Аууамұлы Зұбайыр (р.а.): «Шамаң келсе ізгі амалдарыңның бірін құпия сақта» деген екен.
Барлық ізгі амалды құпия сақтау мүмкін емес. Десе де, адам баласы білмейтін бір жасырын жақсылық болғаны абзал екенін айтқан. Саңлақ сахабаның бұл сөзі жақсылық жасаудан да жоғары тұратын деңгейге жетелейді. Жақсылықты ет бауыр жақыныңа жасағандай етіп жасау. Хақ Тағала көріп тұр деген ықыласпен жасау. Мұндай бек сенімдегі адам кісі баласына мақтануды мұрат етпейді. Жұрттың алғысын күтпейді. Жақсылығы шынайы ықыластан бастау алады.
Ықылас арабшада ешбір қоспасы жоқ деген сөз. Яғни, ниетінде Алла разылығынан басқа ешбір ойды, мүддені мақсат етпейді дегенге саяды. Бұл сахабалар мен табиғиндерге ортақ қасиет болатын. Олардың әрқайсысында тіпті, Құдай қосқан қосағы да білмейтін жарысын жақсылығы не құлшылығы болатын.
Хазрет Зұбайырдың (р.а.) бұл сөзін шама-шарқымызға қарай маңызды қағида ретінде ұстануға әрекет етсек құба-құп. Ол жасырын жақсылық түнгі тахажжуд намазы, жасырын садақа, көршілерге көмек және басқа да ізгі амал болуы мүмкін. Ізгі амалды үлкен-кіші деп бөлуге болмайды. Бастысы шынайы ықыласпен жасау.
Имам Шафиғидің: «Шіркін, мендегі бар ілімді жұрт пайдаланса, бірақ менен алғанын білмей-ақ қойса» деген сөзі жоғарыдағы сахаба ойының бір қырын аша түседі. Хадис ғалымы һәм мазхаб негізін қалаушы Ахмад бин Ханбал (р.а.) табиғин Ибн Мубарак жайлы әңгіме болғанда:
«Ол кісіні Алла Тағала бір жасырын жақсылығы үшін абыройлы да мәртебелі еткен»,-деп айтуы да сондықтан.
Руслан ҚАМБАР