“Біздер – жетімдерміз!
Жетім болып жүріп-ақ жетілгенбіз…”
М. Мақатаев
Қоңырау сыңғыры естілісімен, сынып бөлмелерінен жүгіре шыққан балдырған мектеп оқушылары дәлізде оларды күтіп тұрған әке-шешелеріне барып, құшақтап, беттерінен сүйіп жатыр. Бәрінің де жүздері жайнап, біреуі анасын, енді біреуі әкесін не аға-әпкесін көргендеріне мәз. Бірақ, бір бала ғана шат-шадыман боп жатқан өзінің сыныптастарына қарап, жападан-жалғыз тұрып қапты. Өйткені, ол дәл өз достарындай мойнына асыла еркелеп, мейіріміне бөленердей анасы да, әкесі де жоқ жетім еді.
Күнде мектептен шыққан ол өзін басқалардай біреу күтіп тұрса екен, ең болмаса, біреу өзіне мейірімді көзін салса екен дейді, қуанышты мейрам күндері келгенде өзіне сыйлық әперіп, тәтті тағамдарды ұсынатын адамды іздейді.
Бірақ, қанша айналасына көз салса да, бүкіл адамдар да, бүкіл дүние де оған бөтен сияқты. Тіпті, барлық жандар шадыман күймен қарсы алатын мереке күндерінің өзі ол үшін көңілсіз өтеді.
Міне, осындай шақта жүрегі жалғыздықтың шерін тартқан жетім балаға мейірімді пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) келіп: «Расында, мен – мейірімді жан жұбанышымын», «Алла тағала адамдарға мейірімді болмағандарға рақым жасамайды», – дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) күллі әлемді алаңсыз бейқам ұйқысынан оятып, назарын осынау бақытсыз сәбиге аудартады. Оған өзінің мынау дүниеде жалғыз әрі бөтен еместігін, бүкіл мұсылмандар оған әке мен ана болатынын ұғындырады.
Иә, біздің сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да сол жетімдердің бірі болған еді. Ол қолының сұқ саусағы мен ортан бармағын қосып, жүрегі қатыгез жандарға қарап: «Жетімдерге қамқоршы болған адамдармен мен жәннатта мына екі саусағымдай бірге боламын», – деп ескертеді.
Сондықтан да жәннаттың әсем бағында пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) бірге болғысы келген жандар жетімдерге жылы шырай танытып, қолынан келгенше көмегін аямағаны абзал. Оларға мына дүниеден өтіп кеткен немесе өз баласын тірі жетім етіп тастап кеткен әкесінің орнына әке, анасының орнына ана болғаны дұрыс. Бұл – әрбір мұсылманның міндеті.
Егер жүрегін сараңдық пен қатыгездік жайлап, жетімнің көз жасын сүртуге жарамай жүрген адамдар болса, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) оларға сол қатыгездік батпағынан шығарардай өсиетін қалдырған.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір сахабасы бір адамның Алла Елшісіне (с.ғ.с) келіп, өз жүрегінің қайырымсыздықтан арыла алмай жүргендігін айтып шағынғанда, Мұхаммед (с.ғ.с.) оған: «Жетімнің басынан сипап, қайыршыға тамақ бер», – деп жауап бергенін айтады.
Иә, жетімнің басынан сипау бізден ақшаны да, күш-қуатты да талап етпейтіні рас. Бірақ, ол бізден үлкен мейірімді қажет етеді. Жетімнің басынан сипау арқылы біз жүрегімізді басып қалған шаңды бір үрлейміз. Сол сәтте біз әлемде өзіңе бауыр тарта қараған жетімнің кінәсіз көзінен артық әдемі нәрсе жоқ екенін байқар едік.
Қасиетті Құран кітабында Жаратушы Алла тағала жетімдерге қайырымдылық жасауға бұйрық етеді: «Ей, Исраил ұрпақтары! Сендермен уәделескен кезде: «Құдайдан басқаға құлшылық қылмаңдар, ата-аналарыңа жақсылық жасаңдар, жақындарыңа, жетімдерге қайырымды болыңдар…» деп уәделеріңді алған едік» (Бақара, 83).
Жетім-жесірге рақымсыздық адамды жамандықтың тұңғиығына батырар қасірет болса, оларға деген мейірімділік – Алла тағала алдындағы жақсы амал. Жаратқан Иеміз Құран Кәрімде: «Сенен адамдар мал-мүліктерін қалай жұмсауы керектігі жөнінде сұрайды. Сен айт: «Оны қалай жұмсасаңдар да еріктерің. Ата-аналарыңа ма, туысқандарыңа ма, жетімдерге ме, пақырларға ма, әлде мүсәпір-жолаушыға ма, бәрібір, әйтеуір жасаған қайырларыңды Құдай білмей қоймайды» де» дейді. (Бақара, 215).
Сонымен бірге, Алла тағала мұсылмандарға мұраны бөліскен кезде, айналасындағы мұрагер болып есептелмейтін жетімдерге де сол мұрадан үлес тиюі керек екендігін және тек ақшалай емес, олардың қайғы-қасіретін жеңілдетердей жақсы, жылы сөз айту қажеттігін ескертеді. Бұл жөнінде «Ниса» сүресінің 8-аятында: «Бөліс кезінде одан дәметіп басқа туыстары немесе жетімдер мен жоқ-жітіктер келе қалса, оларға да аздап қарайласыңдар, сонымен бірге (кішкентайлардың ақысын беталды шашуға болмайтынын айтып) жылы сөзбен жұбатып жіберіңдер», – дейді.
Бұл дүниеде жетім-жесірге қарайласқан, олардан өз көмегін аямаған жандар үшін Жаратқан Иеміздің рақымы ерекше екендігін пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) те өз хадистерінде талай мәрте айтып кеткен. «Алла алдындағы үйлердің жақсысы – жетімдерді құрмет тұтатын үйлер», – дейді ол.
Енді бір хадисінде: «Мінез-құлқыңның мінәйім, сыпайы болуын қалаймысың? Қаласаң, жетімдерге мейірімділік жаса, олардың басынан сипа, өзің ішетін тамағыңнан бөліс. Сонда ғана мінезің жұмсарып, мейірбан боласың», – деп тағылым айтады.
Егер әлдебір жетімде оның марқұм әкесінен немесе анасынан қалған мұра болса, Алла тағала ол мұраны басқа бір ар-ұждансыз адамдардың пайдалануына қатаң тыйым салған. Өмірде жетімдер мен жоқ-жітіктің де мүлкіне қол сұғанақтайтын тасжүрек жандар бар екен ғой!
Қорғансыздардың мұрасына қол созған сондай адамдарды анау дүниеде Алланың ауыр жазасы күтеді екен. Хақ тағала пайғамбарымызға (с.ғ.с.) түсірген Құран кітабында бұл жөнінде: «Жетімнің мал-мүлкін (балиғатқа толған шақта) өздеріне беріңдер, оның жақсысын өздеріңнің жамандарыңа ауыстырып алмаңдар. Олардың мал-мүлкін өздеріңдікіне қосып, меншіктеп кетпеңдер. Бұлай ету – шынында, зор күнә» (Ниса, 2), «Азғындық жасап, жетімнің ақысын жегендерің тамақ емес, шоқ жегенмен бірдей. (Қияметте) олар жанып тұрған отқа түседі» (Ниса, 10) деп ескертеді.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) жетімнің мал-мүлкін жеу тозаққа алып баратын үлкен күнәлардың бірі екенін өзінің хадистерінде айтқан. «Орасан зор апатқа жолықтыратын жеті түрлі күнәдан сақтаныңдар: Тәңірге шек (шүбә) келтіру, сиқырлықпен шұғылдану, біреуді нақақ өлтіру, өсімқорлық, жетімнің ақысын жеу, Отанын қорғау жолындағы соғыстан қашу, күйеуі бар, діндар, адал әйелдерді бұзылған, жеңіл мінезді деп қорлау», – дейді.
Пайғамбарымыз үгіт еткендей, Ислам қоғамы әлсіздердің, яғни әйелдер мен балалардың, жетім-жесір мен жоқ-жітіктің құқын бірінші кезекте қорғайтын қауым саналады. Жетімдердің мал-мүлкіне қол сұғу ғана емес, оларға теріс қарау мен абыройына тиер ауыр сөз айтуға да Исламда қатаң тыйым салынған.
Бұл жөнінде Құран кітабында: «Ендеше, жетім-жесірді қорлама. (Қайыршыны) дауыс көтеріп қума!» (Зуһа, 9-10) дейді. Ислам құндылықтарын бойына сіңірген, оларды берік құрметтейтін адамдардың қоғамында жетімдердің ешкімнен кем болмай, бәрімен тең дәрежеде өмір сүрері хақ.
Сондықтан да Ислам қоғамы жетімдерге қайырымдылық көрсетіп, оларға жетімхана үйлерін салуға немесе оларды асырап алатын отбасылар іздеуге міндетті. Шариғат заңдылықтары бойынша, Алла тағала мұсылмандарға жетімді ол аяғынан тұрып кеткенше, яғни өз-өзін асырай алатын халге жеткенше жан-жақты көмек көрсетіп, әке орнына әке, ана орнына ана болуға бұйырған. Алла Елшісі (с.ғ.с.) кімде-кім осыны істесе, оған жәннаттан орын бар екеніне уәде еткен. Мұнымен қоса, жоғарыда айтып өткеніміздей, ол адам жәннатта пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) бірге болады.
Осы жерде еліміздегі бала асырап алу мәселесіне де тоқталып кеткен жөн секілді. Әрине, балалар үйінде алған тәрбие мен отбасында алған тәрбиенің айырмашылығы айтарлықтай. Соңғы кездегі мәліметтерге сүйенсек, жетімханаларда тәрбиеленіп шыққан балалардың көбісі кейін әртүрлі қылмыстарға ұрынып, сотты боп жататын көрінеді. Бұған олардың кішкентайынан ананың ақылын, әкенің өсиетін көріп өспегендіктері себеп болса керек.
Балалар үйінде тәрбиеленіп шыққан қыз балалардың біразы өздерінің тапқан нәрестелерін де сол жетімханаларға әкеліп тастайды екен. Бәлкім, аналық жылуды көрмегесін, олардың өздерінде де аналық махаббат деген болмаған шығар. Сондықтан да жетімдердің толыққанды азамат болып өсіп шығулары үшін, бірінші кезекте жетімханаларға емес, оларды мейірімді ел азаматтарының асырап алулары мәселесіне көбірек көңіл аударғанымыз абзал сияқты.
Көрші Ресейде бала асырап алу бізге қарағанда анағұрлым жоғары деңгейде. Онда бала асыраған отбасыларға мемлекет тарапынан мыңдаған рубль қаражат бөлініп, көмек көрсетіледі екен. Ал, бізде жетімханалардан бала асырап алам деушілер жоқтың қасы дейді мамандар.
Есесіне, біз өзіміздің қаракөз ұл-қыздарымызды шетелге сатып әуреміз. Шекарадан әрі асқан қазақ сәбиі өзінің «қазақ» деген тегімен қоштасуы да ғажап емес. Ол сол кезден бастап өзінің ана тілі, төл мәдениеті, дәстүрі дегенді көрмейді, көрсе де елемейтін болады.
Бүгінгі таңдағы техникалық прогресс аяғын алшаң басып алға дамыған заманда, адамдар өзге түгіл, өз бауырын ұмытардай, тек баюдың жолдарын іздеп, кісінің дәрежесі мен өресі ақшамен өлшеніп жатқан уақытта Ислам діні сол адамдарға мейірімділік мен мейірбандық құндылықтарын ұғындыруға, жүректерін ізгілікке бұруға бір тынбай үндеп келеді. Егер осынау зәулім-зәулім ғимараттар соғып жатқан қаншама қалталы азаматтардың жетімдерге деген мейірімі өсіп, иманы оянар болса, онда әкесі мен шешесінен айырылған жас жеткіншектер өмірден қағажу көрмей, қайғысы жеңілдер еді.
Расында, жетімдерге қамқорлық жасау – рухани байлықтың, таза жүректіліктің белгісі. Мұндай рақымсыздық пен тас жүректіліктен ада, кеудесінде пәк махаббаты бар жандар біздің де қоғамға ауадай қажет-ақ. Өйткені, өмір болған соң, жетім-жесір болмай тұрмайтыны рас. Және ешкім де біздің сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сол жетімдердің бірі болғанын ұмытпаса екен дейміз.
Ескендір ТАСБОЛАТ