Түркістан облысында полицейлер құмды заңсыз өндірумен айналысқан қылмыстық топты анықтады. Олар мемлекетке 437 млн теңге көлемінде шығын келтірген.
Полицейлер Түркістан облысы Келес ауданы аумағында жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде заңсыз жер қойнауын пайдаланумен айналысқан адамдардың қызметін тоқтатты. Түркістан облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері пайдалы қазбаларды (қиыршық тасты) өз бетінше сатқан 4 күдіктіні ұстады.
Келтірілген залал – 437 миллион теңге.
Тәртіп сақшылары тінту кезінде күдіктілерден 1 экскаватор, 1 жүк тиегіш, 4 жүк көлігі және басқа да заттай дәлелдемелерді тауып, тәркілеп алды. Қазір осы факт бойынша қылмыстық іс қозғалды, – делінген полиция хабарламасында.
Аталған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау бойынша жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.