Сұрақ: Жат діни идеология дегенді қалай түсінеміз?
Жауап: Негізінде «жат діни идеология» деген атаумен аталатын бір белгілі, шектеулі ағым жоқ. Мысалы, «Ислам», «Буддизм», «Иудаизм» және сол сияқты т.б. діндердің нақты атаулары бар. Біз бұл атауларды естіген уақытта оның нақты қандай дін екенін түсініп, олардың негізгі ұстанымдарын, канондарын елестете аламыз.
Ал енді «жат діни идеология» деп біз көптеген түрлі теріс пиғылды, радикалды мазмұндағы діни ағымдарды атай береміз. Бірақ жат діни идеологиялардың барлығына ортақ жалпы белгілері бар. Егер сол белгілерін тани алсақ, онда алдымыздағы миссионердің уағыздалып жатқан діннің қандай діни идеология екенін ажыратуға болады. Ол үшін арнайы білім алған дінтанушы болуың шарт емес. Бар болғаны төменде айтылған жат идеологияларға ортақ белгілерге мән берсек болғаны. Сонымен, жат діни идеология немесе радикалды діни ұйымдар мен бірлестіктерге, секталарға тән ортақ белгілер мынадай болып келеді:
Жат діни идеологиялардың барлығы да алғашқы кезде адамға жылы күліп, гуманистік, ізгілік, адамгершілік ойларды көп айтып, сырт көзге жақсы көрінуге тырысады. Бұл бар болғаны азаматтардың басын айналдырып, өз қатарларына тарту үшін пайдаланатын бүркенішті реңк екенін естен шығармаған жөн. Айласын асырып, көздеген адамын өз қатарына қосқан соң, оған «өзіміз» деп басқа идеология құя бастайды. Оны қасындағы ағайын-туысынан, ата-анасынан, жора-жолдастарынан айырып, керек болса өмірлік жарынан ажыратып, өздерімен пікірлерес топқа, жамағатқа қосады.
Келешекте өздеріне басымен тәуелді ету мақсатында оны өз араларынан бірімен үйлендіреді. Міне, мұнан соң жат ағымның жетегінде кеткен азамат, тек сол ағымның идеологиясы үшін өмір сүріп, сол үшін күреседі. Оған жан-жағындағы өмір, қоғам қызық емес. Оны мемлекеттің мүддесі, ұлтаралық қатынас, конфессияаралық бірлік, жер байлығы, патриотизм, Отан алдындағы борыш, ата-ана алдындағы міндет, дәстүр деген сияқты көптеген маңызды дүниелер құндылығын жоғалтады. Мұнан соң ол сол жат діни ұйым немесе ағым үшін жұмыс жасайды.
Сөйтіп, тыныш әрі бейбіт өмір сүріп жатқан елдің ішіне ірітік салуға кіріседі. Діни ұйымға немесе бірлестікке, жамағатқа мүше болып кірген азаматтар үшін қоғам бұдан былай «біз» және «басқалар» болып шыға келеді. «Біз» дегені өзімен пікірлес ұйым мүшелері, ал «басқалар» дегені сіз бен біз, яғни олардың идеологиясын қолдамайтын қазақ елінің азаматтары. Сондықтан олар мемлекет идеологиясына, бірлік саясатына қарсы. Кешеге дейін қазақ елінің жерінде өсіп-өніп, білім алып, кәсіп қылып, асын ішіп, нанын жеп келген азамат бүгінде жат елдің, теріс ағымның күйін күйттеп шыға келеді.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ