Әлемде экстремистік және террорлық ұйымдардың астыртын іс-әрекеті жекелеген мемлекеттерді ғана емес, әлемдік қоғамдастықты да алаңдатып отырғанын сарапшылар айтып келеді. Олардың қасірет әкелетін зұлымдық әрекеттерінен бірде-бір мемлекет өздерін сақтандыра алмайтыны тағы бар.
Биылғы жылдың (2022) қаңтар айында елімізде орын алған «қаңтар қасіреті» бәріміздің жанымызға батты. Бұқараның әлеуметтік талаптарынан басталған барлық өңірдегі бейбіт жиынның арты дүрбелеңге ұласып, тұрғындардың наразылығын лаңкестердің пайдаланып кеткенін сарапшылар тарапынан да айтылуды. Мұның радикалды жəне теріс пиғылды ағымдардың белсенді əрекеті екені жария болды. Ресми органдар елімізде болған қанды оқиғаны Қазақстанда тыйым салынған лаңкестік ұйымдар тарапынан жасалғанын мəлімдеді.
Тіпті Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев болған оқиғаны лаңкестердің зұлымдық əрекеті деп айыптады. Аталмыш оқиғадан 40 күн өткеннен кейін Мемлекет басшысы Хазірет Сұлтан мешітіне барып, қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған азаматтардың рухына құран бағыштау рәсіміне қатысып, кейін:
«Мемлекетіміздің тұтастығына, азаматтарымыздың қауіпсіздігіне, еліміздің болашағына қауіп төнді. Біз лаңкестерге дер кезінде тойтарыс беріп, бетін қайтардық» – деді.
Қайғылы оқиға туралы БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин гибридті лаңкестік шабуыл деп атады. Ол:
«Мен бұл оқиғаны гибридті терроризм деп атадым. Себебі бұл жерде лаңкестік әрекеттердің түрлі бағыттағы көрінісін байқадық. Қылмыс пен ақпараттық шабуыл, жаппай тәртіпсіздіктің куәсі болдық. Өкінішке қарай, қаруланған адамдар көп болды. Бұл оқиға 2016 жылы Ақтөбеде болған террактімен өте ұқсас. Ол кезде 25 адам лаңкестік шабуыл жасады. Олар алдымен қару-жарақ дүкенін басып алды. Содан соң әскери бөлімшеге тап берді. Кейіннен бірнеше топтарға бөлініп, 3 күн бойы қалаға қауіп төндірді» – деді.
Иә, елімізде лаңкестік әрекеттер бұған дейінде бірнеше мәрте орын алғаны бар. Халық 2011 жылы Тараз және Ақтөбеде, ал 2016 жылы Ақтөбе қаласында орын алған терактінің зардаптарын ұмыта алмай жүргенде, өткен айда орын алған лаңкесшілердің әрекеттері төбемізден жай түскендей болды. Әрине, мұндай қайғылы жағдайдың болуы – өте өкінішті, қаншама жазықсыз жандар жапа шекті, жақындарынан айрылды.
Лаңкестік ұйымдар қай уақытта болмасын құндылықтарды күйрете отырып, ішкі тұрақтылыққа қауіп төндіретіні сөзсіз. Олар дін атын жамылып қарапайым бұқараны тура жолынан жаңылдырып, аса қауіпті əрекеттерге ұрындырады.
Сарапшылар бұған дейін де БАҚ құралдарына берген сұхбаттарында әлемдік деңгейде өрістеп отырған терроризм қаупінен ешбір ел, оның ішінде Қазақстан да азат болып қала алмайтынын айтуда. Елімізде лаңкестік әрекеттердің алдын алу бағытында идеологиялық жұмыстар да, шұғыл шаралар жүргізілді. Әйткенмен ел ішінен лаңкестердің сойылын соққандар шықты. Оның үстіне бейбіт жатқан еліміздің ішкі тұрақтылығына мүдделі тараптардың қызықпауы да мүмкін емес. Жалпы лаңкесшілер бірсәтте пайда болмайды, белгілі уақыт ішінде қалыптасып, дайындықтан өтетін айтады сарапшыларымыз.
Ендігі жерде бақылауды күшейтуіміз керек. Бақылау болмаған жерде берекетсіздік орын алады, тіпті шектен тыс еркінсу пайда болады. Ата-ана өз баласын, мемлекет өз азаматтарын әрдайым бақылауда ұстауы керек. Бұл еліміздің, болашағымыздың, ұрпағымыздың амандығы мен есендігі үшін қажет.
Елдің кез келген азаматтары қаңтарда орын алған қайғылы оқиғадан сабақ алып, ел арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізуді жалғастыруымыз ләзім. Дұрыс діни сана қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет.
Тәуелсіздіктен құнды байлық жоқ
Ұлы Жаратушы «Ағраф» сүресінде: «Жер бетінде тыныштық орнағаннан кейін бүлік жасамаңдар», – деп қатаң ескерткен. Қай кездеде жазықсыз жандардың қаны төгілмеуі керек. «Бөлінгенді бөрі жейтінін» ескермей, ел ішіндегі бөлек топтар, ақырында оқ атып, бүлік жасады.
Дінімізде басшыға бағынып, бейбітшілік пен тыныштықты сақтаудың мәні зор. Бір үзім нан үшін босқынға айналған елдердің өмірінен сабақ алсақ, ел тыныштығы мен тәуелсіздігімізден құнды байлық жоқ екеніне көзіміз жете түседі.
Құран Кәрімде Алла Тағала: «…Бір-біріңе игілікте әрі тақуалықта көмектесіңдер, күнәда және дұшпандықта жәрдемші болмаңдар. Құдайдан қорқыңдар…» – деп әмір етеді («Маида» сүресі, 2-аят). «Мұсылман қоғамынан бір қарыс болса да бөлінушілікке түскен кісі – мойнындағы ислам жібін үзгенмен тең», – деп айтылған хадисті ескермей, әлдебіреулердің сол исламның жібін үзіп, дінге жат әрекетке ортақтақтасулары – мұсылмандықпен еш қабыспайтын жат қылық.
Дәл қазіргі таңда бізге керегі – ел ішіне лаң салып жүргендерді лайықты жазалап, жат пиғылдыларды тізгіндеу.
Қай уақытта болсын қоғамнан, жамағаттан бөлінушілік жақсылыққа апармайды, Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл ақиқатты он төрт ғасыр бұрын: «Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өте қатты сақ болыңдар. Себебі, шайтан жеке дара өмір сүрген кісіге жақын болады. Бірге болған екі адамнан алыс тұрады. Кімде-кім жәннаттың қақ ортасында өмір сүргісі келсе, көпшілікпен бірге болуға мән берсін» деген екен.
Қиын-қыстау күндерде де бірлікті ұстанған халқымыз тура жолдан жаңылмай, татулықты ту етіп, мамыражай өмір сүруді армандаған. Ашаршылықтың ащы дәмін татқан бабаларымыз тәуелсіз ел болу үшін басын бәйгеге тіккен. Ендеше, бабалар аманатына адал болып, Тәуелсіздіктің тұғырын төмендетпей, ел ынтымағының одан әрі нығаюына өз үлесімізді қоса жүрейік, ағайын!
Тұрар ӘБУОВ