Бүгін Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы «Әзірет Сұлтан» мешітінде «Бақытты отбасы – дәстүр құндылығынан» тақырыбында өткен іс-шараға қатысып, мешітте ақ некесі қиылған жас отбасыларға насихат айтты.
«Алла Тағала Құранда ер мен әйелді киімге теңеп, керемет насихат айтады. Бұл туралы «Бақара» сүресінің 187-аятында: «…Олар сендер үшін (сендерді бүркейтін, күнәдан тыятын, жан мен тән рахатына бөлейтін һәм көрікті қылатын) киім (іспетті), сендер де олар үшін дәл сондай киім (секілдісіңдер)…» делінген. Ибн Аббас осы аятты: «Олар сендер үшін жанға жайлылық, рақат, тыныштық, сендер де олар үшін дәл сондайсыңдар», – деп тәпсірлейді.
Алла Тағала бұл аятта ер мен әйелді киімге теңеу арқылы көп нәрсені астармен жеткізуде. Халқымызда «Адам көркі – шүберек» деген сөз бар. Жақсы киім адамға қалай көрік берсе, жақсы әйел ерге, жақсы ер де әйелге солай көрік береді. Демек ер мен әйел – бір-бірін көрікті ететін жандар.
Киім адам денесіне ең жақын нәрсе болғандықтан, ер мен әйел бір-біріне ең жақын жандар болуы тиіс. Киім денедегі кемшілікті немесе айыпты жасырып тұратыны секілді, ер мен әйел бір-бірінің айыбын, кемшілігін өзгелерден барынша жасыруы қажет. Киім ыстық пен суықтан қалай қорғаса, ер мен әйел бір-бірін өмірдің түрлі сынақтарынан қорғап, қорғаныш болуы керек» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Игі іс-шарада Бас мүфти тұсаукесер рәсіміне қатысып, бүлдіршіннің болашағы үшін дұға жасап, сый-сияпат берді.
Айта кетсек, жыл басынан бері Астана қаласы бойынша мешіттерде 3 мыңға жуық жас жұбайлардың некесі қиылған. Сонымен қатар мешіттерді Отбасылық кеңес беру орталықтары жұмыс істейді.