Васэд университетінің зерттеушісі Танада Хирофумидің айтуынша, соңғы 10 жылда Жапониядағы мұсылмандар саны екі еседен астам өсті.
2010 жылғы статистика көрсеткендей, Жапонияда мұсылмандардың саны 110 000 адамды құраған болатын. 2019 жылдың аяғында олардың саны 230 000-ға дейін өскен. Мұсылмандар санының көбеюі бүкіл елде мешіттер, намазханалар мен халал тамақтану орындары санының артуына себепші болып отыр.
Бүгінде Жапонияда 110 мешіт жұмыс істейді, бұл көптен күткен өзгеріс, дейді жергілікті мұсылмандар қауымдастығының басшысы Мұхаммед Тахир Аббас Хан.
Жапон мұсылмандарының жамағатпен намаз оқуға көбірек мүмкіндіктері болса да, марқұмдарды жерлеу үшін орын табулары қиын. Бұл елде қайтыс болған адамдардың шамамен 99%-ы кремацияланады, яғни өртеп жібереді. Ал бұл исламда тыйым салынған амал екені белгілі. “Егермен бүгін өлсем, қайда жерленетінімді білмеймін”, – дейді Хан.
Жапон мұсылмандары қауымдастығы он жыл бұрын жаңа зират іздеуді бастады. Олар 70 миллион иен (700 мың доллар) жинап, бір ауыл маңынан жер тапқанымен, жергілікті тұрғындардың наразылығына байланысты оны сатып ала алмады.