Сұрақ: Жас қыздардың шаштарын бояуына бола ма?
Жауап: Қыздың бойында ұят, намыс, инабат, адамгершілік, ұяңдық болуға тиіс. «Ұяттылық пен әдептілік әрқашан қайырлы істерге бастайды» деген. Әйел заты шашқа аса ұқыптылықпен, сақтықпен қараған. Ислам шариғаты шеңберінен шықпаса, шаш бояуға рұқсат етіледі. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерінде: «Иудейлер мен христиандар шаштарын боямайды. Ал сендер керісінше жасаңдар (бояңдар)», – деген.
Сахаба Әбу Бәкірдің әкесі Әбу Кухафаның ағарып кеткен шашын көрген Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Ақ басқан шаштарын өзгертіңдер, бірақ қарадан сақтаныңдар» деп Әбу Кухафаны ескерткен.
Шашты бояу мәселесі ер мен әйел кісілерге де тиесілі. Хадисті негізге ала отырып шашты қара түске бояуды кей ғалымдар құптамайды. Алайда қара түске бояса оқасы жоқ. Химиялық шаш бояғыш заттарды қолдану адам денсаулығына зиян тигізеді. Оның салдары қатерлі ісік ауруларына соқтырады. Басма, қына сынды табиғи шаш бояғыштарды пайдаланған дұрыс.
Шашты бояуда мынадай мән-жайларды ескерген жөн:
– шаш бояуда көзбояушылық пен алдамшылық мақсатында болмауы қажет;
– тұрмыстағы әйел күйеуінен рұқсатымен шашын бояғыны дұрыс;
– құрамында химиялық қоспалары бар бояумен денеге зиян келтірмеу қажет;
– бояуының түсі әдептілік шеңберінен шықпауы, әрі қалыптасқан әдеп-ғұрыпқа қайшы келмегені дұрыс;
– бояғыш заттардың құрамында дәрет, ғұсылға қайшы келетін су өткізбейтін нәрселер болмағаны жөн.
Икрам АЙТАЕВ