Сұрақ: Жас жұбайлардың «Бал айын» өткізуіне ислам қалай қарайды?
Жауап: «Бал айы» дегеніміз – жас жұбайлардың үйленген соң бірге сапарда өткізетін алғашқы айы. Бұл – шамамен XVI ғасырда Еуропадан бастау алған үрдіс. Әрине, бүгінде «бал айының» ескі шығу төркіні ұмытылды. Қазір біз «Бал айы» екі жастың сапарға шығуы деп түсінеміз. Сондықтан бұл жолы «бал айының» бүгінгі түсінігіне қатысты айтайық.
Исламда бал айын өткізуге қатысты бір арнайы шешім айтылмаған. Бұл – әр халықтың салтына, дәстүріне қатысты дүние. Жастардың ерлі-зайыпты екенін басқалардың да білгені дұрыс. Бірақ, ескеретін жайт бар: жас жұбайлар оқшауланып «бал айын» өткізу барысында исламда тыйым салынған қандайда бір амалдардан сақ болуы шарт. Мұсылманға лайық емес, оның дініне, өзіне абырой бермейтін амалдардан және пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетіне жат әрекеттерге бармауы тиіс.
Ал егер «бал айының» мақсаты – сапарға шығып, ел асып, жер көру, басқа халықтың мәдениеті мен өркениетін тану, дәстүрімен танысу болса немесе жас жұбайлар әлі де бірін-бірі жақын танысын деген сияқты ізгі ниетпен жасалса, онда зияны жоқ.
Тіпті, кейінгі кездері мұсылман жас жұбайларының арасында «бал айында» умраға (кіші қажылыққа) сапарға шығу немесе «бал айында» тек қайырымдылық жасау секілді амалдар көрініс тауып келеді. Бұл құбылыс жалпы ТМД (тәуелсіз мемлекеттер арасында: Ресей, Азербайжан, Шешенстан, Татарстан, Өзбекстан және т.б.), сондай-ақ, еуропа (Германия, Франция) сияқты дамыған мемлекеттерде де ақырындап байқалып жүр.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ
Ислам түгілі қазақтарда немесе түркі халықтарында жоқ дүниеғой. Бұл көбіне европалықтарға қатысты дәстүр секілді. Сондықтан біз дін мен дәстүрді ұстанған халық ретінде көп нәрседен сақ болуымыз керек. Өзіміздің беташар және құда күту, қызға сырға салу секілді дәстүрлерімізден айнуға болмайды. Материал жақсы жазылыпты.