Туылған баланың құлағына азан шақырып ат қою парыз емес, сүннет амал болып табылады. Тирмизиден жеткен бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.) немересі Хасан (р.а.) дүниеге келген кезде, оның оң жақ құлағына азан шақырған екен (Тирмизи, Адаха, 15). Осы сүннетті жақсы білген мұсылман халқымыздың арасында «Азан шақырып қойған аты» деген тіркес кең тараған. Негізінен жаңа туылған баланың құлағына азан шақыру оның бойына иманды жастайынан сіңіруге бағытталған маңызды шараның бірі. Өйткені азанда таухид, пайғамбарлық, тәкбір, намаз секілді діннің негізгі мәселелері қамтылған. Ал бала кезінде құлағына азан айтылмаған кісінің құлағына азан шақырудың зияны жоқ. Бірақ оның мәні мен маңызы туылған кезде шақырылғандай болмайды. Жоғарыда айтқанымыздай азан шақырып, ат қою сүннет болғандықтан, бала кезінде құлағына азан шақырылмаса ол күнә емес.