Сұрақ: Жаннат аңсайтын үш сахаба туралы естідім, олар – кімдер?
Жауап: Имам Әбу Дәуіттің хадистер жинағында Пайғамбармыздан риуаят етілген мына хадисте “Жәннат мына үш кісіні аңсайды: Әли, Аммар ибн Ясир және Сәлман” осы үш сахаба аталады. Енді осы сахабалар туралы қысқаша мәлімет бере кетейік:
- Әли Ибн Әбу Тәліп (р.а.).
Негізгі аты – Әли ибн Әбу Тәліп ибн Әбдүл-Мүттәліп ибн Хишам ибн Әбди Манап ибн Құсайи ибн Киләб ибн Мүррә ибн Кағб Лүей әл-Құрайыши әл-Хашими. Ол – хижрадан жиырма жыл бұрын дүниеге келген, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ағасы Әбу Тәліптің шаңырағындағы кенже ұл.
Әзірет Әли – мүминдердің әміршісі, әдәлетті төрт халифаның төртіншісі, жәннатпен сүйіншіленген он сахабаның бірі, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) күйеу баласы, Алланың арыстаны, ғылым қаласының қақпасы ретінде танылған төртінші халифаның ғұмыры дастанға толы. Оның шыншылдығы, батырлығы, Расулаллаға (с.а.с.) жақындығы, тақуалығы мен парасаттылығы кейінгі ұрпаққа өнеге. Бойындағы өшпес иманы мен мұқалмас жігері жағынан да сахабалардың арасында орны ерекше.
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ғұмыр кешкен уақытындағы маңызды соғыстарға қатысып, сайыпқыран батырлықтың үлгісін көрсетті. Пайғамбарымыз жанындай жақсы көрді. Ол (с.а.с.) дүние салғаннан кейін де хазіреті Әли бүкіл ғұмырын исламды жаю және сақтау жолында жұмсап, кейінгі ұрпаққа қызыға қарап, тамсана тыңдар тарих қалдырды.
Тарихшылардың берген мәліметтеріне қарағанда, баһадүр Әли тоғыз немесе он жасында мұсылман болған. Ол Хадиша анамыздан кейін Исламды алғаш қабылдаған адам бақытын иеленген. Бала кезінен мұсылмандықты қабылдаған жау жүрек Әли өмірінің соңына дейін Ислам жолында табандылық пен шынайылық, Аллаға деген иманының беріктігі мен Расулаллаға деген сүйіспеншілігінің асқан үлгісін көрсетті.
Әзірет Әли (р.а.) батырлығымен қоса ықыластылы-ғымен де ерекшеленетін. Не істесе де Алланың ризалығы үшін істейтін. Пендешілік араласқан істен бірден бас тартатын. Ол таңдай қақтыратындай өте тақуа адам болатын. Тақуалыққа байланысты ол, “Тақуаға өте абай болыңдар және оны амалдарыңыздың қабыл етілуі үшін дәнекер етіңдер. Тақуамен жасалған ешбір амал аз болып есептелмейді. Қабыл болған амалдың аздығы бола ма?” дейтін[1].
Әзірет Әли сахабалардың арасындағы аса білімділерінің бірі еді. Жастайынан Исламды қабылдап, алғаш мұсылман болған адамның бірі ретінде Пайғамбарымыздың ұдайы қасында жүруі Оның (с.а.с.) кәусар бұлағынан қана сусындауына мүмкіндік жасады. Пайғамбарымыз оның ілімінің жоғарылығын: “Мен – ілімнің қаласымын, Әли – оның қақпасы. Ілім үйренгісі келгендер сол есіктен енсін”[2] деп білдірген.
Әли (р.а.) уахиді хатқа түсіруші әрі жатқа білушілерден болатын. Алла Расулы дүние салған соң алты ай ішінде оның Құранды түсу кезегіне қарай жинастырғандығы білім адамдарына мәлім. Ол – Құран ілімдерін жақсы меңгерген-дердің бірі. Бұл жайлы оның өзі былай дейді:
– Менен сұраңыздар. Уаллаһи менен сұраған сұрақтарыңыздың бәріне жауап беремін. Менен Алланың кітабы жайында сұраңыздар. Уаллаһи, оның күндіз бе, түнде ме, тауда ма, қырда ма, түскенін мен білмейтін ешбір аят жоқ[3].
Сонымен қатар оның Құран аяттарына жасаған жорамалдары, риуаят еткен хадистері мен хадистерді түсіндірулері, бұларды қорытып шығарған үкімдері, тәпсир, хадис және фиқһ кітаптарында кездеседі. Әбу Бәкір (р.а.), Омар (р.а.) және басқа да көптеген сахабалардың әзірет Әлидің іліміне берген әділ бағалары жеткілікті.
Әли әл-Муртада – бойына жақсылық атаулыны жия білген Ислам тарихындағы атаулы тұлғалардың бірі. Әли (р.а.) ақыл-ойы және парасатымен ерекшеленді. Кеңес жиналыстарының белді мүшелерінен еді. Омар ибн Хаттаб пен Осман ибн Аффанның халифалықтары кезеңінде оның кеңестері мен тигізген пайдалары орасан зор. Міне, сондықтан да әзірет Омар “Әли болмағанда Омар құрдымға кетер еді” депті.
Әзірет Әли ислам үмбетінің бірлігіне аса мән беретін. Бір күні сүннет, бидғат, бірлік, бөлінушілік жайлы сұраған Ибн Кәууәға: “Сүннет – Мұхаммедтің (с.а.с.) жолы. Бидғат – ол сүннеттен айырушы нәрселер. Жамағат – аз болса да, дұрыс адамдардың бірігуі, бөлінушілік – көп те болса, дұрыс болмаған адамдардың бірігуі”,– деп жауап берген екен.
Ол қара қылды қақ жарар әділеттілігімен де тарихта терең із қалдырған. Діни білімі мол сахабалардың арасында беделді ғалым сахаба Ибн Аббас (р.а.) былай дейді:
“Әлиге Алла мейірімін жаудырсын! Аллаға ант етейін! Ол тура жолдың желбіреген байрағы, тақуалықтың ұшы-қиырына көз жетпейтін теңізі, ақылдың бұлағы, ел-жұрттың бағына маңдайы жарқырап туған хас тұлғасы еді.
Қараңғылықтың қырық қатпарына сәулесін түсірген нұрлы жан еді. Жұлдыздан да биік мақсаттарды нұсқап, көне тарихты жеткізіп, айтқаны айнымай келетін жорамал жасап, жақсы насихат беретін. Исламның адамға тура жол нұсқайтын қағидаларын қатаң ұстанатын.
Зұлымдық атаулыдан, шүбәлі жолдан алыс жүретін. Иман мен тақуа иелерінің ең қайырлысы еді. Пайғамбарымыздың көйлегі мен шапанын кигендердің ең мырзасы еді. Қажылық және са´й жасаушылардың ең мәртебелісі, әділет пен теңдікті орнатуда өте сезімтал еді. Пайғамбарлар мен хазіреті Мұхаммедтен кейінгі асыл сөздің зергері еді.
Әйелдердің ең қайырлысының жұбайы, Пайғамбардың екі немересінің әкесі еді. Менің көздерім дәл сондай өзге ешкімді көрмеді, қияметке дейін де көре алмас. Алла мен құлдарының лағынеті – Әлиге лағынет етушілерге болсын! ”.
Оның халифалығы төрт жыл тоғыз айға созылды. Хижра жыл санағының қырқыншы жылы, Рамазан айының он жетісінде, жұманың таңында, таң намазын оқуға шыққан әзірет Әлиді харижит Абдуррахман ибн Мүлжәм улы қылышымен басынан жарақаттады. Соның салдарынан, алпыс үш жасында Әли (р.а.) дүниеден өтті.
Әзірет Әли – төрт ұл мен тоғыз қыздың әкесі. Бұлардың арасындағы Пайғамбарымыздың “олар менің дүниеде иіскеп сүйген екі райханым” деген ұлдары Хасан мен Хұсейн, қыздары Зейнеп пен Үммүгүлсім Алла Елшісінің (с.а.с.) қызы Фатима анамыздың құрсағынан шыққан.
Аммар ибн Ясир.
Әбу әл-Иақзан Аммар ибн Ясир әл-Анси (қ.ж. 37/657). Алғаш мұсылмандықта қабылдаған сахабалардың бірі. Пайғамбарымыз (с.а.с.) жасырын түрде ислам дінін уағыздай бастаған кезде атақты Әркамның үйінде мұсылмандықты қабылдаған алғашқы жеті кісінің бірі. Оның әкесі мен шешесі ислам тарихында ең алғаш шейіттіктің шәрбатын ішкен кісілер. Әкесі – Ясир, анасы – Сүмәййа.
Меккелік мүшіріктер ислам дінін қабылдағандарға азаптың неше түрін көрсеткені белгілі. Осы Ясир отбасының Меккеде паналар туыстары болмағандықтан Құрайыштықтардан өте ауыр жапа шегіп, талай азап көрді. Алайда құрыштай берік имандарының арқасында азаптың ешбіріне мойымаған.
Шешесі Сүмәййа Әбу Жәһилдің қолынан өлім құшып, ислам тарихындағы алғашқы шейіт мәртебесн иеленген әйел атанды. Әкесі де дәл солай азапталып өлтірілді. Ал Аммар осы ауыр азаптан құтылу үшін мүшіріктердің сыйынған құдайлары Лат пен Ұззаны жүрегімен емес тілінің ұшымен ғана мойындап, жанын сақтап қалған еді.
Мүшіріктердің қолынан босап шыға салысымен Пайғамбарымызға барып, басына түскен жағдайды баяндап береді. Алла елшісі Меккеліктірдің құдайларын айтқан кезде жүрегінің қандай сезімде болғанын сұрады. Аммар жүрегінде Аллаға деген зәредей күмән жоқтығын, иманының берік екенін айтқанда, Пайғамбарымыз қайтадан дәл сондай азапқа ұшыраған жағдайда, дәл солай құтылудың иманына селкеу түсірмейтіндігін айтып, адал серігінің көңіліне жұбаныш сыйлаған-ды.
Осы оқиғаға байланысты түскен Құран аяты жүрегі иманға толы жағдайда, діндерінен бас тартқызу үшін қиналғандардың тілімен ғана мойындауларының имандарына зиян бермейтінін «Алайда жүрегі иман нұрымен нұрланып, көңілі жай тапқан соң, қатты қысым көріп күпірлік сөзді еріксіз айтқан жанның жөні бөлек» («Нахыл», 106) деп баяндаған.
Мәдинаға қоныс аударған кезда Пайғамбарымыз (с.а.с.) оны Хузайфа ибн Иеменмен бауырластырған. Мәдинадағы Пайғамбар мешітін салу кезінде барын салып еңбектенді. Елдің бір кірпіш, ал Аммардың екі кірпіш тасығанын көріп ризалық танытқан Алла елшісі: «Әй, Аммар ай! Оны бұзғыншы бір қауым өлтіреді. Аммар оларды жұмаққа, ал олар оны тозаққа шақырады» дейді (Бұхари, Солат, 63).
Жаужүрек Аммар Пайғамбарымыздың қатысқан барлық соғыстарына қатысқан. Халифа Әбу Бәкірдің кезеңінде жалған пайғамбар Мұсәламаға қарсы жасалған Иәмама шайқасында бір құлағынан айырылғанына қарамастан жанкештілікпен шайқасып, ыдырауға шақ қалған мұсылман әскерлерін қайта жинап алған-ды.
Омар ибн Хаттабтың халифалығы тұсында Куфаға әкім ретінде жіберіліп, сол кезеңде орын алған Нихауәнд және Хузистанды алу шайқасына қатысқан. Әзірет Әлидің халифалығы кезінде орын алған Жәмәл және Сыффин шайқастарында Әлидің жағында шайқасты. Сыффин шайқасында 93 жаста болғанына қарамастан әзірет Әлидің жаяу әскеріне қол басшылық жасап, сол шайқаста шейіт болған. Әзірет Әлидің өзі жаназа намазын өтеп, сол жерде жерленген.
Аммар шейіт түскенде Әлиге қарсы соғысқан Мұғауия ибн Әбу Суфиянның әскерінің арасында үлкен дүрбелең орын алды. Пайғамбарымыздың жоғарыда «Оны бұзғыншы бір қауым өлтіреді» деген хадисін еске алып, уайымға салынғандардың арасында Амр ибн Ас та бар еді. Ол «мұндай сұмдықты көргенше, жиырма жыл бұрын өліп кеткенімде ғой» деп қатты қайғырды. Сол кезде Мұғауия оған «Оны біз өлтірген жоқпыз. Оны осы жаққа алып келгендер өлтірді» деп оның көңілін басуға тырысқан.
Аммар 62 хадис риуаят еткен. Олардың алтауы Бұхари мен Мүслімнің сахих жинақтарында келген. Одан әзірет Әли, Абдулла ибн Аббас, Әбу Мұса әл-Әшғари, Жәбір ибн Абдулла, Мұхаммед ибн Ханафия және өзге де кісілер хадис риуаят еткен.
Ешбір намазын қаза қылмағандығы риуаят етілген. Ислам тарихында үйінің бір бөлігін мешітке берген ең алғашқы кісі – осы Аммар ибн Ясир.
Сәлман Парсы.
Парсы жерінің Исфахан аймағындағы Рамахурмуз ауылында жарық дүниеге келген Сәлманның шын аты – Мәбаһ[4]. Оның мұсылмандықты қабылдауы нағыз Жаратушысын іздеп, шарқ ұрған адамның қиындыққа толы тамаша хикаясы.
Иран жерінде ол кездері отқа табыну кең тарап, ислам шуағы әлі ол өңірге жете қоймаған сол қараңғылық кезеңде ақиқатқа жаны ғашық Сәлман отқа табынуды жатсынып, христиандыққа өтеді. Сонда да жаны жай таппай адал, діндар ұстаз іздеумен болды.
Сәлман Мусулдан Нусайбинге, ол жерден Амурияға барады. Сол жерде шынайы дінді ұстанушылардың ең соңғыларының бірі саналған қарт монах бар еді. Ақиқатты іздеуге деген шексіз махаббат жетелеген Сәлман Амуриядағы монахқа қызмет жасап, күндерін құлшылықпен өткізеді. Қарт монах көз жұмарда оған соңғы өсиетін жеткізеді:
«Балам, дәл қазір саған насихат ететін біз сияқты ешкім қалмады. Бірақ, Ибраһимнің діні бойынша жіберілетін соңғы пайғамбардың келетін заманы өте таяу. Ол – араб жерінен шығады. Сосын екі жағы тастақты құрма өскен жерге көшеді. Оның бойында пайғамбар екеніне куәлік ететін анық дәлелдер бар.
Мен білетін үш айқын дәлелі мынау: Ол – садақа алмайды, бірақ сыйды қабыл етеді, екі иығының ортасында пайғамбарлығын дәлелдейтін мөрі бар. Шамаң келсе, сол жерге жет»[5].
Ешқандай қиындыққа қарамай, жолға шығып, ақырында құлдыққа да сатылып, діттеген жеріне жетеді. Мәдинада яһуди қожайынының қолында жұмыс істеп жүрген кұндердің бірінде, бір кісінің пайғамбарлығын жариялағанын естіп, Құбаға тартып тұрады.
Ұстазының өсиеті бойынша Пайғамбарымыздың жанына барып, айтып кетекн белгілерін көргісі келеді. Сәлман Парсы былай дейді:
«Алла Елшісі сахабаларымен бірге сұхбаттасып отыр екен. Мен оларға: «Сендер кедей жансыңдар. Мен садақа алатын жер іздеп жүр едім. Мыналарды сендер үшін әкелдім. Ал, кәне, дәмнен алыңдар», – дедім.
Алла Елшісі (с.а.с.) жанындағыларға қарап: «Сендер жеңдер», – деді. Өзі ауыз тимеді. Ішімнен «Монахтың айтқан бірінші белгісі» дедім. Ертеңіне тағы бардым: «Бұл садақа емес, сендерге арнаған сыйым, дәмнен алыңдар»,– дедім. Алла Елшісі (с.а.с.) сахабаларға қарап «алыңдар»,– деді. Өзі де жеді. Ішімнен «екінші белгі де анықталды» –дедім.
Бір күні сахабалардың біреуі қайтыс болды. Пайғамбарымыз (с.а.с.) да жаназаға қатысып, Бақиу’л-Ғарқадқа (Мәдина мазараты) келді. Жанына барып сәлем бердім. Сосын арқа жағына барып, пайғамбарлық мөрін көруге тырыстым. Ол да ниетімді сезе қойды. Онсыз да иықтары ашық болатын. Осылайша көзге ұрып тұрған пайғамбарлық мөрін де көрдім. Үшінші белгі де дәл монахтың сан жылдар бұрын айтқанындай.
Өзіме-өзім ие бола алмай айрықша толқып, құшақтап, мөрді сүйе бастадым. Алла Елшісі (с.а.с.): «Тоқта, тоқта!»,–деді. Мен кейін шегіндім. Содан кейін алдына отырдым да, басымнан кешкенімді түгелдей баян еттім. Ол қатты қуанды. Тіпті, Оған айтқандарымды сахабалардың да естуін қалады…»[6]
Мұсылман болғаннан кейін оны Пайғамбарымыз сахабаларымен бірігіп иесінен сатып алып, азат етті. Іздегеніне қолы жеткен Сәлман бүкіл ғұмырын хақ дінін жаюға атады.
Оның алғаш қатысқан шайқасы – Хәндәқ шайқасы. Бұл шайқас – Ұхұт шайқасынан екі жылдан кейін болған маңызды қақтығыстардың бірі.
Мүшріктер одақтастарымен бірігіп, он мың әскер жинап, Мәдинаға шабуыл жасады. Пайғамбарымыз қаланың ішінде тұрып қорғаныс жасағанды мақұл көрді. Алайда қалаға кіруге бөгет боларлық қорғанның болмауы, қаланы жаудан қорғап қалуда қиындық туғызды. Пайғамбарымыз сахабаларымен кеңесті.
Сәлман Парсының ұсынысы қабылданып, қаланың айналасына ор қазылды. Қазылған ор шайқаста жеңіске жетуге басты себеп болғандықтан, бұл шайқас Хәндәк (ор) деп аталған еді. Осылайша мұсылмандар Сәлман Фарисидің кеңесі мен Алланың жәрдемі арқасында маңызды жеңіске жеткен-ді.
Сәлман Пайғамбарымызбен (с.а.с.) бірге бұдан кейінгі шайқастардың бәріне қатысып, Алла Расулының жанынан бір елі айырылмады.
Пайғамбарымызды (с.а.с.) айналшықтап, маңынан шықпайтын. Түннің бір уағына дейін Оның сұхбаттарын тыңдап, рухына сіңіретін. Пайғамбарымызға жақын жүргендіктен, Оның ілім бұлағынан қалағанынша қанып сусындаған ғалым сахабалардың бірі болды. Пайғамбарымыз ол жайлы: «Шын мәнінде Сәлман ілімге қанық болды» деген еді.
Әзірет Әли: “оған бұрынғылар мен кейінгі келгендердің ілімі берілді. Оның іліміне пара-пар келер ілім жоқ» десе, Муаз ибн Жәбәл сияқты білгір сахабалардың бірі қайтыс болмай тұрып айналасындағыларға ілімді Сәлман Парсыдан (р.а.) алуды айтып кеткен болатын[7].
Сәлман Парсы халифа Омардың тұсында Иранның алынуында маңызды рөл ойнады. Иран алынғаннан кейін әзірет Омар оны Мәдәин қаласына әкім қылып жіберді. Ол міндетін адал орындап, халықтың құрметі мен сүйіспеншілігіне бөленді.
Сәлман (р.а.) әкім болып тұрған күннің өзінде қарапайымдылығы мен кішіпейілділігінен танбады. Халифа Омар оны ерекше қадірлейтін. Ол ілімі мен қоса тақуалығымен де ерекшеленді.
Исламға кіру үшін қиын да қилы оқиғаларды басынан өткеріп, ақырында Ислам нұрына шомған бұл абзал тұлға жайлы Пайғамбарымыз: «Жәннат мына үш кісіні аңсайды: Әли, Аммар ибн Ясир және Сәлман»[8] деп, оның о дүниелік жоғарғы дәрежесін тұспалдаған.
Алау Әділбаев
теология ғылымының докторы
[1] Сахабилер ансиклопедиси, т.1, 81-82.
[2] Тирмизи, Манақиб :20.
[3] Табақат, 2:338.
[4] Табақат, 4:75, Усдул-ғаба, 2:417.
[5] Ахмад ибн Ханбал, 5:442-443; Табақат, 4:77-78.
[6] Сира, 1/228-234.
[7] Табақат, 4:85.
[8] Тирмизи, манақыб:34.