Ұстаздарымыз адам баласында негізінен үш түрлі көру қасиеті бар деп айтатын. Олар: көру, қарау, бақылау.
Мысалы, бір нәрсені, не бір ғимаратты көресіз де, ұмытып қаласыз. Ал дұрыстап қарасаңыз, ғимараттың үлкен не кішілігі, не әдемі құрылысы есте қалады. Ал бақылау көзімен қарасаңыз, ол ғимарат, мәселен діни оқу орны болса, ол жерде әдеттегі оқу орнынан айырмашылығы болатынын байқаймыз.
Сол сияқты үлкен қажылықта не умра қажылықта жүріп, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешітінде орналасқан Раузада намаз оқимыз. Рауза дегеніміз – жер бетіндегі жәннаттың бір бөлігі саналатын мекен. Әркім қажыға барғанда сол жерде намаз оқысам деп армандайтын жер. Расулулла (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Менің үйім мен мінберімнің арасы – жәннат бақшалыранан бір бақша…» деген (Мүслім).
Қазіргі ғалымдар есебі бойынша мешіт ішіндегі ерекше жасыл кілем төселген 26 метрлік жер соған жатады.
Атам қазақ: «Жақсыдан – шарапат, жаманнан – кесапат» деп айтқандай, осы 26 метр жерде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) және оның жәннатпен сүйіншілеген ардақты сахабалары намаз оқыған.
Ал бақылау көзімен қарасаңыз, неліктен сол жер жәннатқа айналды? Себебі жәннатқа лайықты адамдар сол жерде намаздарын көп оқыған соң, олардың тірі кезінде сол орын жәннат мекенге айналды ма екен деген ой келеді.
Ендеше, Абай атамыз: «Болмасаң да, ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деп айтқандай, әркім Алла алдында, адам алдында адал болып өмір сүрсе, жүрген жері жәннат мекенге айналуы ақиқат.
Алла баршамызға тура жолды нәсіп етіп, еліміздің жәннат мекенге айналуына жазсын!
Қуат ҚАБДОЛДА