Өткен сенбідегі «Зейін» оқырмандары клубының кезекті басқосуында ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров арнайы қонақ болып, жастарға адамзаттың абзалы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір жолын баяндап берді.
Рабиғул әууәл айының 12-сі, яғни, дәл Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келген күні өткен кемелдік кездесуінде теңдессіз тұлға өмірінен ғибратты мысалдар айтылды.
«Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жайлы таңды таңға ұрып айтар болсақ та, ардақты елшінің ғибратты ғұмырын баяндап бітіру мүмкін емес. Барлық пайғамбарлар адамдарға бір қырынан ғана үлгі болып, өмірде бір ғана үлкен сынақты бастан өткерген болса, біздің пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) – өзіне дейінгі елшілер көрген қиындықтың бәрін көрген және кез келген адамға, кез келген мамандық иесіне, түздегі ерге де, үйдегі әйел, бала-шағаға да үлгі бола алатын теңдессіз тұлға. Оның өмір жолы – біз үшін үлкен шамшырақ, оған салауат айту – үлкен ғибадат, оны жақсы көру және оған ұқсау – жәннатқа апаратын ең оңай жол» деді Батыржан Берденұлы.
«Зейін» оқырмандары клубының жетекшісі Махамбет Искандеров Батыржан ұстазға тәлімі мол рухани кездесу үшін жастар атынан алғысын айтып, ризашылығын білдірді. Ал рухани кемелдену кездесуі одан әрі дастарқан басында жалғасты.