Басқа біреу бағыштаған сауаптар пенденің тікелей атқаруы тиіс құлшылық қарыздарын өтемесе де жақсылық пен сауаптарының көбеюіне және дәрежесінің жоғарылауына себепші болады.
Ата-анасы қайтыс болғаннан кейін оларға қандай да бір жақсылық жасап-жасай алмайтынынан және қандай жақсылық жасай алатынын сұраған сахабаға Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар: «иә, олар үшін дұғада болу, рахмет тілеу, олар үшін кешірім (истиғфар) сұрау, өсиеттерін орындау, дос-жарандарына құрмет көрсетіп ілтипат жасау, туысқандарына қарайласып мойнына алған жауапкершіліктерін орындау» – деп бұйырған (Абу Дауд, Әдеп, 130; Ибн Ма`ж, Әдеп, 2).
Анасының кенеттен қайтыс болғанын, егер тіл қатуға мүмкіндігі болғанда садақа беруді өсиет ететін еді деп ойлағанын, оның атынан садақа берсе сауабының оған жетіп-жетпейтінін сұраған сахабаға да: «иә, жетеді, оның атынан садақа бер» – деп бұйырған (Мүслім, Зекет, 51).
Осы және ұқсас риуаяттарға сүйене отырып көптеген себептермен дұға жасауға, сауап әкелетін істерді, құлшылықтарды басқаларына бағыштауға болады деген қорытынды шығарамыз.
Дегенмен, әрбір тұлғаның ең алдымен өзі жасаған амалдары бойынша жауапқа тартылатынын ұмытпауымыз керек. Жасалған құлшылық және жақсылықтардың сауабын бағыштау немесе дұға-тілек жасау үшін қабірдің басына бару міндетті емес. Әрине, мүмкіндік болып жатса, қабірді зиярат етіп, сол жерде дұға жасау құпталады. Оған негіз Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) Жаннат-ул-Бақиды зиярат етіп, сол жерде дұға жасағаны деректерде айтылады (Мүслім, Жаназа, 102).