Қостанай облысы Рудный қаласындағы тағамдық жұмыртқа және ет өндірісімен айналысатын «Жас Қанат 2006» құс фабрикасы «QMDB Halal» сертификатына ие болды.
Сертификатты фабрика басшылығына «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы табыстады.
«Жас Қанат 2006» құс фабрикасы Қостанай облысындағы тіршілікті жандандыра түскен кәсіпорындардың бірі. Кәсіпорын жылына 65 миллион дана жұмыртқа өндіреді. Кәсіпорынның құрама жем цехтары да, тауық, балапан тұратын корпустары да тұтастай еуропалық өндірушілердің жаңа технологиялық құрылғылармен жабдықталған. Барлық өндірістік үдерістердің 90% автоматтандырылған. Өндірістің автоматтандырылуы сегіз сағаттық жұмыс күні ішінде миллион жұмыртқаға дейін тасымалдауға және буып-түюге мүмкіндік береді. Микроэлементтерден басқа жемнің барлығы да жергілікті бидайдан дайындалады. Сондықтан «Жас Қанат 2006» құс фабрикасыда өндірілетін жұмыртқа сапасы жоғары. Дайын өнім еліміздің барлық өңірлеріне жеткізіледі, сондай-ақ Ресей, Ауғанстан, Тәжікстан және Қырғызстанға экспортталады. Кәсіпорынды сертификаттау барысында мамандарының қатысуымен өндіріс алаңында тиісті бақылау-қадағалау шаралары жүргізілді» дейді Айбек Асқарбекұлы.
«Жас Қанат 2006» құс фабрикасында құстың жем-азығынан бастап, бауыздау, құс етін өңдеу, өндіру, дайындау, сақтау, тасымалдау процесстерінің шариғат және халал стандартқа сәйкес болуы тексерілді. Орындалған шаралар нәтижесінде акт толтырылып, технолог және шариғат мамандары «Жас Қанат 2006» құс фабрикасын «Халал өнімдерді өндіруге, өңдеуге, дайындауға, сақтауға, тасымалдауға және сатуға қойылатын жалпы талаптар» және «Мал бауыздау және ет өңдеу» стандарттарына сай деп таныды.