Ибн Атаулла Скандари (р.а.) әрбір істі Алла Тағалаға табыстаудың әдісі жайлы былай жазады:
Бірінші, Алла Тағала сенің әрбір іс-қимылыңды басқарып тұрғанын білуің. Бұл дегенің сен әлі жаратылмай тұрып, Алла Тағала сенің Иең болғанын ұғынудан тұрады. Демек, сен жаратылмай тұрып тағдырың оның басқаруында болған. Әрі сен жоқтан бар болған соң да Оның басқаруынан тыс қалмайсың. Сондықтан, сен Алла Тағала үшін әу баста кім болсаң сол қалпыңда қал. Өйткені, сен үшін Алла Тағала әу баста кім болса, соңыра да солай бола бермек.
Екінші, сен өз ісіңді басқаруды өз қолыңа алуың өзіңе жасалған қастандық екенін білуің. Бұл көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлағаннан да ауыр міндет.
Үшінші, тағдыр сенің қалағаның бойынша жүрмейтіндігін түсінуің. Өміріңнің басым бөлігі сенің басқаруыңа бағынбайды. Сенің ырқыңа көнбейді. Тек ұсақ-түйегін ғана басқаруың мүмкін.
Төртінші, Алла Тағала билігіне әлем түгелдей бағынатынын білуің. Сен Аршы, Курси, жеті қабат аспан мен жер Алла Тағала басқаруында деп иман етіп сенгенің сияқты, өзіңді де Оның басқаруына тапсыра біл,-деп насихат еткен.
Бұл насихаттың мән-мағынасы иман кемеліне жетуі үшін адам өзін толықтай Құдайға тапсыруын талап етеді. Дегенмен бұл тұжырым қам-қарекетті жоққа шығармайды. Мақсатқа жету үшін еңбектенудің қажеті жоқ демейді. Әрбір істің себебін жасау тәуекелге қайшы емес. Керісінше, тәуекелдің құрамдас бөлігі. Хадисте:
«Егер сендер Алла Тағалаға лайықты түрде тәуекел ете алсаңдар, сендерді құсты қоректендіргеніндей ризықтандырар еді. Құс таңсәріде жемсауы бос боп ұшып кетеді де, ымыртта толтырып қайтып келеді [1]».
Аталмыш хадис тәуекел етуге шақыруда. Сонымен бірге, хадисте «таңертең шығып, ымыртта қайтып» деумен әрекет етуді жоққа шығармауда. Әрекет тіршілікке себеп. Десе де, тағдыр деген сөздің саясына отырып алып қам-қарекет жасамайтын адамдар да бар.
Уильям Джеймс: «Біз бен Құдайдың арасында ешуақытта үзілмейтін байланыс бар. Егер біз өзімізді Құдайға тапсыра алсақ арманымыз бен үмітіміздің барлығы орындалар еді»,-деген.
Руслан ҚАМБАР
[1]Ахмед, Тирмизи, Насаи, Ибн Мәжә