Сұрақ: Дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту радикалды идеологияның алдын алуға септігін тигізе ме?
Жауап: Әрине. Баршаға белгілі, діни радикализмнің алдын алуда маңызды тетіктердің бірі – дін мен дәстүр үнқатысуы және оның жемісі болып табылатын рухани құндылықтар әлеуеті.
Дәстүрлі құндылықтардың әлсіреп, рухани жұтаңданудың күшеюі, діни сауаттың төмендігі радикалды идеологияның таралуына түрткі болатын басты фактор. Басқа халықтарға тән дүниетанымды қазаққа таңу арқылы ұлттық дәстүрлерге деген көзқарасты өзгерту, оның даналық ғибраты мен даралық сипатын жоққа шығару, жат дүниетанымның көшірмесі етіп көрсету радикалды идеология өкілдерінің негізгі құралы болып отыр. Осындай әрекеттер арқылы ұлттың рухани-мәдени қорғаныс қабілетін әлсіретіп, қолдан жасалған құндылықтарды орнықтыруға талпыныс жасалуда.
Радикалды ағымдардың басты шабуылы дін мен дәстүр бірлігіне, сол бірліктен туындаған дәстүрлі рухани құндылықтарға бағытталып отыр. Сондықтан радикалды идеологияның алдын алу жұмыстарының ең белсендісі әрі ықпалдысы дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту болмақ.
Бұл орайда ұлт бойындағы жоғалмаған рухани әлеуетті пайдалана білудің маңызы зор. Жан тазалығына, ар тазалығына негізделген, сыртқы көріністегі емес, жүректегі иманды қасиет тұтқан ұлттық рухани құндылықтарымызға оралу, оларды кеңінен насихаттау арқылы радикалды идеологияның таралуына тосқауыл қоюға болады деп санаймын.
Балғабек МЫРЗАЕВ