Сұрақ: «Жақсы мінез – жанға дос» дегенді қалай түсінуге болады?
Жауап: Дін исламда көркем мінездің орны ерекше. Діннің мақасты да – адамды көркем мінезге тәрбилеу. Ал енді адамның жаны көркем болмайынша оның әрекеті де толық көркем бола алмайды.
Ғұлама әл-Фараби айтқандай: «Жан – адамның айнасы». Жаны жақсы адамның мінезі де, қылығы да жақсы. Ондай адам басқалармен де жақсы мәміледе өмір сүреді. Сол үшін «жақсы мінез – жанның досы» деп айтса керек.
Осы орайда Ибн Хажар әл-Асқаланидің «Мунаббихат» шығармасындағы мынадай нақыл сөзі еске оралады:
– Төрт нәрсе жақсы, алайда одан да жақсы төрт нәрсе бар.
Ер кісінің бойында ұяттың болғаны жақсы, ал ұят әйелде болса, одан да жақсы.
Әр адамның әділ болғаны жақсы, ал әділдік басшыларда болса, одан да жақсы.
Қарияның тәубе еткені жақсы, ал жастар тәубе етсе, одан да жақсы.
Байлардың жомарт болғаны жақсы, ал жомарттық кедейдің бойынан табылса, одан да жақсы.
Қарап отырсаңыз, ғалымның әрбір сөзі бір-бірінен өтеді. Олардың әрқайсысының астарында үлкен мағына жатыр. Адам бойында болуы тиіс бір көркем мінез екіншісін толықтыра түседі.
Басқаша айтқанда адам жақсы мінезді болуы үшін бір көркем мінезбен шектеле алмайды. Оның бойында көркем қасиеттердің болуы үшін адамның жаны көркем болуы тиіс дегенді білдіреді.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ