Мәжіліс депутаты Ғани Ташқараев жастарға сатып алу құқығынсыз баспана беру бағдарламасының талаптарын жеңілдетуді сұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалдамалы үй беру ережелеріне сәйкес, өтініш берушінің ай сайынғы кірісі кемінде 40 АЕК екенін растайтын соңғы алты айдағы табысы туралы анықтама көрсету қажет. Биыл бұл сома 116 600 теңгені құрайды.
“Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша республикада 20-29 жастағы азаматтарымыздың саны 2 537 252-ге жетті. Қалада тұратын жастардың үлесі – 1 510 892. Бұл көрсеткіш жылдан жылға артып келеді”, – дейді депутат.
Халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы табыстарын бағалау бойынша, бұл мөлшер 2021 жылдың 1 тоқсанына Шымкент қаласында 76 982 теңге, Алматы қаласында 166 554 теңге, Нұр-Сұлтан қаласында 179 722 тенгені құрап отыр.
Оның сөзінше, жастар жалдамалы пәтер алу конкурсына қатысу үшін жалақы мөлшері тым жоғары екенін айтып шағымдануда. Жалға берілетін тұрғын үйді конкурс бойынша алу қиын.
“Жұмысшы жастардың айтуынша, пәтер алу үшін айлық есептік көрсеткішті (40-тан 25 АЕК-ке дейін ) төмендету – мегаполистердегі жас отбасылар мен жас мамандарға үлкен көмек. Осы айтылғандар негізінде жастарды қолдау мақсатында жалға берілетін тұрғын үйге арналған конкурстарға қатысушыларға қойылатын талаптарды өзгерту мүмкіндігін қарауды сұраймын”, – деді депутат.
Ташқараев жастардың арендалық баспана конкурсына қатысуына жол беретін табыс сомасын азайтуды ұсынды.
“Бұл бағдарламаның мақсаты мегаполистердегі сұранысқа ие мамандықтардың жас мамандарымен қамтамасыз ету екенін еске салғым келеді. Осыған байланысты жас мамандардың табыстарына қойылатын талаптардың жоғарылығы түріндегі тосқауылдарды белгілеу орынсыз деп санаймыз және жастарды жалға берілетін тұрғын үй конкурсына қатысуға жол беретін сомалардың, табыстардың еселігін азайтуды ұсынамыз”, – дейді Ғани Ташқараев.