Қызылорда облысындағы ЗК-169/1 мекемесі қызметкерлерінің қатысуымен «Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарас қалыптастырудағы руханилық және адамгершіліктің орны» тақырыбында іс-шара өтіп, оған «Төлен ата» мешітінің бас имамы Ғалымжан Бисембаев қатысты.
Дін қызметкері шариғаттағы жемқорлықтың үкімі жайлы тереңірек айтып түсіндірді.
– Ислам діні – жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жеке тұлға және ұжыммен бірлесе жүзеге асырған болатын. Шариғаттағы жемқорлықтың үкімі – харам. Яғни, үзілді-кесілді тыйым салынған. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) шын жүректен сыйлық беруді және алуды өсиет еткен. Алайда, мемлекет қызметкерлеріне сыйлықтар берілген жағдайда, қызметін асыра пайдалану мүмкін болғаны үшін құқық қорғаушы лауазымдағы азаматтарға сыйлық алуға тыйым салынған. Бұндай сыйлықтар, адал еңбектің артына жасырынған арам табыс деп бағаланғаны жайында риуаяттар кездеседі, – деді имам.
– Иә, сыбайлас жемқорлық белең алған мемлекет дамымайды, өркендемейді. Сол үшін мықты мемлекет пен бірлігі бекем ел болуымыз үшін адалдыққа талпынуымыз керек, сонда ғана өсеміз, дамимыз, – деді кездесуді қорытындылаған мекеме бастығының орынбасары, әділет майоры А. Битаев.