Сирия мен Ирак жеріндегі «Ислам халифатын» құрмақшы болған діни-саяси құрылымдардың жеңіліс тауып, өз мақсаттарына жете алмай басқа амал мен айлаларды іздестіріп жатқаны немесе террордың басқа да формаларына көшкені белгілі.
Солардың бірі Таяу Шығыстағы «ДАИШ» және де тағы да басқа террористік ұйымдар өздерінің «әлемдік жиһад» идеяларын басқа локацияларға көшіруі. Мәселен Ауғанстан жері мен Орта Азия, Вазаристан, Африка елдеріндегі террорлық белсенділікті ерекше атап көрсетуге болады және де Еуропаның кей мемлекеттеріндегі жасырын террористік ұяшықтардың әлсін-әлсін белсенділік танытуы мен террорлық актілер ұйымдастыруға деген талпыныстарынан бұл құбылысты байқауға болады.
Батыс Еуропаның кей жерлерінде ұйымдастырылған экстремистік оқиғаларға жауап ретінде Еуроодақ мемлекеттері Ирак пен Сирия, бүгіндегі Африка елдерінің аумағындағы қарулы жихадистерге қарсы соққы бергеннен кейін, кәрі құрлықтың мұсылман көпшілігі өмір сүретін мемлекеттерінде террористік қаупі қайта өсіп отыр.
Жасырын «ұяшықтар»
ДАИШ толықтай жеңіліске ұшырады деп айтуға әлі де ерте, себебі, бұл террористік ұйымның ұяшықтары Ауғанстан мен Ливия, Азия мен Синай түбегінде өз желілерін ұйымдастыру үстінде. Көптеген көшбасшылары әлі де тірі. ДАИШ ұйымы 1998 жылдан бері Иордания жерінен бастау алып, бүгінге дейін өздерінің террорлық белсенділігін жалғап келеді, бұл дегеніміз террористік қозғалыстың орын алған жағдайларға жақсы бейімделетінінің белгісі.
Олардың «Ислам Халифатын» құру идеялары күйреуге ұшырап жатқанымен, сол бейімделудің арқасында әртүрлі жерлердегі «топтық» жасырын желіге айналып жатыр деуге толық негіз бар.
Бұл жасырын террорлық ұяшықтарың басым көпшілігі Еуропада тұрақталған. Еуро полицияның (Еуропол) мәліметтері бойынша 30 мыңнан астам адам жасырын террористік ұйымдардың тізімінде бар. Еурополдың басшысы Роб Уайнрайт: «Соңғы жылдары кәрі құрлықта жасырын ұяшықтардың қызметтері өте белсенді деңгейде, соған байланысты Еуропаны террористік қауіп-қатердің жаңа толқыны күтіп тұрғандай», – деді. Бұған дәлел ретінде бірнеше мемлекеттің қауіпсіздік қызметтерінің мәлімделері болып отыр.
Үйден шыққан террорист
Терроризм мен толқуларды зерттеулер институты (Terrorism and Insurgency Center, JTIC) сарапшыларының зерттеу қорытындылары бойынша, 2017-2018 жылдары аралығында қарулы қақтығыстар болып жатқан Сирия мен Ирак аймағынан «оралған террористердің» дүмпуі болады деп күтілгенмен, оралып жатқандар саны төмен. Алайда, келіп жатқандар бар және де олар өте мықты әскери дайындықтан өткен. Жарылғыш заттар мен қару-жарақтың түр-түрін меңгерген, бомбалармен жасақталған автокөліктер мен пилотсыз ұшқыш аппараттарды басқаруды да біледі.
Ал негізгі қауіп-қатер «үй жағдайында дайындалған террористерден» болып отыр, яғни ғаламтор желісі арқылы арнайы нұсқаулармен террорлық іс-әрекеттерге баратын адамдар тобы. Олардың көбі өздерін «таза мұсылманбыз» деп санайды, еуропалық паспорттары бар, екінші немесе үшінші толқындағы эмигранттардың ұрпақтары. Радикалдануның себебі әлеуметтік жағдайларының төмендігі мен қанды оқиғалардың құрбаны болған жақындарына деген сезімдерден пайда болған. Бельгиялық «Эгмонт корольдік халықаралық қатынастарды зертеу» орталығының 2018 жылдың наурыз айында шығарған баяндамасына қарайтын болсақ, 2017 жылы Батыс Еуропада болған 16 теракт пен 30-дан астам алды алынған террорлық актілердің барлығы осы «үй жағдайында дайындалғандардың» көмегімен ұйымдастырылған.
Мәселен, Ресейдің Қазан қаласындағы болған террорлық актіні де жасаған, осындай үй жағдайында арнайы дайындалған жалғыздың әрекеті деп бағалауға болады.
Клод Моникенің: «Еуропадағы ДАИШ ұйымдастырған ең алғашқы терактіден бастап екі негізгі бағытты көреміз», – дейді. 2015 жылғы Париждегі, Сен-Денидегі теракт, 2016 жылғы Брюссельдің аэропортындағы терактілердің барлығы шет елдік содырлардың, яғни Сирия жерлерінде арнайы дайындықтан өткен азаматтардың ұйымдастырғаны болса, Барселонадағы фургон, Ницца қаласындағы бульдозермен, Лондон мен Копенгагендегі шабуылдар Еуропаның азаматтары іске асырған болатын. Бұл өте маңызды жәйт, себебі, Сирия мен Ирактағы содырлар қайтуға қатты құлқылары жоқ, алайда бізге қиындық тудырып отырған «үй жағдайында» ғаламтор арқылы нұсқаулар алып отырған потенциалды террористер.
Ешқандай қаржы керек емес
«Үйден шыққан» террористердің арасында белең алған тағы бір құбылыстардың бірі, оларға ешқандай да қаржы мен қарудың керек еместігі. Яғни, жарылғыш заттардың, қару-жарақтың орнына жәй ғана үлкен габаритті автокөліктердің өзі ғана жеткілікті. Мұндай терактілерді ұйымдастыру үшін тек қана жергілікті мешіт, мектеп-медреселер мен ғаламтордағы форумдардағы сананы улап адастыру ғана душар болсаңыз болды. Айта кететіні бұл әдістердің ішінде ғаламтор желісі арқылы арбау мен алдау өте кең таралған форма екенін атап айту керек.
Бүгінгі ақпараттық технология дамыған және жаһанданған әлемде осындай террорлық актілерді ұйымдастыру өте арзан. Мұны қорғаныс саласындағы арнайы зерттеулер жүргізетін Норвегияның зерттеу институты (Norwegian Defence Research Establishment, FFI) өз зерттеулерінің қорытындысында көз жеткізіп отыр. Батыс Еуропадағы соңғы жылдардағы террорлық оқиғаларға себепкер болған азаматтардың барлығы дерлік зұлым іс-әрекеттерін өз табыстарына немесе жинаған қаржыларына ұйымдастырған. Бұл террористердің тоқсан пайызы жақсы табыс әкелетін жұмыстармен қамтамасыз етілген болып шықты, тек қана 25 пайызы ғана сырттан қаржыландырылған.
Сарапшы мамандардың пікірінше, өзін-өзі қаржыландыратын осындай «жасырын топтардың» барлығы сырттан келетін қаржыға тәуелсіз. Болған террактілердің 75 пайызында 10 мың АҚШ доллары ғана болған, әрине бұл қомақты қаржы емес. Болашақта мұндай арзан террорлық шабуылдар және өз тапқан қаражатына ұйымдастырылған террорлық актілерді бақылауға немесе дер уақытында анықтауға қиын болатыны сөзсіз.
Нұрасыл АМАНКЕЛДІҰЛЫ,
Астана қаласы Діндерді зерттеу
орталығының маманы, дінтанушы