Сұрақ: Жақын туысқанымыз қайтыс болғанда қайғырып, айқайлап жылап, кейде тіпті тағдырға қарсы шыққандай болып жатамыз. Мұхаммед пайғамбар осындай жағдайда қалай қайғырған?
Жауап: Адамның дүниеден өтуі қаншалықты тағдырлық іс болғанымен, қайғылы әрі орны толмас оқиға болып саналады. Осындай сәтте қайғырып, жоқтау айтумен қатар, кейбір кездерде адамдар өздерін жерден-жерге ұрып, шаштарын жұлып, шамадан тыс әрекеттер жасап жатады. Өмір бар жерде өлім бар дегендей, мұндай сәтте де сабырлы бола білу, шыдамдылық таныту мұсылманның сипаттарынан бірі болып табылады.
Өлім хақ болғандықтан, барлық адам баласы секілді Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) да жақын-туысқандары қайтыс болған. Соның ішінде баласы Ибрахим қайтыс болғанда бар болғаны бір жарым жаста еді.
Хижраның оныншы жылы Алла елшісі (с.а.с.) он сегіз айлық қана болған көзінің нұры Ибраһимін Раббысына жіберген еді. Алла елшісі (с.а.с.) сүт анасының жанындағы баласы Ибраһимнің ауырып қалғанын естіп, сонда барады. Келгенде оның Раббына қауышуға аз қалғанын көрді.
Ибраһимнің денесі дір-дір етіп дірілдеп, кішкентай ғана сәби жан тәслім ететін сәтте жатыр еді. Алла елшісінің көздерінен жас парлап кетті. Жылағанын көріп «Сен де ме? Уа, Алла елшісі» деп таңқалған Абдурахман ибн Ауфқа «Ей, Ибн Ауф, бұл – мейірім» деді. Көз жастарын төгіп тұрып Алла елшісі (с.а.с.) Алла тағаланың бұйрығы болған өлім алдында қандай жағдайда болуымыз керектігін: «Көз жасқа толады, жүрек қайғырады, бірақ біз Раббымыз разы болатын сөздерден басқасын айтпаймыз»[1] – деп бұйырады.
Сөздерін баласына арнап: «Егер өлім ақиқат – уәде және барлығы үшін болатын шындық болмағанда және артында қалған, алдында кеткенге еш қауышпайтын болғанда, Уа, Ибраһим, біз тура қазіргі сезінгендерімізден де қатты қайғыға салынатын едік. Біз шынымен де сен үшін қатты мұңға баттық»[2] – деп аяқтады.
Сондай ақ, қызы Зейнептен туылған Үмейма деген немересі қайтыс болғанда көздері жасқа толған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алған да Алла, берген де Алла және барлық нәрсенің белгіленген мерзімі бар» деп әрі жанындағыларды жұбатқан, әрі жылағанын тосырқағандарға, «Бұл мейірім, Алла оны қалаған құлдарының жүректеріне қояды. Алла құлдарынан мейірімділерге мейірім көрсетеді»[3] – деп бұйырды.
Жоғарыдағылардан көріп отырғанымыздай, жақын адамдары қайтыс болғанда Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) да жүрегі езіліп қайғырып, көз жасын төкті. Сонымен қатар, сондай жағдайдың өзінде де Алла тағала разы болмайтын әрекеттерді жасамау керектігіне назарымызды аударды.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) қайтыс болған адамды жерлеу кезіндегі бақырып-шақыру, жоқтау айту, бет-жүз жырту, тізелерді ұру секілді әдеттерге қатты тыйым салған[4]. Тіпті Мәдинада әйелдерден ислам туралы ант алған кезінде өлген адамдарға бақырып-шақырып жыламайтындары туралы уәде алғаны белгілі.[5]
Сондықтан, әрбір мұсылман қандай жағдайда болмасын Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) өнегелі әрекеттерін өздеріне үлгі етіп алуы тиіс.
Балғабек Мырзаев
[1] Бухари, Жәнаиз,43.
[2] Ибн Мажә, Жәнаиз, 53.
[3] Бухари,Мәрда, 9; Муслим, Жанаиз, 11.
[4] Бухари, Жәнаиз, 35.
[5] Бухари, Жәнаиз, 45.
Керемет. Жазбаны оқып отырып расымен де көп жағдайда сабырлы болу керек деген ой келді.