
«Ал сендердің біреулерің қайтыс болып, артында жұбайларын қалдырса, олар өздерін төрт ай он (күн) күтеді» (Бақара сүресі, 234-аят).
Шариғат бойынша ғиддат мерзіміндегі әйелге құда түсуге, айттыруға болмайды. Бұл жайында Құран Кәрімде: «Белгіленген уақыт бітпейінше (ғиддат мерзімі) неке қиюды ойламаңдар (немесе ниеттенбеңдер)…», делінген (Бақара сүресі, 235-аят).
Талақтың екі түрі бар: рижғи (қайта оралу мүмкіншілігі бар) талақ және байын (айқын) талақ. Талақтың қай түрі болсын немесе әйелдің күйеуі қайтыс болса да, ғиддат мерзімі бітпейінше оған құда түсуге, айттыруға, тіпті бұл туралы ұсыныс та айтуға болмайды. Бұл жоғарыдағы аятта нақты айтылған.
Алау Әділбаев
теология ғылымының докторы
Жауабыңыз үшін рақмет.Осы сайт арқылылы шариғаттан біраз хабар алдым)