Елдің амандығы мен тыныштығы бәрінен қымбат. Сол себепті бүгінгі діни ахуал ең күрделі мәселелерді алдыңғы қатарға алып шықты. Ел болып қалыптасып, бағыт-бағдарын түзеген мемлекет үшін дін мәселесі де өзекті.
Қазақ халқының ұлт болып қалыптасу жолындағы қатпарлар осы құндылықтармен тікелей байланысты. «Жау жоқ деме, жар астында» деп ұлтты қауіптен сақтандырып, ел ішіне білдірмей сызат түсіретін іздерді тұспалдаған ізгілердің сөзіне құлақ ассақ, «сауысқаннан сақ болу керек!».
Біздің еліміз бір күнде мемлекет болып құрылған жоқ. Ғасырлар бойы ұлт болып сақталып қалу үшін аянбай күресті. Елдің ішкі бірлігіне іріткі салуды көздейтін жат ағым өкілдері осы ұлттық құндылықтарымыз бен діни танымымызды жоққа шығаруға ұмтылды.
«Қазақ дінсіз болған» деген сынды шала түсініктегілер елімізді ислам дініне енді тәй-тәй басқан баладай көрсеткісі келді. Ал шындығында қазақ дәстүрінің өзі дінмен сабақтасып жатыр.
Туғаннан өлгенге дейін атқарылатын салт-дәстүрлерде мұсылманшылықтың ізі бар. Дәстүр дегеніміз – елімізде қалыптасқан діни тәжірибелер тізбегі және біздің өмір сүру салтымыз. Бүгінде қазақтың дәстүрін жоққа шығарып, ел ішіне ылаң салып жүргендер бар.
Солардың бірі – сәләфилік идеология. Бұл ағым өкілдері алғаш елімізде қайырымдылық қорларын аша бастады. Кейін діни сауат ашу курстарын ашып, жас буынның санасын улады. Діни білім алу мақсатында шет елге барғандар осы тұзаққа ілінді. Сол жастар елге оралған соң әлдебір діни ағымның ұстанымдарын насихаттауға көшті.
Өзін мұсылман, өзгені кәпір санайтындар осы кезде шықты. Бұл ағым өкілдері әһлу сүннет жолын ұстанушы төрт мәзһабты мойындамайды, десе де өздерін «сүннет жолымен жүретін сәләфпыз» деп есептейді.
Намаз оқымаған ата-анасынан, бауырынан безіп, мәзһаб ұстануды адасушылық деп көрсетті.
Мұхаммед пайғамбар: «Шын мәнінде менен кейін өмір сүргендер көптеген қайшылықтар (ихтилаф) көреді, сондықтан менің және тура жолмен жүретін әділетті халифалардың сүннетін ұстаныңдар және бидғаттан сақтаныңдар. Себебі, әрбір бидғат – адасу» дей келе, «Менің үмметім жетпіс үш ағымға бөлінеді», – деп айтқан. Бүгінде сәләфилік бағытты ұстанушылардың өзі бірнеше ағымдарға бөлінген.
Елімізде әлемді алаңдатқан коронавирус инфекциясына байланысты төтенше жағдай мерзімі енгізілген уақытта да ара-тұра келеңсіз оқиғалар орын алды. Еліміздің ішкі тәртібіне бағынғысы келмеген қандай да бір топтың бар екені байқалды.
Олар өздерінше «Біз мемлекет басшысына бағынамыз. Қарсы шықпаймыз» деп айтқанымен, іс-әрекеттерінен тыныштықты бұзу фактілерін көруге болады. Осы ретте қарсы әрекет жасаушылардың салафиттер екендігі анықталып отыр. Ұрлық, тонау, төтенше жағдай мерзімінде саунаға барып тәртіп бұзғандардың мемлекет тәртібіне бағынбауынан теріс көзқарастары байқалды.
Жыл басында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков «Салафизмге, нақтырақ айтқан псевдосалафизмге тыйым салу туралы мәселені зерттедік. Қоғам да талқылауда. Бірақ, біз әлі қарастырмадық. Бұл – террористік ұйым емес, идеология. Мысалы, «Хизб ут-Тахрир» немесе «Таблиғи жамағат» – өз орталықтары, құрылымы бар қалыптасқан ұйым. Ал салафизм – тек дінге деген көзқарас, бөлек ағым», – деген болатын.
Жалпы экстремистік «удан» қалай құтыламыз? Ең бірінші ойымызға келетіні – тыйым салу. Қазақстан бүгінде 20-дан астам экстремистік ұйымдарға тыйым салды. Ал салафизмге тыйым салу мәселесі мамандар тарапынан жыл сайын көтеріледі. Бір кездері дін саласына қатысты заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу арқылы деструктивті идеологияға тыйым салынатын болған-ды…
Исламтанушылар мен дінтанушылардың көзқарасы бойынша: салафизм – өте қауіпті ағым және оған тыйым салу керек деп есептейді. Елімізде жат ағым жетегінде кеткен азаматтарды оңалту жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді. Бірақ нәтижесі көңіл көншітпейді. Себебі қоғамда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының беделі артып, мемлекет дін мәселелерінде нақты ұстаным бекітпейінше, бұл жұмыстар нәтижесіз, соңы тиімсіз болып қала береді.
Қазақстанға радикалды идеологияға тыйым салатын заңнамалық құжат қабылдау керек. Жыл сайын дін атын жамылып, ауыр қылмыс жасаушылардың қатары көбеймесе, азаяр емес. Бір ғана Ақтөбе облысында 2019 жылы 57 қылмыс тіркеліпті. Түркістан облысында салафизм ағымы өкілдерінің қатысуымен 34 қылмыстық іс тіркелген. Салафмзмге қатысты мұндай келеңсіздіктерді барлық өңірлерден байқауға болады.
Дәл осы негізде деструктивті діни ағым мүшелері діни алауыздықты қоздыру мәселелері бойынша да көзге түсуде.
Қазақстан лаңкестік оқиғаларға жол бермеу үшін дәстүрлі емес діни ағымдарға тоқтау салғаны дұрыс. Олардың әрекетіне тосқауыл болатын заңнамалық құжаттар қабылданса, жұмыс та нәтижелі болмақ. Себебі мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіретін тұтас идеология елдің бірлігіне нұқсан келтіруі әбден мүмкін. Елді дәстүрінен алыстатып, дінінен бездіретін көзқарасқа таңылғандардың түпкі мақсаты жақсылыққа апармайды.
Пиғылы бөтен ағымдағылар өздерін еліміздегі өзге мұсылмандардан ерекше сезінеді. Олар өздерін исламды шынайы насихаттаушылар, дінді ең дұрыс үлгіде ұстанушылармыз деп есептейді.
Діни санасы толық қалыптаспаған жастар жат ағымдағылардың бет-бейнесін тани алмайды. Не айтса да илану, сену, ілесу арқылы салафизм идеологиясының құрығына ілінеді. Санасы уланған жас өзгелердің айтқан сөзіне құлақ аспай, имамның уағызын тыңдаудан қалады.
Оларды райынан қайтара алмауымыздың басты себебі – санасына «бас тартуға болмайтын шешім» қабылдап қойғандығы.
Біржақты шешім қабылдаудың нәтижесінде олар мұсылман жамағатын екі бөлікке бөліп отыр. Әуелгі топ – салафизм, ақиқатты бір өзі біліп, бір өзі ұстанады. Екінші топ – бидғатшылар, яғни олар ақиқаттан жырақ, адасушылық жолындағылар деп есептейді. Олар өздерін ислам әлеміндегі түрлі халықтың этномәдени, тарихи және өзге де ерекшеліктеріне негізделген барлық «жат», «кірме» түсініктер мен тәжірибелерден тазарту жолында күрес жүргізуді өздеріне міндеттеп қойған.
Салафизм ағымы исламдағы барлық жаңалықтан бас тарту мен әуелгі догмаларға қайта оралып, оның қатаң түрде, дәлме-дәл орындалуын талап етеді. Олар үшін дамудың кез келген түріне жол жоқ. Тіпті, жиһад ұғымын қарулы күрес ретінде біржақты ғана ашықтайды.
Сондай-ақ, олар бұл күресті барлық мұсылмандардың өмір сүруінің жалғыз, әрі шынайы формасы ретінде қоғамға таңып қояды.
Міне, салафизм ағымының ұстанымы. Шәкәрім осындайларға «жындылық» дегеннен басқа баға бермеген екен ғой.
Ал, Қазақстан мен Орталық Азия мемлекеттері үшін исламның дәстүрлі формасы – Ханафи мәзһабы қандай жол?! Ханафи мәзһабы – қоршаған әлемді интеллектуалдық тұрғыда қабылдауды бағдар еткен жол. Мәдениет пен ғылымның қазынасына қомақты үлес қосқан ғалымдардың жолы. Дәстүрлі ханафи мәзһабы – білім мен ғылымға, рухани кемелденуге тәрбиелейтін ұлылардың жолы.
Деструктивті діни ағымдарға көбінесе жастар арбалады. Қоғам әлі де олардың зиянды ағым екенін түсіне алмай отыр. Осының салдарынан жастарды туралыққа бастау мен жат ағым жетегінен арашалау жұмыстары кешеуілдеп отыр. Енжарлық басым. Жат ағымдармен күресу үшін ел болып сап түзеу керек. Сонда ғана өз бірлігімізді сақтай аламыз.
Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ,
дінтанушы