2009 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев Қазақстан Халқы Ассамблеясының сессиясында сол уақыттағы дін саласында орын алып жатқан жайттарға байланысты діни қызмет саласымен айналысатын жеке мемлекеттік орган құруға қатысты ұсыныстар енгізіп, нәтижесінде Қазақстан Республикасының Дін істері агенттігі жұмысын бастаған болатын.
2012 жылдан бастап өңірлерде құрылған Дін істері департаменттері қазіргі уақытта Дін істері басқармалары ретінде қызметін жүргізіп келеді. Біз Жамбыл облысы әкімдігінің дін істері басқармасының атқарылған жұмыстары туралы басқарма басшысы Омаров Жангелді Жайлауұлымен сұхбат жүргізген едік.
– Жангелді Жайлауұлы, бүгінгі таңда Жамбыл өңірінде қанша діни бірлестік қызмет атқаруда?
– Жамбыл өңірінде 11 конфессияға тиесілі 356 діни бірлестік пен олардың филиалдары өз жұмысын жүзеге асыруда. Оның ішінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 310 мешіт пен христиандық бағыттағы 46 шіркеу бар.
Облысымызда бұдан бөлек, діни іс-шараларды ғибадат үйлерінен тыс жерлерде өткізуге арналған 42 үй-жай, оның ішінде 40 исламдық намазхана мен 2 христиандық құлшылық үйі қызмет атқаруда.
Сондай-ақ, Оңтүстік Корея, Польша, Германия, Италия және Қазақстан аумағынан 8 азамат облысымызда арнайы мемлекеттік тіркеуден өтіп миссионер ретінде жұмыс жасап жатыр.
Облыс әкімдігінің дін істері басқармасы және Дін проблемаларын зерттеу орталығының қызметкерлері тұрақты түрде діни бірлестіктердің, миссионерлердің, діни іс-шараларды ғибадат үйлерінен тыс жерлерде өткізуге арналған үй-жайлардың қызметін зерделеу жұмыстарын жүргізіп отырады. COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуына орай енгізілген карантин талаптарына байланысты қазіргі уақытта облыс аумағындағы діни бірлестіктердің қызметі тоқтатылған.
Бүгінде өңіріміздегі діни конфессиялар арасында келісім мен бейбітшілік орнығып, өзара келісім негізінде қызмет етуде. Бұл діни бірлестіктердің Конституциямен қорғалған наным-сенім бостандығы мен дін саласында атқарылып жатқан жемісті еңбектерінің нәтижесі. Бүгінде біз бірінші кезекте діни бірлікті өте мықты ұстауымыз шарт, өйткені, діни бірлік болмайынша, ұлттық бірлікте болмайды.
– Дін саласы бойынша жұмыстардың маңызды бөлігі қатарына ақпараттық түсіндіру жұмыстары жататыны белгілі. Осы орайда басқарма тарапынан халықтың діни сауаттылығын арттыруда, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуда қандай жұмыстар атқарылуда?
– Расында Дін істері басқармасының маңызды міндеттерінің қатарына ақпараттық-түсіндіру шараларын жүргізу кіреді. Себебі ақпараттық-түсіндіру шаралары идеологиялық тұрғыдан маңызды әрі жауапты жұмыс. Ол арқылы біз халықтың рухани иммунитетін көтеріп, теріс діни ағымдардан сақтануына жағдай жасаймыз.
Бүгінгі таңда облыста дін саласы бойынша 6 облыстық, 7 қалалық, 10 аудандық ақпараттық түсіндіру топтары бар және жалпы саны 122 адам қамтылған. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары әртүрлі бағыттарда нысаналы топ өкілдерімен жүзеге асырылып, зайырлы қоғамдағы діни бірлестік өкілдеріне де қатысты өтуде.
АТТ мүшелері құрамында тек дінтанушы-теолог мамандар ғана емес, заңгер, психолог, әлеуметтанушы және т.б. саланың өкілдері бар. Облыстағы барлық деңгейдегі ақпараттық-түсіндіру топтары 2019 жылы түрлі форматтарда 2170 іс-шара өткізіп, оған 119 мыңнан астам адам қамтылса, 2020 жылдың І жартыжылдығында 115 іс-шара өткізіліп, 6 мыңға жуық тұрғын қамтылды.
Қазіргі уақыттағы карантин талаптарына байланысты ақпараттық-түсіндіру топтарының қызметі онлайн режимге ауыстырылып, өз жұмысын жалғастыруда. Атап айтқанда, бүгінгі күнге дейін 35565 интернет қолданушысын қамтыған 53 онлайн дәріс өткізілді. Дәрістер барысында мамандар тарапынан дін саласындағы аса өзекті тақырыптар бойынша түсіндіру жұмыстары жасалды. Тұрғындар әлеуметтік желілер арқылы дінтанушы мамандарға көкейлеріндегі сауалдарын жолдап, жауаптар алуда.
– «Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның» облыс аумағында орындалу барысы қандай? Өзіңіз басқарып отырған дін істері басқармасы қандай жобаларды жүзеге асыруда?
– Бұл бағдарламаның ерекшелігі – діни саладағы ахуалды оңтайландыру үшін идеологиялық, түсіндіру және оңалту жұмыстарына көңіл бөле отырып теріс ағымдардың алдын алумен қатар әртүрлі радикалды топтарға кірген азаматтардың қоғамға бейімдеу, қалыпты ортаға қосу.
Оңалту жұмыстарының арқасында 2015 жылдан бүгінгі күнге дейін жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде, деструктивті діни бағыттағы 806 азамат қоғамға қайтарылса, оның 78-і биылғы жылы атқарылған жұмыстың нәтижесі. Аталған жұмыстар құқық қорғау және арнайы органдармен бірлесе отырып, еліміздің ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан ұсынылған әдістемелеріне сәйкес жүргізілуде.
Оңалту және қоғамға бейімдеу шаралары күрделі, әрі аса өзекті жұмыстардың қатарына кіреді. Оңалтуға қол жеткізу машақаттылықты талап етеді. Дінтанушы мамандарымыз оңалту жұмысы бойынша мекенжай арқылы жеке кездесуге барып жатады. Қоғамға бейімдеу шараларына қол жеткізу үшін бір азаматпен бір рет қана емес, бірнеше рет кездесу де жүргізіліп, кейде 7-10 реттен де сұхбаттасуға тура келеді.
Оңалту бағытында басқармаға қарасты Дін проблемаларын зерттеу орталығының 7 штаттан тұратын Оңалту бөлімі нәтижелі жұмыстар атқаруда. Орталықта 3 психолог маман бар. Теріс ағымдарға кіріп, кейін оңалту жұмыстарының арқасында беті-бері қарағандар болғанымен, керісінше олардың орнын өзге азаматтарымыз толықтырып жататын жағдай да бар.
– Қазіргі таңда жастарымызға шетелде діни білім алуға шектеу қою керек пе? Шетелде діни білім алу қаншалықты қауіпті?
– Шын мәнінде бүгінде шет елдерге діни білім алуға кеткен әрбір азаматтың деструктивті діни ағымның жетегінде кетуінің қаупі бар. Сондықтан басқарма шетелде діни білім алушы азаматтарымызбен тығыз қарым-қатынаста жұмыстарды атқарады.
Қазіргі таңда деструктивті діни идеологияның алдын алудың бірден бір жолы – діни білімнің деңгейін арттырып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Бүгінде өңірімізде шетелдік діни білім беру орындарында оқитын азаматтардың саны – 26 адамды құрап отыр. 2019 жылы шетелде діни білім алған 10 азамат елге қайтарылса, биылғы жылы Қордай ауданынан – 2 азамат Отанына оралды. 2010 жылдан бері шетелдік діни оқу орындарынан облысымызға 137 азамат қайтарылған болатын.
Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә. Назарбаев еліміздегі дін мәселесіне байланысты орын алған осы бір өзекті мәселелерге арнайы тоқталып: «Ел азаматтарының шетелде діни білім алуының реттелмеуі, олардың деструктивті діни идеологияның жетегінде кетуіне және өз елінде маман ретінде сұранысқа ие болмауына әкеп соқтырады. Шетелдің күмәнді діни оқу орындарына оқуға кеткен қазақстандықтарды елге қайтару проблемасы әлі де өзекті болып отыр. Ел азаматтарының Қазақстанда діни білім алуы мүмкіндігін қамтамасыз ету қажет», – деп атап көрсеткен еді.
– Яғни өз елімізде де діни білім алуға толық мүмкіндік бар дейсіз ғой?
– Бүгінгі таңда отандық діни оқу орындарының мүмкіндіктері мол. Облыс орталығындағы «Һибатулла Тарази» медресесі биыл медресе-колледж сертификатын алды.
Биылғы оқу жылында «Һибатулла Тарази» медресе-колледжін 25 шәкірт тәмамдады.
Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетінде облыстан дінтану және исламтану мамандықтарында 96 азамат білім алса, оның 13-і биылғы жылы оқуын аяқтаған болатын.
Бұдан бөлек, дінтану, исламтану және теология мамандықтары бойынша облысымыздан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде – 19, Қ. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде – 7, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде – 5 студент оқиды.
Биыл аталған 4 университетті 27 түлек тәмамдады. Олар вакантты орындарға орналастырылуда. 2019 жылы облысымыздағы Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде «тарих-дінтану» мамандығы ашылған болатын. Өзіміздің білімгерлерді дін саласы бойынша облысымызда даярлап шығару көзделуде. Осылайша, кадр тапшылығының мәселесі де шешіледі деген ниеттеміз. Азаматтарымыз өз елінде білім алуға күш салуы тиіс.
– Өңірімізде «Жусан» операциясы аясында елге оралған отандастарымызбен қандай жұмыстар жүргізілуде? Бұл операцияның еліміз үшін маңыздылығы қандай деп ойлайсыз?
– Ресми дерекке сүйенсек, 2019 жылы өткен «Жусан» операциялары аясында 595 отандасымыз елге оралса, оның 406-сы – балалар.
Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев «Жусан» операциясының соңғы кезеңіндегі мәлімдемесінде: «Жусан гуманитарлық операциясының қорытындылары мемлекетіміздің өте күрделі міндеттерді тиімді шешуге қабілетті екенін көрсетті» деп атап өткен.
Расында «Жусан» операциясы мемлекетіміздің өз азаматтарына деген жоғары дәрежедегі қамқорлығын көрсетті. Адасушылықпен шекара асып, өзге елдегі қақтығыстарға қатысқан азаматтарымыз елге қайтарылды. Бұл операцияға әлемдік қауымдастық өкілдері де оң бағасын берді және өзге елдерге үлгі ретінде көрсете білді.
«Жусан» операциясы аясында елге жеткізілген азматтарымыз Ақтау қаласындағы оңалту орталығында болып, психолог және теолог мамандармен жұмыс жүргізілді. Оның ішінде Жамбыл облысы әкімдігінің «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» қызметкерлері де Ақтау қаласындағы оңалту орталығындағы дерадикализация жұмыстарына қатысып, тәжірибе жинақтап қайтты.
Облысымызға «Жусан» операциясы бойынша 9 әйел мен 20 жасөспірім оралды. ҚР ҰҚК департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, дінтанушы мамандарымыз жоспарға сәйкес бұл азаматтармен жеке кездесу жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп отырады.
Аталған операция аясында елге оралған азаматтарымыздың бірқатары өздерінің төлқұжаттарын жоғалтқан. Балалардың басым бөлігі Сирия Араб Республикасындағы ДАИШ бақылауында болған аймақтарда дүниеге келген еді. Осы мәселе басқарманың жіті қадағалауына алынып, азаматтардың құжаттарын қайта рәсімделуіне жәрдем берілді.
Басқарма «Жусан» операциясы аясында елге оралған азаматшалармен тұрақты түрде кездесу өткізіп, оларға дәстүрлі діни құндылықтар негізінде дәрістер жүргізіп отырады. Дін проблемаларын зерттеу орталығының дінтанушы-теолог және психолог мамандары аудандардағы мешіт имамдары мен психологтармен бірлесе отырып, «Жусан» операциясы аясында елге оралған азаматшалармен 2019 жылы 79 кездесу, 2020 жылдың басынан бері 59 кездесу өткізді.
Қоғамға бейімдеу бағытында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 9 әйел азаматшаның 2-і дәстүрлі ислам құндылықтарына, 6-ы қазақстандық қоғам құндылықтарына бейімделді. Ал, 1-і радикалсыздандырылды
Мемлекеттік органдар тарапынан «Жусан» операциясы аясында елге қайтарылған отандастарымыздың әлеуметтік мазмұндағы мәселелерін шешуге де ерекше мән берілуде. Атап айтқанда олардың жұмысқа орналасуына жәрдем көрсету, тұрмыстық керек-жарақтармен қамтамасыз ету, т.б. істер оң жолға қойылып отыр.
– Өңірдегі түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеушілермен тиісті жұмыстарды жүргізесіздер ме?
– Түзеу мекемелерінде дін саласы бойынша жұмыстар жүргізу өте өзекті міндеттердің қатарына кіреді. Осы мақсатта Басқарма облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітімен бірлесе түзеу мекемесіндегі азаматтармен жұмыс жүргізуде.
Түзеу мекемелеріндегі бірлескен ақпараттық-түсіндіру және оңалту жұмыстары бір жүйеге келтірілген. Дін саласы бойынша түзеу мекемелеріндегі жұмыстың ең басты мақсаты – сотталғандарға теологиялық, психологиялық және құқықтық кеңес беру, сонымен бірге істі болған азаматтарды теріс діни көзқарасынан қайтару мақсатында түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізу.
Бекітілген арнайы жоспарға сәйкес, Дін проблемаларын зерттеу орталығының 10 қызметкері және 10 мешіт имамы түзеу мекемелерінде кездесулер өткізуде. Бұдан бөлек басқарма өңірдегі түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеуші азаматтарға арнайы фильмдер мен спектакльдер көрсетіп, Дін істері комитетінің Дінтану сараптамасынан өткен діни мазмұндағы кітаптармен де қамтамасыз етеміз.
2015 жылдан бастап осы уақытқа дейін мамандар түзеу мекемелерінде 64 сотталушыны радикалды көзқарастарынан қайтарды. Түзеу мекемесінде жазасын өтеп пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтармен де тұрақты жұмыстар атқарылуда.
Қазір карантин талаптарына байланысты түзеу мекемелерінде жүргізілетін түсіндіру жұмыстары онлайн режимге ауыстырылған.
Облысымыздағы дінтанушы мамандардың түзеу мекемелеріндегі іс-шаралары «Skype» желісі арқылы жоспарға сәйкес онлайн дәрістер жүргізуде. Бүгінгі күнге дейін мамандар тарапынан сотталушылар арасында 22 дәріс жүргізілді.
– Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қордайдағы жағдай орын алғанда өңірдегі бірқатар мекемелерді сынға алған болатын. Осы орайда, Дін істері басқармасы бүгінгі таңда Қордай ауданы бойынша қандай жұмыстар жүргізіп жатыр? Осыларды тарқатып берсеңіз…
– Жасыратыны жоқ, облыс әкімі бізге де бірқатар сыни ескертпелер айтып, алдағы уақытта атқарылар жұмыстар бойынша тапсырмалар берген болатын. Бүгінгі таңда Қордай ауданында 62 мешіт пен 6 христиандық діни бірлестік қызмет етеді. Яғни облысымыздағы діни объектілері ең көп аудан.
Осыған байланысты бұл аудандағы жүргізелетін жұмыстардың сапалы әрі нәтижелі болғаны абзал. Басқарма осы жайды ескере отырып, ағымдағы жылдың 7 шілдесінде облыс әкімдігінің дін проблемаларын зерттеу орталығының Қордай ауданындағы арнайы бөлімін ашты. Қордай ауданындағы бөлімге жүктелетін жауапкершілік жүгі жоғары. Аудандағы діни бірлестіктермен тығыз жұмыс жасап, діни тұрақтылықты сақтау мен конфессияаралық келісімді нығайту және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында жүйелі жұмыстарды жоспарға сәйкес орындау қажет. Орталықтың Қордай ауданындағы бөлімі өз алдына қойылған мақсат-межелерді орындау мақсатында қарқынды түрде жұмыстар атқаруда.
Басқарма өңірдегі дүнген ұлтынан шыққан имамдарға мемлекеттік тілді үйрету жұмыстарына да ерекше мән беріп қарауда. «Қордай» Құран қариларын дайындау орталығының директоры Ғ. Шерниязов дүнген ұлтынан шыққан имамдарға үстіміздегі жылдың наурыз айынан бастап қазақ тілін үйрету курстарын жүргізуде. Ү.ж. 7 шілдесінде қазақ тілін оқыту курстарына үйрету қажетті кітаптарын «Қордай» Құран қариларын дайындау орталығының директорына жаңа үлгідегі мемлекеттік тілді үйретуге арналған оқу-әдістемелік оқулықтарын табыс еттік.
Сонымен қатар облыс әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасының Тілдерді оқыту орталығы тарапынан ү.ж. маусым айынан бастап этникалық дүнген ұлтынан шыққан имамдарға қазақ тілін үйрету курстары тұрақты түрде жүргізілуде.
– Мемлекет үшін діни тұрақтылықтың мән-маңызы неде деп ойлайсыз? Жалпы, мемлекетіміздің жан-жақты дамуында, өсіп-өркендеуінде сонда тұрып жатқан ұлттардың ауызбіршілігі, діни тұрақтылығы, татулығы, бірлігі қаншалықты деңгейде үлес қосады?
– Тұрғындардың жат ағымдардың жетегінде кетпеуін, дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, діни экстремизм мен терроризмнің, деструктивті діни ағымдардың іс-әрекетін алдын алу бойынша ақпараттық түсіндіру тобы мен оңалту жұмыстары маңызды. Дәстүрлі дінді насихаттау, жат ағымдардың ықпалынан сақтандыру мақсатында облысымыздағы барлық мүмкіндіктер қолға алынған. Аудандардағы Дін проблемаларын зерттеу орталығының мамандары да тиісті жұмыстарын атқаруда.
Жаратқанның теңдессіз сыйы Отанымыздың мәңгі тәуелсіздігі. Еліміздің дамуы үшін әрбір азаматқа жүктелетін жауапкершілік үлкен. Мемлекетіміздің мерейін үстем ету үшін әлемде болып жатқан дамушылықтың соңында қалмауымыз керек. Ол үшін әрбір азамат ұстанған дініне, діліне, дәстүріне қарамастан ынтымақты түрде діни тұрақтылықты сақтап еңбек етуі керек.
Сырт елдерде діни тұрақсыздықтың кесірінен болып жатқан келеңсіздіктерге қарап, ел дамуының бірден бір кепілі ол діни тұрақтылық екенін түсінуге болады. Оңтүстік Африка Республикасының бұрынғы президенті Нельсон Мандела айтқан екен: «Егер тілің мен дініңнен айырылсаң, шекараңды аша сал, енді қорғайтын ештеңең қалған жоқ», – деп.
Сол себепті де кез келген мемлекетті құраушы ұлттың және сол елде тұрып жатқан басқа да ұлттың ұлттық бет-бейнесі ұстанған дінінен, тілінен салт-дәстүрінен көрініс табатыны шындық. Соның ішінде діни тұрақтылықтың болуы өте қажет. Қазақстандағы әр ұлт өз дінін тұрақты ұстану үшін елдің дінге деген жанашырлығын сезініп ұстанған діні арқылы еліміздің дамуына, тұрақтылығына үлес қосуы керек.
– Жангелді Жайлауұлы, бізге уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге үлкен рахмет! Қызметтеріңізге игілік әрі мол табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан Қадірәлі САРЫПБЕК