Құдайға сенген мұсылман үшін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқан әрбір сөзі мен іс-әрекеті өте маңызды. Өйткені Алла тарапынан жіберілген Пайғамбарларымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір қоғамға, бір ұлтқа не болмаса белгілі бір уақытқа емес, жер бетіндегі барша ұлтқа және ақыретке дейін үмбетінің пайдасына қарай сөз сөйлеген.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөзі мен іс-әрекетіне қарай отырып, әр мұсылман заманына қарай түсінуі мен амал етуі табиғи құбылыс. Осы тұста біз бір хадисті негізге ала отырып, басқаша көзқараспен түсіндіруге тырысып көрейік: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде былай деп бұйырады: «Аллаға және ақырет күніне сенген адам жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін» (Бұхар, «Әдеб», 31; Мүслим, «Иман», 74)
- Пайғамбарымыздың «Аллаға және ақырет күніне иман келтірген…» деп басталатын хадистері көп. Мұндай хадистер бізге мынадай хабар береді: «Егер шын мәнінде Аллаға және бір күні Оның алдына шығып, есеп беретініңізге сенсеңіз, онда мына әрекеттерді жасауға тырысыңыз және жаман мінезден аулақ болыңыз».
Мұндай хадистердің мағынасынан қарама-қарсы мағына шығаруға болмайды. Яғни, «егер адам хадисте айтылғанды орындамаса, ол имансыз және Аллаға және ақыретке сенбейді» деп айтуға болмайды. Бұндай жағдайға тап болған адам, тек иманының әлсіздігі немесе қателесті деп қана жорамалдаумен шектелуі керек.
2) Адамның бақыты мен бақытсыздығына ең көп әсер ететін фактор – оның тілі. Аузымыздан шыққан әрбір сөз бізге қиындық тудыруы немесе құтқаруы мүмкін. Ендеше, дүние мен ақырет бақытын мақсат еткендер ең алдымен не айтып жатқанына мән беруі керек. Аузымыздан шыққан сөзді құлағымыз естімесе, діттеген бақытымызға жете алмаймыз.
3) Құдай тағала Құран Кәрімнің «Қаһф» және «Инфитар» сүрелерінде аузымыздан шыққан әрбір сөзді жазып алатын періштелердің бар екенін хабарлаған. Әр сөзіміз жазылған дәптер бір күні ашылып, соның есебін беретін боламыз. Қиямет алаңында дәптерлері сол жағынан берілгендердің және біздің істегеніміз бен айтқанымыздың онда жазылғанның барлығын көргендердің таңырқауын Алла «Кәһф» сүресінің 49-аятында баяндайды.
Сөз дін тұрғысынан төрт топқа бөлінеді:
(1) Айтуға болатын сөздер. Жақсылыққа шақыру, жамандықтан тыю, жақсылыққа кеңес беру, ақиқат пен сабырға шақыру, сұрақ қойғанға жауап беру, сұрағанға жол көрсету сияқты нәрселер осы топқа жатады.
(2) Айтуға болатын жаман сөздер. Бұл харам немесе мәкрүһ сөздер. Бұл топқа қарғыс, өсек, өтірік, жала, келеке, жағымсыз лақап сөздер жатады.
(3) Жақсысыққа немесе жамандыққа бағытталмаған сөздер. Бұл күнделікті өмірге қатысты, екеуара байланыс орнатқанда қолданылған сөздер. Діни тұрғыдан тыйымдар мен шектеулер болмаған сөздер деп де айтуға болады.
(4) Айтылуында күмәнді болған сөздер. Адамның сөйлеген сөзінің жақсы, жаман немесе рұқсат етілгеніне қатысты күмәнді болған сөздер.
4) Сонымен қатар, Алла елшісінің сөздері мұсылмандарға мынадай кеңес береді: Ойыңызға келген сөзді саналық сүзгіден өткізбей, бірден айтпаңдар. Өйткені бір сөзді айтпас бұрын, ол сөз сіздің ғана еркіңізде. Ал сіз сөзді айтқанда, ол сөз сіздің еркіңізден шығады және сізге үстемдік жүргізеді. Олай болса толық ойланып сөйлеген абзал.
Діннің, дәстүрдің және заңның негізгі ережелерін ескере отырып, өзіңізден сұраңыз: Менің бұл сөзім дініме және дүниеме жақсы себеп бола ма? Бұл сөзді айтқаныма Раббым разы бола ма? Заң бұзбаймын ба? Дәстүріме қайшы емес пе? Егер сіз осы және осыған ұқсас басқа да сұрақтарға жауап бере алсаңыз, онда айтыңыз.
Ал егер сіз бұл сұрақтарға теріс жауап берсеңіз немесе күмәндансаңыз, онда ойыңызға келгенді, жүрегіңіздегі сөзді айтпағаныңыз абзал. Сабырлы болыңыз. Бұл сіздің тәрбиеңіз бен сеніміңізге көбірек әсер етеді. Егер сіз осылай жасайтын болсаңыз, екі дүниеңізге де пайдалы және көптеген зияндардан қорғанасыз.
5) Адамзат тарихына көз жүгіртсеңіз, көптеген ұрыс-керіс, айтыс-тартыс, соғыстар, кісі өлтірулер ауызекі сөзге негізделгенін байқауға болады. Көбінесе адам түсінбей, тыңдамай, мәселенің шындығын зерттемей, асығыс шешім қабылдап соңғы сөзін айтады, бірақ шындықты білгенде, айтқанына өкінеді. Алайда, олар сөзге келмей, аз ғана күтсе, шындықтың беті ашылар еді.
6) Аузымыз мылтық, сөзіміз оқ сияқты. Кездейсоқ тапаншамен оқ атқан адам өзіне немесе жазықсыз адамдарға зиян келтіретіні сияқты, ойланбастан айтқан сөздеріміз өзімізге де, өзгеге де зиян келтіреді.
Қорытындылайтын болсақ. Бұл хадисті тек сөзімізге ғана емес, әлеуметтік желідегі жазбаларымызға да қолдануға болады. Бір нәрсемен бөлісетін болсақ, дінімізге, дүниемізге пайдалы болса, заңымызда тыйым салмаған болса, дәстүрімізге бұл әрекетіміз жат болмаса ғана бөлісіп, лайк басуымыз керек. Әйтпесе, бұндай әрекеттерден аулақ болуымыз керек. Құдайдың әмірлері мен тыйымдары, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) сөздері мен амалдары біздің дүниеде және ақыретте бақытты болуымызды көздейді. Айтқан әрбір сөзімізді осы қағидаға қарай сабақтап, өмір сүрсек, бұл дүниеде де, ақыретте де жақсылыққа кенелеміз, әйтпесе бұл дүниеде де, ақыретте де жамандықтан көз ашпайтын боламыз.
Раббымыз сөйлегенде жақсы сөйлейтіндердің қатарынан болуды жазсын. Бұл дүниеде де, ақыретте де қиыншылыққа ұшырататын сөздерді айтудан сақтасын.
Исатай БЕРДАЛИЕВ,
Ислам құқық ғылымдарының докторы, PhD