Сұрақ: Саудада аз жұмыс жасап, көп пайдаға кенелуге мүмкіндік бар. Исламда бір амал жасап жәннаттық болатындай не істеу керек?
Жауап: Ислам адамның бұл дүниесін һәм ақыретін қамтыған дін. Ислам қағидаты бойынша адам өмір бойы дұрыс өмір сүріп, басқалармен жақсы қарым-қатынаста болуы тиіс. Ислам осыған шақырады яғни, ислам өмірлік дін десек болады. Бір ізгілік жасап, «жәннат менің қалтамда» деп қалған уақытта немқұрайлы өмір сұруге рұқсат берілмеген. Адам исламның әдеп пен талаптарына сай өзін тәрбиелеп, үлгілі отбасын құрып, жақсы әке, бауыр, адал дос, қоғам мүшесі болып ғұмыр кешуі міндеттелген. Пайғамбардың (с.ғ.с.) дәуірінде де бір араб келіп осындай сұраққа жауап іздеген екен. Бұл жайында Әбу Айюб әл-Әнсаридің риуаятында былай делінеді:
«Бір бәдауи араб жол бойында пайғамбардың (с.ғ.с.) алдынан шыға келіп:
– Ей, Алланың елшісі! Мені жәннатқа жақындататын һәм тозақтан ұзақтататын амалды айтыңыз, – деді.
Пайғамбар (с.ғ.с.):
– Аллаға құлшылғыңды жаса. Оған еш нәрсені серік қылма. Намаз оқып, зекетіңді бер. Туыстық қатынаста бол! – деп кеңес берді».
Бұл хадистен әдеттегідей бірнеше қорытынды жасауға болады. Мысалы, бәдауй арабтар – шөл даланың адамы болғандықтан көп жағдайда сөздері дөрекі, әрекеттері қопал болады. Бұл жолы да даланың арабы пайғамбардың (с.ғ.с.) алдынан шыға келіп, аман-саулығы жоқ дереу ат үзеңгісінен шап беріп, өзін жәннатқа кіргізетін кеңес сұрайды.
Пайғамбар (с.ғ.с.) бар болғаны жымиып, оған кеңес береді. Ол өзінің мансабын айтып, әлгі бәдауйді тәртіпке шақырмады. Керісінше, оның қажетін орындады. Мұсылман бір көркем амалмен ғана жәннаттық болуына кепілдің жоқ екенін айтты. Сонымен қатар пайғамбардың (с.ғ.с.) бұл әрекеті мұсылмандардың арасындағы қарым-қатынастың қандай болуы керектігін көрсетеді.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ
иә намаз оқыдым енді мен жәннатқа кіремін де басқа амал етпей отыруға болмайды. Мінезімізді көркем етіп, Алла парыз еткен құлшылықтарымызды орындап жүрейік.