Халықаралық ұйым статистикасына сәйкес, бір жастағы балалардың үштен бірі қатыгездікке ұшырайды. Ал үлкендер тарапынан дөрекілік көрген 2-4 жастағы балдырғандар 50 пайызға жетеді. Балаларды ұрып-соғу арқылы тәрбиелеу көрсеткіші 5-9 жас аралығындағы балаларда 58 пайыз деңгейіне көтерілген. Халықаралық ұйым өкілдері жүргізген сауалдама нәтижесі көрсеткендей, ата-ананың 67 пайызы, яғни сұралғандардың үштен екісі баласына психологиялық та, физикалық та қысым жасағанын айтқан. Балалардың 62-79 пайызы әке-шешесінен ұдайы таяқ жейтіні анықталған.
Балаларды сүйіспеншілікпен тәрбиелеп, мейірімділік пен махаббат нұрын жаудыру әр ата-ананың міндеті. Бұл тұрғыдан Пайғамбарымыз (с.а.с.): Ол бірде балаларын еміреніп сүймейтінін айтқан бәдәуиге: «Алла Тағала жүрегіңдегі мейіріміңді алып қойған болса, мен не істейін енді?» – деп реніш білдірген. Себебі мейірімділікпен өскен бала да мейірімді болады және өскен кезде сол жылулықты әке-шешесіне төгетіні аян.
Тағы бір хадисінде Алла елшісі (с.а.у.) мешітте Хутба оқып тұрған сәтінде екі кішкене немересі Хасан мен Хусейн келеді. Үстеріндегі қызыл көйлекке аяқтары шалынып жүріп келе жатады. Ол екеуін көре салысымен ардақты пайғамбарымыз мінберден түседі де, екеуін көтеріп алып алдына отырғызып қояды. Сосын былай дейді: «Алла және оның елшісі рас айтты. Шындығында, мал-мүліктерің мен балаларың сендерге сынақ. Мен аяқтары көйлектеріне шалынып келе жатқан мына екі сәбиді көрісімен шыдай алмай сөзімді бөліп, ол екеуін көтеріп алдым»,-дейді (Сахих Мүслім: Китабуль Фазаил хадисінде). Яғни, дінде баланы ұру, оған зиян келтіру үлкен күнә болып есептеледі екен.
Ал балаға білім мен тәрбие берудің ұлы жолын көрсеткен Мағжан Жұмабаев «Педагогика» атты еңбегінде баланы ұрып-соғудың қасіретін айтқан.
– Баланы жазамен қорқыту еш дұрыс емес. Жазамен қорқытқанда бала бір нәрсені істегісі келіп істеп, болмаса істемегісі келіп істемейді емес, жазадан қорыққаннан ғана істейді не істемейді. Яғни бала өтірік айтуға, алдауға үйренеді.
Баланы ұру, соғу ісі – адамшылыққа ұнамайтын іс. Ұрылып, соғылып тәрбие қылынған бала жанының бар жақсы мінездерінен, ақылынан, есінен айырылып, миғұла болады. Өтірікші, алдаушы болады. Су жүрек, жасқаншақ болады. Ұру баланың денесіне де көп зиян келтіреді,-дейді.
«Бақытты отбасы» кеңес орталығының кеңесшісі педагог Елжас Ертайұлы ата-аналардың баласын жазалағанда үстіртін қарап, оның болашақтағы зардабын ойламайтындары туралы айтады.
– Ең басты себебі нәтижеге тез қол жеткізу мүмкіндігі секілді. Яғни балаға бір нәрсенің дұрыс емес екенін түсіндіріп отырғанша, айғайлай салсам немесе жазамен қорқытсам нәтижеге тезірек қол жеткіземіз деп ойлаймыз.
– Көзбояушы бір сәттік шешімдерге алданамыз. Баланы жазалаған кезде бала айтқанымызды істеп, «тәртіпті» болып жүреді. Баланың болашағын ойлаудың орнына сол сәттегі нәтижеге ғана көңіл бөлеміз.
–Ата-ананың әлсіздігі. Егер ата-ана өзі сезімтал тұрғыдан әлсіз болып, стресс пен депрессиядан көз аша алмай жүрген болса, онда ол баланы жазалауға, ашуын баладан алуға дайын тұрады.
-Ата-ананың білімсіздігі. Бұл жерде білімсіздіктің университетте алған білімімен еш қатысы жоқ. Яғни, ол магистратура бітірген өз саласы бойынша өте білімді жан болуы мүмкін. Дегенмен адамды тану, отбасы құндылығы және бала тәрбиесі туралы білімі болмаса және баланы жазалаған кезде балаға қандай зияны тиетінін білмесе, біз оны шартты түрде отбасы саласында «білімсіз» деп қабылдадық. Міне, осы білімсіздігіміз біздің баланы жазалауымызға себеп болады.
Педагогтің пікірінше, баланы ұрып-соғу, жазалау тәрбие тетігі емес. Ол ата-ананың әлсіздігі немесе білімсіздігі.
Мамандар ата-аналардан балаларын неліктен ұратындығы жөнінде сараптама жүргізгенде, көбісі өздерін ақтап алғылары келді. Статистикаға сүйенер болсақ, ата-аналардың 75 пайызы баланы тәрбиелік мақсатта ұруға болады деп есептейді екен. Мысалы ең көп айтылған сылтаулардың бірі:
«Бала кезімізде біз де таяқ жеп өстік, жақсы болмасақ, жаман болған жоқпыз. Керісінше, сол таяқтың арқасында адам болдық. Егер таяқ жеп өскен балада проблема болатын болса, бізде де болуы керек еді ғой. Өйткені біз өзіміз қазіргілерден әлдеқайда көп таяқ жеуші едік»,-дейді төрт баланың анасы.
Енді бір жас ана: «Осыны да жазалау, қысым көрсету деп тұрсыңдар ма? Мен оның ауырмайтын жұмсақ жерінен ақырын ғана ұрдым. Ұрған кезімде ауыртып алмауға барымды салдым»,-деп өзін ақтап алғысы келген ата-аналар болды.
Мұндай түсінігі саяз ата-аналардың іс-әрекетіне педагог баланы ұрған кездегі материалдық зақымдануды ғана ойлайтындарын айтады. Яғни, ұрған кезде зақымданатын жерді тек қана дене деп қабылдаймыз. Негізінде, таяқ жеген баланың денесіндегі жарасынан гөрі жанының жаралануына көбірек көңіл бөлуіміз керек екен. Өйткені негізі жараланатын баланың денесі емес, оның сезімдері екенін естен шығармағанымыз жөн.
Балалардың жан дүниесін зерттейтін психолог Анар Қырықбаева үлкен кісі балаға еш себепсіз қол көтермейтіні белгілі, оған сыртқы жағдайлар әсер етуі мүмкін екендігін айтады.
-Ата-ананың ұл-қызын ұрып-соғуға сырттай себептер де әсер етеді. Қызметіндегі келеңсіздіктер, әлеуметтік жағдайының төмендігі тәрізді өшін баладан алуға түрткі болатын жағдайлар аз емес.
Қазіргі кезде жалғызбасты аналардың баласына қол көтеру жағдайлары туралы жазылып жүр. Бұл арқасүйер азаматы жоқ әйел басына түскен жүкті көтере алмай, айналаға деген ызасы үшін баласына қол көтереді деген сөз. Бірақ үнемі соққы көріп, ер жеткенше үлкендердің айғайынан көз ашпау баланың денсаулығына да, ақыл-ойына да теріс әсер ететіні белгілі»,-деді.
Психологтың пікірінше, ата-анасынан таяқ жеп «тәрбиеленген» балалар іштегі қарсылығын кішкентайында білдіре алмағанымен, есейгенде ата-анасына қол көтермесе де, өзінен әлсіздерге күшін көрсетіп, өзін жаман қырынан көрсететін болады. Сондықтан, баланы ұрып, қорқытып тәрбиелеу – оның болашағына балта шабумен бірдей.
Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ