Бұл қисса Құртуби және Зухайли тәпсір еңбектерінде баяндалған. Араб деректерінде Жалинус, ал еуропа әдебиеттерінде Гален деп аталған гректің дәрігер, хирург және философы жайлы қисса.
Дәулетті сәулетшілер отбасынан шыққан Гален медицина ғылымын терең зерттеумен айналысты. Оның ішінде, анатомия мен хирургияға ерекше көңіл бөлді. Дәрігерлік өмірінде халифа Һарун Рашид сарайында да болған.
Бірде Халифа сарайында Әли бин Хусейнмен екі мәдениеттің медицинадағы жетістіктері жайлы пікірталас жүргізеді.
– Негізгі ғылым – екеу. Тән ғылымы мен дін ғылымы. Сендердің кітаптарыңда медицина жайлы ешбір мәлімет жоқ,-дейді Гален.
– Құранда түгел медицина жарты аятта жинақталған,-дейді Әли.
– Жарты аят дегенің не?
– «…Жеңдер, ішіңдер де ысырап етпеңдер…1»
– Пайғамбарларың ем және дәрігерлік жайлы ешбір мұра қалдырмаған.
– Біздің пайғамбар (с.ғ.с.) медицина ілімін бірнеше сөзбен түйіндеген.
– Не деп айтқан? Ол қандай сөз?
– «Адам баласы қарнынан жаман ыдыс атауын толтырып көрмеген. Адамға бойын көтеріп жүретіндей ас жеткілікті. Алайда, олай болмаған жағдайда асқазанның үштен бірін асқа, үштен бірін сусынға және үштен бірін тыныстауға (қалдырған жөн)2»,-дейді Әли бин Хусейн.
Батыс медицинасының көрнекті өкілі медицина ғылымының жарты аятқа сыйғанына тәнті болған деседі. Әйгілі ғалымның да:
«Дастарқаннан аздап қарныңыз аш болған күйде тұруды әдетке айналдырыңыз. Сонда әрқашан деніңіз сау болады»,-деген кеңесі бар.
Руслан ҚАМБАР