ХХІ ғасыр ақпараттар толқынына толған заман болып тұр. Бүгіндегі өзгерістер мен трендтердің бәрі медиа арқылы қалыптасуда. Оның ішінде білік-дағдыны дамытатын адамға пайдалы немесе, керісінше, зиянын тигізетін ақпараттар да бар. Әсіресе, деструктивті топтардың ақпарат тұзағына ілінбеуді ойлаған ләзім. Адасып кету оңай, бірақ адаспаудың жолдары өте көп.
Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы осы тұрғыдан азаматтарымыздың медиа сауаттылығын көтеруді көздеп, олардың сыни тұрғысынан ойлауын дамытуға байланысты көптеген дәрістер, түрлі шаралар ұйымдастыруда. Яғни, сансыз ақпаратты қабылдау және оны әрі қарай сынға салу мәселесі бар.
Міне осы тұрғыда кемшін түсетін жағдайлар көп. Бұл азаматтарымыз аса ескеретін факторлар. Сондықтан жоғарыда аталмыш басқарманың көпшілік білуге тиіс бірқатар ескертпелерін атап өтуді жөн санадық. Бұл ескертпелер дінге келгісі келетін жандардың адаспай, дұрыс жолға, шынайы исламды таңдауына көп көмегін тигізеді деген сенім мол.
«Деструктивті ағымдар қоғамдық қауіпсіздікке, отбасылық құндылықтарға, адам денсаулығына қатер төндіреді.
Жат ағымдар қазақ ұлты мен Қазақстанда тұратын барлық этностардың ұлттық құндылықтарын, салт-дәстүрлерін, мәдениетін жоққа шығарады.
Кез келген мемлекеттік мерекелерді атап өту, ұлыстың ұлы күнін тойлау, беташар, сәлем салу, сондай-ақ ата-баба әруақтарына құран бағыштау секілді салттарымызды мойындамайды.
Зайырлы мемлекетке және зайырлы өмір сүру салттарына барынша қарсылық танытады.
Мемлекеттік рәміздерді және түрлі мерекелерді құрметтемейді.
Қазақстандағы көпшілік ұстанатын Ханафи мәзһабын жоққа шығарады.
Орта Азияда және мұсылман әлемінің басқа аймақтарында орныққан діни мектептерді ешқашан құптамайды.
Дәстүрлі исламды ұстанған мұсылмандарды күпірлік жасайды деп айыптайды. Өзге де дәстүрлі діндердің өкілдері мен дін ұстанбайтын адамдарға түсіністікпен қарай алмайды.
Замануи мәдениет пен музыка, балет, бейнелеу секілді және басқа да өнер түрлеріне өшпенділік танытады.
Олар әскерде қызмет ету, орта білім алу секілді мемлекет бекіткен міндеттерден бас тартады.
Медициналық ем-шаралардың: қан құю, вакцинация, ағза мүшелерін трансплантациялау, т.б. түрлеріне түбегейлі қарсы шығады.
Білім мекемелерінде биология, дене шынықтыру, ән-күй, сурет салу сияқты пәндерге қатыспауға шақырады».
Міне, жоғарыда атап өткен ескертпелер видеоролик ретінде дайындалып, әлеуметтік желілерде жарияланып, интернетте таралуда.
Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының «Din_almaty» инстаграм парақшасында да бұл роликті кездестіресіз. Ең бастысы ондағы айтылған, ескертілген дүниелерге мән беріп, маңыз қойғаныңыз абзал. Немқұрайдылықтан көптеген зиян шегудеміз.
Деструктивті жат ағымдардың негізгі белгілері осылар. Біз осылай көрсеткенімізбен, олар өздерін біз сияқты бағаламайды. Керісінше, олар өз діндеріне, өз ілімдеріне сенімді және оны берік түрде насихаттайды.
Психологтарда неофит деген термин бар. Яғни, олар әлемді өзгерткісі келеді. Олар жоғарыда айтқан құндылықтарды, салт-дәстүр, мемлекеттік қағидаларды жоюға бағытталған. Радикализмге, экстремизмге итермелейді. Осы жерде бір айта кететін жайт, бұл тек қана исламдық дінмен ғана байланыспайды, тек исламға ғана тиесілі емес. Мұндай деструктивті сипатта жаңа протестанттық, жаңа шығыстық ағымдар болуы мүмкін. Сондай-ақ, деструктивтік әрекеттерімен көзге түспеген ағымдар да болуы ықтимал. Қай-қайсының да көздеген белгілі мақсаттары бар. Ол қаржылық мақсат болуы мүмкін. Ол геосаяси мақсат болуы мүмкін. Тіпті идеологиялық мақсат та болуы мүмкін.
Деструктивті топтардың тағы бір айрықша белгісі индивидтік қамту белгісі. Индивидті толық торға түсіру деп айтуға болады. Бұл адамның өмірін толық қамтып, діни ілімін ақиқаттық деңгейінен емес, оған мүше адамдардың қоршаған әлеуметтік ортадан оқшаулануы мен жетекшілік еткен идеологына көзсіз бағынуынан көрінеді. Бұлай сипатталуының себебі, оқшауланған адам ішкі жан-дүниесінде психологиялық күйзелісті басынан кешеді. Ол депрессия сияқты басқа да күйзеліс жағдайларына түседі. Деструктивті діни ағымдардың ықпалына түскен жастар, әдетте, оқшаулануға бейім тұрады. Оқшауланудың өзі олардың ауытқуы десек болады. Оқшау адам әдетте қоғамға өкпелі болады. Қоғам тарапынан оны ешкім түсінбейтіндей көрінеді. Ішкі жан дүниесіндегі әлеуметтік өкпе-реніш өрши түседі. Барлық нәрсені ақ-қара деп бөледі. Біздікі және жаулар. Міне, осылай шолақ ойлап, келте түсінеді. Оның соңы зардап шегеді, қиындық көреді.
Бұл жай айтыла салған сөз емес, ғалымдар анықтап, мамандар зерттеп берген тұжырым. Яғни, деструктивті ағымдардың, псевдо дін көшбасшыларының соңынан ерудің қате екенін көрсетті. Егер дінге қызығушылығыңыз оянды ма, ресми ақпараттарға жүгініңіз. Әр өңірде, орталықтарда сарапшылар бар. Жарияланған фотопосттар, видеороликтер, уағыздардың бәрін зерттеп, зерделеп береді. Мемлекет тарапынан бұл жолға қойылған. Сондықтан сақ болайық! Сақтанайық!
Еділ АНЫҚБАЙ