Нәби (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады:
«Мен жәннатта жүргенімде екі жағында қуыс меруерттен жасалған мұнаралары бар суатты көрдім.
– Уа, Жәбірейіл! Бұл не? – деп сұрағанымда, ол:
– Бұл – Раббың саған берген Кәусар, – деп жауап берді.
Суаттың түбі ең хош иісті мисктен [хош иісті әтір] еді».
(Бұхари)
@hadis_sharip парақшасына жазылыңыздар!
Хадиске түсініктеме
Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтуынша, Кәусар – оған Алла Тағала Ақыретте сый етіп беретін өзен. Оның айналасында, хадисте айтылғандай «көктегі жұлдыздай көп» ыдыс болады. Сол ыдыспен Кәусардың суын ішкен адам ешқашан шөлдемейді.
Сонымен қатар, Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) бір сөзінде: «Кәусар – Раббым маған нәсіп ететін жәннаттағы өзен», – деп, оны: «Екі жағасы алтыннан, арнасы інжу-маржан, жақұттан, иісі мисктің иісінен жағымды, суы балдан тәтті, қардан ақ», – деп сипаттаған. (Имам Ибн Кәсир тафсирі)
Осы жерде бір сұрақ туады: Қиямет күні мұсылман үмбеті ішетін Кәусар мен жәннаттағы Кәусар – бір Кәусар ма, әлде екі түрлі Кәусар ма?
Имам Қуртуби (рохматуллаһи ғаләйһи) оның бірі – Сыраттың бер жағындағы орын, екіншісі – жәннаттағы өзен, екеуі де «Кәусар» деп аталатыны жайында айтқан.
Кәусар – «мол жақсылық» дегенді білдіреді. Негізінде Хауз (Кәусар) таразыдан бұрын болады. Өйткені қабірлерінен шөлдеп тірілген адамдар, таразыда амалдары өлшенуден бұрын, алдымен Кәусар хауызына барады.
Сонымен қатар, әр пайғамбардың өз хауызы болады. Имам Тирмизидің «Әл-Жәмиғінде» Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) мына сөзі келтірілген: «Әрбір пайғамбардың хауызы болады. Олар хауыздары үлкендігімен өзара бәсекелеседі. Менің хауызым ең үлкен болады деп үміттенемін». (Мирқатул-мафатих шарху Мишкатил-Масабих)
Анығы Алла Тағалаға мәлім!
Алла Тағала баршамызға Ақыретте Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) хауызынан дәм татып, жәннаттағы Кәусар суын нәсіп еткей!