Ұлан-байтақ жерді мекендеген бабаларымыз 8-ғасырдан бастап ислам дінін діңгегім деп, ардақты пайғамбарымызды жолбастаушым, дүние мен ақыреттің бақытына апаратын жолды таныстырған жанашыр жақыным деп біледі.
Кейбір шаманизм, зооростризмнен қалған негізсіз ырымдар мен жалған тыйымдарды қоспағанда қазақ елінің әрбір қылығы мен мінезінен исламның исі аңқып тұратыны анық. Салт-дәстүрімізбен біте қайнасып кеткендігі соншалық кездескенімізден бастап, қол алысып қоштасқанымызға дейін ата-бабамыз қалдырған дәстүрлі дініміздің дені білініп-ақ тұрады.
Тентегін тыйып жөнге салатын, жақсысының нұрын шалқытып мақтап алатын мақал-мәтелдерінің өзі де сүйікті Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінен алынғандығына көз жеткізе аламыз.
Дін қағидаларынан нәр алған ең көрнекті дәстүріміздің бірі һәм бірегейі – үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету. Бұл әдет қазақшылығымызға сіңісіп кеткені соншалық, тіпті үлкендерді сыйлау сөзді жасы үлкендерге бастату, егер жасы үлкен кісі үндемесе, жасы кішінің сөйлемеуі, жасы үлкендерді басшы ету, кішілерге мейірімділік таныту біздің халқымыздың негізгі ұстанымдарына айналған.
Жасы үлкенге жол беріп, астың дәмдісін, сөздің сәндісін үлкеннен күту – қазақы қалпымыздың белгісі. Ардақты пайғамбарымыз бір сөзінде: «Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетпеген бізден емес» деген болатын. Демек, мұсылманшылыққа жараспайтын қылық істеп, өзіңді-өзің жаман әдетіңмен, сүйкімсіз әдебіңмен мұсылмандардан бөлектедің деген сөз.
Өзін мұсылман санайтын адамға пайғамбар хадисінде айтылғандай «бізден емессің» деген лақаптың таңылуы яки өзінің сондай атқа қалғанын сезінуінен асқан масқаралық жоқ. Сондықтан үлкен кісіні құрметтемеуді бабамыз қазақ мұсылманшылықтың жоқтығы, имансыздықтың белгісі деп есептеген.
Үлкен кісіні құрметтеу ұлтына, руына, жүзіне қарамай жасалады. Тіпті діни көзқарасының өзі исламға қайшы болған күннің өзінде де, үлкен болғаны үшін көрсетілетін сый-құрметтен шеттетілмейді. Бұған Ибраһим пайғамбардың әкесі Әзармен арасындағы қарым-қатынасы дәлел болса керек.
Ибраһимнің шырылдап, тура жолға шақырған үндеуіне құлақ аспай, құлақ асу былай тұрсын «Егер бұл ісіңді доғармасаң, өзіңді аяусыз жазалаймын» деген әкесіне құрметсіздік көрсетпей: «Әкетай, мен сіздің бақытыңыз үшін қолымнан келгенді аямаймын» деген еді. Пайғамбарлардың осынау ұлы ұстанымдарын ұлтымыз өзіне мұра етіп алғандықтан, «Әке-шешең жынды болса, байлап бақ» деп мәтелдеген.
Демек, өзіңнен үлкенге құрмет көрсету дін ұстанған мұсылманның иман тереңдігін, тақуалы екенін көрсетеді. 19-ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген әйгілі неміс ғалымы Ф. Шварц былай депті: «Қырғыз-қайсақтарда сұлтан, батырлармен қатар барлық жасы үлкен, қартайған ер азаматтардың бәрі де кім екеніне, қандай тектен шыққанына қарамай, ерекше сый-құрметке бөленеді»[1].
Қазақ дәстүрінде үлкен кісілер әрдайым құрметті орындарға отырғызылып, төрге жайғасады. Той-жиындарда бірінші сөз соларға беріліп, сол ортадағы кесімді сөз, шешімді ойларды үлкендер айтады. Олардың айтқандарын санасына сіңіріп алған жастар, бұйрықтарын мүлтіксіз орындап, «Үлкен кісі айтса, бір нәрсені біліп айтады» деп қарсы шықпаған. Үлкенге тартылған табақтан ақсақал өз қолымен алып берген астан дәм ауыз тию жас жігіттер үшін ең жоғарғы марапат саналған. Жайылған ақ дастарғанға үлкен кісілер жайғаспайынша жасы кіші адамдар өз бетінше отырмайды.
Жастардың үлкен адамдардың жолын кесіп, алдынан алшаңдап өте шығуын халқымыз әдепсіздік, үлкенді құрметтемейтін желбуаздық деп атаған. Жасы кішілердің үлкендерге дауыс көтеруі, жұрттың көзінше кісімсіп ақыл айтуын да имансыздықтың белгісі, ар-ұяттың аздығы деп білген. Үлкеннің сөзін бөлу, әңгімеге килігіп, қалай болса солай өз пікірін айтуды да әдепсіздікке жатқызған.
Жастар сапарға шығарда яки отбасылы болып, шаңырақ көтерер шақта ақсақалдардың алдынан өтіп, бата сұрайтын. «Батаменен ел көгереді» дегенді айнымас ереже деп алғандықтан үлкеннің батасын алуды, жолы болудың бір себебі деп топшылаған. Қазақтар жаугершілік замандарда жасы үлкен әрі құрметті адамдардан шайқасқа аттанар алдында бата сұрайтын. Әйгілі Қашаған ақын былай дейді:
«Жетпістен жасы асқанда,
Сексенге аяқ басқанда,
Жастар елеп келмесе,
Келіп сәлем бермесе,
Күнде асыл кисе де,
Қартайғанда ер жетім»[2].
Демек, қарттарды қазына деп біліп, жақсы тілегін алу, көңілін сұрап, жетімсіретпей елеп-ескеру де – мұсылманшылықтың белгісі һәм үлкен құрмет. Көңілін аулап, әңгімелесіп, көңілдендірген жастарға шын көңілмен батасын берген абыз қариялардың тілегі қабыл болады. Рахметін айтып, батасын береді. Үлкеннің батасын алған жанның бұдан жаманшылық көрмейтіндігі белгілі.
Әйгілі сахаба Әбу Һурайра жеткізген бір хадисте ардақты Пайғамбарымыз: «Жасы кіші адам өзінен үлкенге сәлем бергені жақсы»[3], деген.
Ибн Аббастан келген риуаятта Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Кішілерімізге мейірімділік танытпаған, үлкендерімізге құрмет көрсетпеген адам бізден емес»[4], дейді. Қ
арттарды қадірлеу, оларға жылы жүзді болу уахи арқылы бұйырылған. Ардақты пайғамбарымыз: «Жебірейіл періште маған үлкендерді алға шығар деп бұйырды»[5], деген.
Түркі әлемінің ғұламасы Махмұт Қашқари: «Жасы үлкенді қадірлесе, құт болар» деген екен. Жасы үлкенге құрмет көрсетіп, әрдайым төрден орын беру – қазақтың сүйегіне сіңіп кеткен жақсы әдет. Ал мұның қайнары Құран аяттары мен Пайғамбар (с.а.с.) хадистерінде жатқандығы шындық. Үлкендердің қадірін білген ұл мен қыз өздері қартайған шақтарында да осындай сый-құрмет көреді.
Ал үлкенді үлгі тұтпай, өз бетінше өзім білемділікке салынып, жасы үлкеннің сөзін құлағына аспайтындар қартайған шақтарында ел-жұртқа сүйкімсіз, абырой-беделден жұрдай болады. Дана халқымыз осыны бір ауыз сөзбен түйіндеп: «Атаңа не істесең, алдыңа сол келер»[6] деген. Майлықожа ақын осыны меңзеп:
«Жақсы бір адам қартайса, көкірегі хат болар,
Жаман бір адам қартайса, бықсып бір жанған от болар.
Жақсы қария белгісі – жанып тұрған шоқ болар,
Жаман қария белгісі – қайран боп қалған сал болар»[7] деген.
Әнәс ибн Мәлік жеткізген хадисте ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.) жалпы жастарға қарата: «Қандай да бір жас жігіт үлкен кісіге жасы үшін құрмет көрсетсе, жасы ұлғайғанда құрмет көрсететін адамды жолықтырады» деп сүйінішілеген. Бұл өмірдің заңдылығы деуге болады. Өйткені, үйінде үлкен кісісі бар үйде әрқашан береке-бірлік болады.
Жалындаған жастарына ақылын айтып жөнге салып, имандылықтан сыр шертетін қариялары бар отбасы – нағыз кеніштің ордасы. Алла елшісі өзінің бір сөзінде: «Құт-береке сендердің үлкендеріңмен бірге», деген. Қазыналы қартын «жазып қойған хатына теңеген» халқымыз үлкенге деген құрметке сызат түсіріп, кемшілік жібермеуге шақырған.
«Сен демек қиын емес пе,
Бұрынғы туған үлкенге?», – деп Қанайұлы Шортанбайдың айтқанындай, әрқашан «сіз» деп сыйлауды жастардың міндеті деп білген.
Шынында, қазақ халқы үшін үлкенге құрмет көрсету – атадан балаға мұра болып келе жатқан тәрбие. Ешқашан қазақ баласы «Үлкенді құрметтемеймін» деп айтпайды. Себебі, сүйегіне сіңген әдет болғандықтан жан-дүниесі соған бейім тұрады. «Ата тұрып ұл сөйлегеннен без, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без» деген ұғым әрбір қазақтың көкейінде сайрап жататыны шындық.
Әйгілі жазушы, драматург Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясында қазақтың салт-дәстүрлері мен әртүрлі жол-жоралғылары керемет көрсетілген. Соның ішінде үлкенді құрметтеудің жарқын үлгісін Абай мен Бөжейдің арасындағы мына диалогтан аңғарамыз:
«Абай тоқтаған қалпында бойын тез жиып, аттылардың алдына жұмысы бар кісідей көлденеңдеп кеп тосып тұрды. Үлкен ықылас білдіріп, айрықша бір тағзыммен төсін басып, қатты дауыстап:
– Ас-салаума ғалайкүм!.. – деп сәлем берді.
Өзге қазақтан бөлек, мына сияқты бір алуан сыпайылыққа Бөжей оң назарын салды білем… Атының басын тежей беріп:
– Уа ғалайкүм әс-сәләм, балам!..– деп тоқырай қалды. Бөжей Абай күйін жақсы таныған сияқты еді. Байыптап қарап алып:
– Балам, жөніңді айтшы, бізді көрсең, сәлем бер деп әкең айтып па еді, жоқ өздігіңмен істедің бе? –деді.
– Бөжіке, әкем емес, өзім беріп тұрған сәлемім сізге!..
Абай жауабын естіген соң, Бөжей ықыласпен қарай түсіп, жақындады да:
– Әкең айтпай, өзің білген болсаң, батамды берейін. Көзіңнен жақсы жанар көрдім ғой, шырағым!.. –деді»[8]. Мінекей, қазақтың сүйекке сіңген әдеті ешқашан ұмыт болмай, әкенің айтуынсыз-ақ ұрпақтың іс-әрекетінде көрініс тауып отырған.
Шал ақын Құлеке ұлы үлкендерін құрметтеген үй иесі үшін отбасы, ошақ қасының өзі Мекке сынды қасиетті қалдан кем түспейтінін айтып:
«Мекке менен Мәдина – жолдың ұшы,
Алыс сапар дейді ғой барған кісі.
Ата менен анаңды құрметтесең,
Мекке болып табылар үйдің іші»[9], –
деп ата-анаға тірісінде қамқорлық танытып, мейірімді болуды өсиет еткен.
Қарты жоқ қоғам бас білмей кеткен асау сынды болады десек, қарттары бола тұра құрметтемеу одан бетер қайғы екені айтпаса да белгілі. «Кәрісі кімнің жоқ болса, жастары болар дуана» деп Махамбет батыр айтқандай үлкендердің орны қоғамда әлдеқайда ерекше екені даусыз. Үлкендерге лайықты түрде сый-құрмет жасап, алғысына бөлену – адам баласының бойындағы тектілігінің белгісі.
Қазақ ешқашан үлкен кісінің атын атамай, кішіпейілдігінің белгісі ретінде өзінен үлкен кісінің есіміне «…әке», «…еке» деген сынды жұрнақтар жалғап айтады. Мәселен, Берікбай – Беке, Бауыржан – Бауке, Дархан – Дәке сынды. Мұны қазақ халқымен араласып, салт-дәстүрі мен менталитетін жақыннан тану мүмкіндігіне ие болған орыс ғалымы Л. Баллюзек байқап: «Қырғыздардың сыпайылығы, кішіпейілділігі мен әдептілігінің бір көрінісі – жасы үлкен кісілердің есіміне «..еке» сөзін қосып айтуы»[10], деген.
Әсіресе, жаңа түскен келіндер құрметтің белгісі ретінде күйеуінің ағайын-туысының аттарын атамай, мадақтау-марапаттау сипаттарымен атаған. Күйеуінің әке-шешесін «Ата», «ене» деп, ал іні-қарындастарын «Айнаш», «гүлім», «жарқыным», «мырза жігіт», «ерке бала» деген. Бұл – әйел кісінің өзінен жасы үлкен күйеуіне деген құрметтен туындаған сыпайылығы.
Міне осындай сыпайылығы бар ел арасында «Үлкенді сен сыйласан, кіші сені сыйлайды, кіші сені сыйласа, кісі сені сыйлайды», деген халық даналығы қалыптасқан[11].
Ислам тарихында орын алған мына бір оқиғаны мысалға бере кетсек. Мекке азат етілгенде Әбу Бәкірдің (р.а.) әкесі ислам дінін қабылдайды. Ол өзінің ислам дінін қабылдағанын жария ету үшін, пайғамбарымызға баруға ниет етеді. Сонда пайғамбарымыз Әбу Бәкірге: «Әкеңіз үйде отырсын, ол кісіге біз барайық», дейді. Осы жерден-ақ біз үлкенді құрметтеудің қаншалықты маңызды екенін байқаймыз.
Пайғамбар бола тұра, өзінен жасы үлкен кісіні әуреге салмайын деп жүгіруі, сүйіншісін өз аяғымен барып естуі осыны білдіреді. Жасы үлкен жандарды құрметтеу, сыйлау, көркем қарым-қатынас жасау, көпшілік жиналған жерде құрмет көрсету, егер сапарға шыға қалған жағдайда көмек қолын созу сынды жолдармен жүзеге асырылады. Тіпті Мұса пайғамбарды Раббымыз алуан түрлі әмірлерін беріп перғауынға жолдаған шақта перғауынға жұмсақ сөйлеуді, көркем қарым-қатынаспен мәміле жасауды бұйырған.
Сондай-ақ, көпшілік жиналған жерде үлкенді төрге шығарып, асқа алдымен қол созуға шақыру да – құрметтің белгісі. Сахабалар Пайғамбарымызға (с.а.с.) сүт немесе сусын әкелген кезде пайғамбарымыз азғантай ішіп, сосын оң жағында отырған кісіге ұсынатын. Егер оң жақтағы адамның жасы кіші болса, одан рұқсат сұрай отырып, үлкен кісілерге ұсынатын.
Алау Әділбаев
теология ғылымының докторы
[1] Тұрсынов Е.Д. Происхождение носителей казахского фольклора.–Алматы: «Дайк-Прес», 2004. –105-б., 322-б.
[2]«Бес ғасыр жырлайды». – Алматы: Жалын, 1989. 2- том. –573-бет.
[3]Имам Бұхари «Мухтасар Сахихул-Бухари». –Дамаск: «Дәрул-Мустафа» баспасы, 2011. –735-б.
[4]Мұхмаммд ибн Иса Әбу Иса әт-Тирмизи «Сунанут-Тирмизи». – Бейрут: «Дәрул-ихиаайт-турасил-араби» баспасы, 1990.–1/247-б.
[5]Әбу Дәуіт «Сүнән» 2/35, Мүслим, «Сахих Муслим» 3/158
[6] Кейкін Ж.Қазақ мақал-мәтелдерінің Алтын кітабы.–Алматы: Аруна, 2014. –632-б.
[7]«Бес ғасыр жырлайды»– Алматы: Жалын, 1989. 1- т. –573-б.
[8] Әуезов М. Абай жолы роман-эпопея.–Алматы: «Жазушы» баспасы, 2013. Бірінші кітап, –376-б.
[9]«Бес ғасыр жырлайды». 1- том. –573 бет.
[10] МұқановС. Халық мұрасы. –Алматы: «Қазақстан» баспасы, 1974.–41-б., –234-б.
[11] АдамбаевБ. «Тозған қазды топтанған қарға жейді», –Алматы: «Рауан» баспасы, 1991. –187-б.