Бар уақытын айна алдында боянумен өткізетін бойжеткендер қазір көп қиналмайды. Сән салонына барып, тиісті ақшасын төлесе болды, ондағылар дененің кез келген жеріне татуаждың түр-түрін жасап береді. Ал, оның зияны туралы естігісі де келмейтін жас қыздарға ақыл айтатын апаларымыздың өздері бүгінде қасы-көзін сыздыртып алған.
Мәселенің анық-қанығын білу мақсатымен бас қаладағы «Айдана» сұлулық салонына бас сұқтық. Салон меңгерушісі Әсемгүл Елубаеваның айтуынша, мұнда әртүрлі жастағы қыз-келіншектер алдын ала жазылу арқылы келеді екен. Олардың таңдайтын татуаж түрлері де сан алуан. Көпшілігі қасын, көзінің үстін, ернінің айналасын сыздыртуға ниет білдіреді. Денесіне инемен сурет салдыртатындар да жоқ емес.
– Онсыз да қысқа өмірде қазіргі қыздар уақыттарын боянумен өткізгісі келмейді. Таңертең жасалған макияждың кешке дейін жарамайтыны тағы бар. Күніне екі рет бетті сәндеуге қаншама уақыт пен шыдамдылық керек. Әрі оны ұйықтар алдында жуып тастауға тиіссің. Осының бәрі қазіргі қыздарға ұнамайды, олар заман талабына сай көрінгісі келеді. Сонымен бірге бояуды қайта-қайта сүрте берудің соңы беттің қартаюына әкеп соғады. Ал татуаж жасатқаннан кейін бояу қанша жуынса да кетпейді. Қымбат косметикаға ақша шығындап, ұзақты күн айна алдында отырғанша, бір рет татуаж жасатып алған дұрыс деп санаймын, – дейді Ә.Елубаева.
Әрине, әйел адамның өзіне көңіл бөлгені, күтініп жүргені дұрыс. Сол үшін қыз-келіншектер, тіпті, егде жастағы әйелдердің де маникюр, педикюр жасатуы, SPA салондарға, массажға, тренажер залдарына, шаштаразға баруын құптаймыз, әрине. Дей тұрсақ та, мамандар көз бен еріннің маңайы – өте сезімтал нүктелерге толы екенін, ол жерлерді инемен тесіп, бояу ендіру, әрине, оңай шаруа еместігін, ал татуаж арқылы әртүрлі жұқпалы ауыр дерттер, атап айтсақ, гепатит, СПИД және т.б. тері ауруларын жұқтыру ықтималдығы жоғары екенін ескертеді. Жалпы, татуировка мен татуаждың зардаптары араға уақыт салып, тіпті, он жылдан соң белгі бере бастайтынын дәлелдеген ғалымдар терісі сезімтал, денесінде қалы бар адамдардың оған жоламауы туралы айтып та, жазып та жатқанына қарамастан, одан бас тартушылар қатары азаймай тұр. Керісінше, сұлулық салондарындағы кезек кемір емес.
Салонға келушілер қатары саябырсымады. Бірі келіп, қасын сыздыртса, екіншілері ернін үлкейтіп әлек. Ақбота есімді бойжеткенді сөзге тарттым. Мұнда екінші рет келіп отырған ол татуаж жасаушы маманның тәжірибесі мол болса, бәрін де ойыңдағыдай етіп жасатуға болатынын айтты. «Қасым мүлде көрінбейтін, оны үнемі қарындашпен сызып отыруыма тура келетін. Осыдан екі ай бұрын татуаж жасатып алдым. Қазіргі әлпетім өзіме ұнайды. Енді көзімнің айналасын сыздыртып алу үшін келіп отырмын» деді ол.
Құрбыларынан қалмау үшін қасын қолдан қиғаштатып алып, өкініп жүргендер де бар екен. Аида – солардың бірі. Ол сәтсіз боялған татуажын өшіртуге келіпті. Бұл үшін қазір лазерлік сәулелер және фототерапиялық құрылғылар пайдаланылатынын алға тартқан салон меңгерушісі тері астындағы бояуды күйдіріп алып тастау татуажды инемен тесіп жасағаннан ауырырақ екенін
айтты. «Бірақ, қазіргі қыздар сұлу көріну үшін ештеңеден де қорықпайды, шыдайды деді ол сәл жымиып. Дегенмен, лазерлік сәулелердің де өзіндік зиянды жақтарын ескерсек, теріні зақымдар алдында асықпай ойланып алған жөн-ау.
Тәнге түскен жазбалар азып-тозудың, азғындалудың белгісі екенін түйсінбейтініміз қалай?! Ертеде кейбір ежелгі тайпаларда қылмыскерді жазалау, масқаралау үшін денесіне сурет салатын болған. Сондай-ақ, түрмеге отырған қылмыскерлердің денесіне, не бетіне татуировка салынатыны белгілі. Ал, ислам дінінде Алланың берген денесін бүлдіріп, тәнге сурет салу харам саналады. Ендеше, бір сәт неге ойланбаймыз?
Жасандының бәрі алдамшы. Асылы, табиғи сұлулыққа тең келер не бар дейсіз. Сондықтан, сән қумай, тән тазалығына мән берейікші бір сәт.
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ