Негізінде фиқһ ғұламалары жатын бөлмеге Құран қоюға, ол бөлмеде жатуға тыйым жоқ екендігін айтқан. (әл – Фатауа әл – һиндия, 5 том, 322 бет)
Бірақ, әдеп бойынша мұсхафқа құрмет ретінде жатын бөлмеде, ерлі-зайыптылар бөлмесінде, мейлі шкафтың ішінде болсын Құран немесе діни кітаптар қоюды дұрыс санамайды.
Хадисте болмаса да, әдепке сай келмейді.
Шариғаттың ең білгірлерінің бірі болған имам әл-Шафиғи (Алла оған разы болсын) шәкірті Ахмед ибн Ханбалдың (Алла одан разы болсын) үйіне қонаққа барғанда, жатын бөлменің қабырғасында Құран ілініп тұрғанын көріп, аяғын созып, ұйықтамаған.
Таңертең шәкірті:
– Ұстаз, Құранды басқа жерге алып қойып, ұйықтамадыңыз ба? – деп сұрағанда, ол:
– Ол аманат нәрсе. Оны сен қойғансың. Үй иесі қойған нәрсені мен басқа жерге алып қоя алмаймын, – деп жауап береді. Яғни, Құранға құрмет көрсетіп, сол бөлмеде ұйықтамаған.
Сондықтан жатын бөлмеге немесе Құранды қорғайды деп бас жағына жастап қоюға болмайды. Басқа бөлмеге биік жерге қоюға болады. Ал аяқ жаққа қою үлкен әдепсіздік.
Негізінде, Құран жатталып, оқылып адамның көкірегінде, жүрегінде болуы керек.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың игілігі мен сәлемі оған болсын): “Кеудесінде Құраннан еш нәрсе болмаған адам қаңырап тұрған үйге ұқсайды” – деген. (Тирмизи)
Егер, адамның бір-ақ бөлмесі болып, басқа қоятын жері болмаса, асханаға биік жерге қоятын орын жасап, қою керек. Асханасы болмаса, кіретін жердегі дәлізде биік жерге қою керек.
Сондай-ақ ұялы телефон ішіндегі Құранды ашық қалдырмай, өшіріп қойған абзал.
Дұрысын Алла біледі.
Алла баршамызды Құранға құрмет көрсетіп жүретін қауымнан етсін!
Қуат ҚАБДОЛДА
Бұл сабақ өте керемет!!
Аллаһымыздың ризалығында болыңыз!!Әмиин!!