Сұрақ: Жеті атаны білу не үшін қажет?
Жауап: Жеті ата – ата жағынан текті таратудың нақты жүйесі. Даналығы – дүниеге келер ұрпақтың қанының тазалығы мен денінің саулығын сақтау. Жеті аталық ұстаным әрбір қазақтың, бүкіл халықтың құлағына күн сайын бабалары туралы тек жақсылықты құйып, рухани тектілікті дәріптеп, ұлттық таным орнықтырған. Қазақ дәстүрінде ата-бабасын жеті атасына дейін білу әрбір азамат үшін міндет. Әрбір қазақтың перзенті өзінен бастап жеті атасының нақты есімдерін кішкентайынан жаттап өседі. Жеті атасын білмеу ұят, ар-намыс деп білген. Осы арқылы өз халқының дәстүрін жалғастырып отырған.
Ататек атаулары: бала, әке, ата, арғы ата, баба, түп ата, тек ата. Жеті атаға толмай жақын-жуықтар бір-бірінен қыз алыспайды. Жеті атаға толғаннан кейінгі күннің өзінде рұқсат беру-бермеу мәселесінде ру ақсақалдарының пәтуасына жүгінген. Дінді фундаменталистік тұрғыдан ұстанатын азаматтар мұндай тектілікті Исламда болмаған деп дәстүрден безіп жүргені жасырын емес. Тексіздіктен Алла сақтасын!.
Халифа Омар (р.а.) қан тазалығына қатысты Саиб тайпасының өкілдеріне: «Уа, саибтықтар! Сендер дүниеге әлсіз ұрпақ алып келіп жатқандарыңды көріп тұрмын. Туысқаннан емес, алыстан некелесіңдер. Дүниеге әлсіз бала әкелмеңдер» деп ескерткен.
Икрам АЙТАЕВ