Қазақ халқы ертеден-ақ адамгершілікті ардақтап, ұлттық әдепті жоғары бағалай білген. Отбасында ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейтінін, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейтінін сезінген. Отбасы – қоғамның бір бөлшегі, ал оның алтын қазығы – әйел.
Дінмұхаммед Қонаев атамыз, ел басқарып тұрған шағында, сапалап жүріп бір шопанның үйіне түскен екен. Әлгі үй иесі ол кісіден:
«Димеке, қырық жыл ел басқардыңыз, айтыңызшы, осы өмірде жаман əйел мен жақсы əйелдің қандай айырмашылығы болады?» – деп сұраған екен.
Сонда Дінмұхаммед Қонаев қысқаша ғана:
«Жаман əйелдің екі қолында пышақ болады. Бірімен дастархандағы нанды турайды, екіншісімен көрсетпей жаныңды турайды. Жақсы əйелдің қасиеті – қолында оқтауы болады, тілінде тоқтауы болады»-, деп жауап қайырған екен.
Шындығында, әйел – отбасының ұйытқысы, ол отбасында ғана емес, жалпы қоғамның шырақшысы саналады. «Әйел – бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген де соны білдірсе керек.
Ақылды әйел қашанда отбасы мен қызметін бірге ала жүріп, әлемнің бесігін тербеуге мүмкіндік табады. Жар болу мен ана болу, мұның екеуі де әйел мерейін арттырады.
Хз. Мәулана Руми: «Дайындықсыз үйленбе!: Сүйгендер бір-бірін іздемейді, олар о бастан бір-бірінің жүрегінде»,
«Жақсы отбасы құрамын десең екі шарты бар: ізгі жар табу және ізгі жар болу».
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ