2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң қабылданғалы бері елімізде дін саласында талап күшейді. Деструктивті діни ағым өкілдері бұрынғыдай кітаптарын шығарып, көшеде емін-еркін тарата алмайды. Дінтану сараптамасынан өтпеген әдебиеттер сатылмайды. Дін қызметкері ретінде тіркелмеген адамның уағыз-насихат айтуына тыйым салынған.
Осы қатаң талаптардың қолданысқа енуі пиғылы теріс ағым өкілдерін өз қызметтерін толықтай виртуалды әлемде жүргізуге ықпал етті. Интернет – шекарасыз кеңістік, жат идеологияны насихаттаған топтардың әрекетіне түпкілікті тыйым салу қиын. Бұл қолына смартфон ұстаған әрбір азаматтың теріс діни ағым идеологиясына улану ықтималдығын жоққа шығармайды.
Одан қалай сақтанамыз? Ең алдымен әрбір ата-ана өз баласының телефонда қандай сайттарға кіретінін, кіммен сөйлесетінін үнемі бақылауда ұстауы қажет. Екіншіден әлеуметтік желіде алдыңыздан діни сипаты бар видео шыға қалса, ең алдымен оның қандай сайтта немесе парақшада жарияланғанына назар аудару керек. Егер күмәнді болса, мұндай ресурстардың контентін мүлдем тыңдамаған дұрыс.
Ең бастысы діни мәліметті тек сенімді мемлекеттік органдардың және діни басқармаға қарасты мешіттердің сайттарынан ғана алуға, уағыз-насихатты мешітте ғана тыңдауға кеңес береміз. Жат тағымнан сақтану өз қолыңызда!
Тұрар ӘБУОВ