Сұрақ: Жастарды деструктивті ағымдарға қандай жолдармен тартады?
Жауап: Бүгінде теріс ағымдарға тарту жолының кең тараған түрі – әлеуметтік медиа. Жастар уақытының басым бөлігін әлеуметтік желіде өткізетіні мәлім. Ол интернет желісінде өзінің қиялына сәйкес «идеалды» дос, сырлас немесе «пікірлес» адамды жеңіл табады. «Пікірлес» деп жақшаның ішіне алып отырғанымыз, шын өмірде ол адам мүлдем басқа тұлға болуы әбден мүмкін. Алайда өзінің қатарына жаңа адам тарту үшін өзі туралы ақпаратты, аватарын (суретін) жеңіл ауыстырып отырады. Қарсысындағы адамын әбден зерттеп, соған сәйкес алдап-арбау жұмысын жасайды.
Теріс ағымға тартудың келесі жолы – балалар үйлері, дағдарыс орталықтары, қарттар үйлері және мүгедектерге көмек көрсету орталықтары деп атауға болады. Көп жағдайда рухани және психологиялық демеуге осы мекемедегі жандар мұқтаж болып келеді. Мұндағы ем алушыларға жылы сөз, махаббат сияқты түсінік пен сезім жетіспегендіктен миссионерлер соның орнын толтырып, оларды өз қатарларына тартады.
Сонымен қатар деструктивті ағым өкілдері түзету мекемелерін де назардан тыс қалдырмауға тырысады. Әдетте адам бұл мекемеде бостандық кезіндегі сияқты бос уақытын өткізу қалауы мен еркі өз ықтиярында болмағандықтан қасындағы адамның діни насихатын тыңдауға жиі мәжбүр болады. Уақыт өте сол ағымды жақтаушы, мақұлдаушы, тіпті насихаттаушысына айналуы да ғажап емес. Бұл аталған жағдайлар деструктивті ағымдардың тарайтын кейбір жолдары ғана. Ата-ананың міндеті – баласын осындай қатерлі жағдайлардан сақ болуын ескерту арқылы алдын алу.
Жалғас САНДЫБАЕВ