Ибраһим бин Әдхам достарымен бірге отырғанда, бір адам келіп жандарына отырып, оларға қарап, амандаспайды. Олардың кейбіреуі: «Көрсең ғой, Ибраһим, оның бізге қалай қарағанын және бізге сәлем бермегенін» дейді. Ибраһим ибн Әдхам: «Мүмкін ол қиналып жүрген шығар. Сондықтан да, оның жағдайын басында сондай жағдайы бар адам ғана түсінеді» дейді.
Ибраһим әлгі адамның артынан еріп барып, одан: «Саған не болды, неге бізге сәлем бермедің, уа пәленше?» деп сұрайды. Ол: «Менің әйелім босанады, ал менің оған көмектесетін шарам жоқ» дейді. Осыны айтып, кетіп қалады.
Ибраһим серіктеріне келіп: «Алламен ант ентемін, біз ол адамға екі рет зұлымдық жасадық: Біріншіден, біз ол жөнінде дұрыс ойламадық. Екіншіден, оның жағдайына мұқтаж болғанша, қараспадық» дейді.
Содан кейін, Ибраһим біреуден екі динар қарыз алады да, ол ақшаның бір динарына ет, бал, май және ұн сатып алады. Сосын әлгі адамның үйіне асығады.
Ол үйдің есігін қаққан кезде, оның жұбайы ауырып тұрып: «Есік алдында кім тұр?» деп сұрайды. Ол: «Ибраһим бин Әдхам» деп, тағы да: «Есік алдында тұрған нәрсені алыңыз. Алла Сіздерге жеңілдік берсін» деп айтып, кетіп қалады.
Әйелі есікті ашып, әлгі заттарды және үстінде тұрған бір динарды алып, оның: «Иә Алла! Ибраһимның бұл күнін ешқашан ұмытпа!» деп дұға жасағанын Ибраһим естиді.
Алла Тағала Құран Кәрімде: «…Жақсылыққа жарысыңдар…» деп бұйырған. (Бақара:148)
Бауырлар! Қазір де Ибраһимнің тамағы мен динарына мұқтаж қаншама адамдар бар. Қашанға дейін олар бізді күтеді? Сіз көмегіңіз бен қолдауыңызды, садақаларыңыз бен зекетіңізді қазір беруге асығыңыз және ол үшін Рамазан айын күтпеңіз, өйткені олар, Алла біледі, дәл қазір мұқтаждық пен қиыншылықта болуы мүмкін.
Ибраһимнің жасаған мейірімі, ол үшін қаншалықты дұға жасауға әкелді… Ибраһимдей болуға асығайық… Себебі қиналған адамдар үшін аспанның есіктері ашық болады…
Доктор Ато ас-Сынбати
(Аударған Қуат Қабдолда)