Бұл ХХ ғасырдың басында болған оқиға. Бір шотландиялық фермер өзінің күнделікті жүретін соқпағымен жұмыстан үйіне жаяу қайтып келе жатады. Батпақты жердің жанынан өте бергенде қатты айқайлап, көмекке шақырған бір баланың дауысын естиді. Сол жаққа қарай дереу жүгіріп барған фермер ми батпаққа белшесінен батып кетіп, шыға алмай жатқан жас баланы көреді. Тез арада жақын жердегі ағаштың талын сындырып әкеп, оны балаға созып ұстатып, батпақтан тартып алып шығады.
Қатты үрейден әрі суықтан қалтырап тұрған балаға:
– Менімен жүр, саған жылынып алу керек, – деп қолынан ұстап үйіне апармақ болған еді.
– Жоқ, мен бара алмаймын, – деді бала. – Әкем мені күтіп отыр, ендігі уайымдап жатқан шығар.
Өзін құтқарған адамға рахметін айтып, үйіне жете алатынына сендірген бала жүгіріп кете барады.
Дегенмен, ертеңгі күні таңертең фермерді бір тосын жайт күтіп тұрған еді. Ұйқысынан ояна сала сыртқа шыққан ол өзінің жұпыны лашығының алдына сымбатты жылқылар жегілген сәнді пәуескенің келіп тұрғанын көрді. Оның ішінен үстіне әдемі бешпет киген, кербез тұлғалы бір джентльмен шыға келді. Фермерге қарсы аяңдай жақындаған ол:
– Айтыңызшы, кеше менің ұлымды бетпе-бет келіп тұрған ажалдан арашалап қалған Сіз бе едіңіз? Бірден сұрайын: мен Сізге қанша қарызбын? – деп сұрақты төтесінен қойды.
– Иә, менмін. Бірақ, менің орнымда кез келген ниеті түзу адам болса, ол да осыны жасар еді. Мұндай жағдайларға әрбір адамның ұшырауы бек мүмкін. Сіздің балаңыздың орнында менің балам да болуы ғажап емес еді. Сондықтан, анығын айтқанда, Сіз мені мынадай әдепсіз сұрағыңызбен ренжітіп тұрсыз. Сіз маған ештеңе де қарыздар емессіз.
– Иә, бірақ та, ұлым – мен үшін ең үлкен байлығым. Сізге кез келген соманы төлеуге әзірмін. Тек қанша қарыз екенімді айтсаңыз болды. Қорықпаңыз, мен қанша бай болғаныммен, адал адаммын, – деді әлгі адам.
– Дөрекілігім үшін кешіріңіз, сіздің бұл жерден кетуіңізді сұраймын. Мен өзімнің парызымды ғана орындадым. Қош болыңыз! – деген фермер үйіне кіруге бұрыла бергені сол еді, іштен кішкене баласы жүгіріп шыға келді.
– Бұл Сіздің ұлыңыз ба? – деп сұрады джентльмен.
– Иә, менің ұлым, – деді фермер баласының басынан сипап. – Мұны неге сұрадыңыз?
– Ұлымды құтқарып қалғаныңыз үшін Сізге деген алғысымды сөзбен жеткізе алар емеспін. Егер ақша алғыңыз келмесе, ештеңе етпес. Менің Сізге тағы бір ұсынысым бар. Бұл жолы өз келісіміңізді берерсіз деп үміттенемін. Мен Лондонға кетуге дайындалып жатырмын. Сіздің ұлыңызды өзіммен бірге ала кетіп, сондағы мектепке орналастырып, кейін Лондонның бір университетіне түсіріп, оқу ақысын өзім төлеп берсем деймін. Егер балаңыз да Сіз секілді асыл адам болса, ертеңгі күні мен де, Сіз де бұған өкінбейміз деп ойлаймын.
…Осы оқиғадан кейін біршама жыл өтті. Фермердің ұлы Лондондағы беделді мектептердің бірін бітірді, содан кейін медициналық университеттің дипломына да қол жеткізді. Көп уақыт өтпей оның есімін тек Лондон ғана емес, бүкіл әлем танитын болды. Оның аты Александр Флеминг болатын… Иә, бұл медицина саласындағы сенсациялық жаңалықтардың бірі – пенициллинді ең алғаш ойлап тапқан адам еді.
Бір күні, Лондондағы клиникалардың біріне өкпе қабынуы асқынған деген диагнозбен бір сырқат адам түседі. Ол кезде мұндай дертке ұшырағандардың адам болып кетуі екіталай еді… Бір қызығы, бұл адам кезінде фермердің баласын оқытқан дәулетті джентльменнің ұлы болатын. Құдай оңдап, ақыры ол ауруынан айығып, аяғына тұрды. Оны өлімнен құтқарған не нәрсе? Әрине, сол Александр Флемингтің ойлап тапқан пенициллині болатын.
Фермердің баласына жағдай жасап, адамзатқа қажетті аса маңызды жаңалықтың ашылуына себепші болған джентльменнің аты Рандольф Черчилль болатын. Ал оның айықпас ауруға шалдығып, пенициллиннің арқасында аяғына тұрған ұлы британ тарихындағы ең әйгілі саясаткелердің біріне айналды. Оның аты Уинстон Черчилль еді.
Иә, Черчилльдің «Жасаған жақсылығың өзіңді табады» деген әйгілі сөзді айтуына осы бала кезіндегі әрі ер жеткен шағындағы бастан кешкен оқиғалары себеп болған да шығар…
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ