Тоқсаныншы жылдары аудан орталығы Ақжар ауылында “Байжігіт баба” мешіті салынып жатқанын естіп, барлық кеңшар, ауыл тұрғындары атсалысады. Негізінде бұл жұмысты сол ауылдардағы мешіт намазхан ата-апалары қолға алады.
Тұғыл қонысының намазхан апаларын бастаған Әйнікеш апа, жанында тағы екі апа бар көше бойындағы әрбір үйге кіріп, мешітке көмек жинап келе жатса, бір үйдің жағдайы өте нашар болып көрінеді. Жанындағы апалар: “Бұл үйге кірмей-ақ қояйық” десе, Әйнікеш апа: “Ертең бұл үй иелері, біз кірмесек, бізді кедей деп елемей кеттіңіздер ғой деп өкпелейді” деп үйге кіреді.
Үйде әйел адам кір жуғалы жатыр екен. Жағдайлары қиын екені бірден байқалады. Бұрышта төрт-бес баланың көздері жаутаңдайды. Әйнікеш апа келген жағдайды айтса, әлгі әйел: “Біздің жағдай қиын болып тұр. Бірақ мешіт құрылысы болса, біз де үлес қосайық. Бағана балалардың кірін жуайын деп кір сабын әкелген едім. Осы кір сабыннан басқа берерім жоқ болып тұр” дейді.
Көмек жинаушы апалар әлгі сабынның жартысын кесіп алып кетеді.
Кейін осы көмектерді Ақжардағы мешіт құрылысына жеткізген соң, үш күннен кейін Әйнікеш апа әлгі әйелдің нұрдан жасалғандай аппақ мешіттің ішінде отырғанын үш күн қатарынан көреді.
Пайғамбарымыз (с.а.с.): “Жарты құрма болса да садақа беріп, тозақтан құтыл” деп бұйырғандай оқиға болған екен. (Бухари мен Муслим)
Негізінде, Алла Тағала біздің бергенімізге емес, ниетімізге қарайды.
Жаратқан Иеміз баршамызға қабыл болатын амал жасауға нәсіп етсін!
Қуат ҚАБДОЛДА
Хвала Всевышнему!Благодарим за свет Истины Аллаһа!Мир вам и вашим близким!