Дін – сенімдер жүйесі. Алайда діннің яки діндердің өзі де заманалар жылжыған сайын уақыт рухын сіңіріп отырады. Оған қоғам мен ғылым, технологияның дамуы әсер етеді. Қазіргі таңда дәл бұған әлемде орын алып жатқан моральдық-рухани процестердің барысына қарап та көз жеткізуге болады.
① Діни сенім мен эволюция теориясының арасындағы қайшылықтың жоқтығын қандай концепция насихаттайды?
Бүгінде түрлі конфессияларды ұстанушылардың арасында теистік эволюционизмді ұстанушылар аз емес. Бұл тұжырымдама Ғаламның пайда болуын, Жердегі өмір мен эволюцияға деген ғылыми көзқарасты мойындайды, бірақ осы үдерістердің қозғаушы күші Құдай деп таниды. Кей діни мәтіндердегі қайшылықтарды (мысалы, Құдайдың әлемді 6 күн ішінде жаратуы сынды) олар сөзбе-сөз емес, аллегориялық тұрғыдан түсіндіру қажет деп есептейді.
Теистік эволюционизм барлық конфессиялардың ішінде Католик шіркеуі тарапынан ресми қолдау тауып үлгерді. Мысалы, ХХ ғасырдың ортасында Рим папаларының бірі XII Пий «эволюцияны маңызды гипотеза» деп санау керек деп мәлімдесе, ал 1996 жылы II Иоанн Павел бұл жорамалдың маңызды екенін және Эволюция теориясы мен Сенім доктринасының арасында қайшылықтардың жоқ екенін айтты.
② Солтүстік америкалықтар арасында құбыла бағытын анықтау бойынша қандай келіспеушіліктер бар?
Мұсылмандардың намазды қасиетті Қағбаға қарап оқуының – Ислам дінінің басты талабы екені мәлім. Соңғы уақытта Солтүстік Америка мұсылмандары құбыла бағытын анықтау әдісіне қатысты келіспеушіліктерді бастан кешіруде.
Егер әлемнің кәдімгі жазық картасы бойынша қарайтын болса, онда дұрыс бағыт — Оңтүстік-шығыс. Алайда егер глобус бойынша қарайтын болса, Меккеге дейінгі ең қысқа доғалар Солтүстік-шығыс бағытта өтеді. Мұсылмандардың барлығы емес, бірақ көпшілігі екінші нұсқаны ұстанады.
③ Қандай елде «файлдармен еркін алмасу» ресми дін деп танылды?
Швецияда ресми түрде «Копимизмнің Миссионерлік шіркеуі» ресми түрде дін деп танылды. Оның мүшелері үшін ақпаратты көшіру, білім және файл алмасу қасиетті құлшылық актілер ретінде қарастырылады. Осынау жаңа діннің қасиетті нышандары – Ctrl+C («көшіру» операциясы) және Ctrl+V («қою») пернелерінің комбинациялары.
2012 жылдың 28 сәуірінде беті Гай Фокс маскасымен жабылған, ал дауысы модулятормен өзгертілген дін қызметкер-копимист өткізген тарихтағы алғашқы үйлену той болып өтті.
⋘Статистика көрсеткендей-ақ соншалық діндар болған болсақ, бізге мұншама полиция керек болмас еді⋙
Э. Маккензи
④ Қандай режиссер өз фильміне қарсы наразылық акциясына қатысты?
Америка Католик лигасының белсенділері Кевин Смиттің «Догма» комедиялық фильмі шыққаннан кейін наразылық акциясын ұйымдастырды. Ол туралы білгеннен кейін Смит «Dogma is Dogshit» плакатымен митингке қосылды.
Журналистер одан сұхбат алып, режиссердің өз фильміне қарсы неге наразылық білдіретінін сұрады. Ол шын мәнінде Брайан Джонсон екенін және оны ылғи да Смитпен шатастыратындығын айтқан. Сондай-ақ фильмді көрмегенін, бірақ оған фильмді көргендер ұнамады деп айтқандығын мәлімдеді.
⋘Тапсырыспен дін ойлап табуға болады, бірақ оған тапсырыспен сенуге болмайды⋙
С. Лем
⑤ Қандай діни ұйым Гомер мен Барт Симпсондарды өз жамағатына жатқызды?
Ватиканның «L’Osservatore Romano» атты ресми газеті танымал мульткейіпкерлер Гомер мен Барт Симпсондарды «шынайы католиктер, дегенмен Гомер онысын барынша жасыруға тырысады» деп жазды.
Мұны басылым Симпсондардың тамақтанар алдында дұға ететінін және өз пайымымен болса да о дүниелік өмірге сенетіндігін, сондай-ақ Гомер Симпсонның Пресвитериан шіркеуінде өтетін дінбасы Лавджойдың жексенбілік уағыздарында үнемі ұйықтап отыратындығымен дәлелдейді.
⋘Әркезде қоғам тiршiлiгi өнiмсiздiкке ұшырап, iштей жұтай бастағанда заман әуенiне қарай не дiнге, не саясатқа қамшы басады⋙
Ғ. Мүсірепов
⑥ Алкоголь мен кока-кола ішуді қамтитын емдеу рәсімін қай шіркеуден көруге болады?
Мексиканың оңтүстігіндегі Чиапас қалашығында Майя халықтарының тобына жататын Цоцили халқы тұрады. Олардың діні католицизм мен көне үндіс нанымдарының мидай араласқан қоспасынан шыққан.
Бұл жерде медицина нашар дамыған, сондықтан ауруларды емдеу әдетте шіркеу қабырғаларында арнайы рәсім өткізетін бақсыға сеніп тапсырылады. Мұның мәнісі – бақсы мен дертті жанның балауыз, шамдардың алдында дуалы сөздер айтуын, қосылып алкоголь ішу мен тауықты өлтіруін қамтиды.
Өткен ғасырдың ортасынан бастап салттық ғұрыпқа кекірік тудыратын кока-кола құйылған шөлмектер де кіреді. Дін өкілдерінің сендіруінше, ол денеден жындарды шығаруға көмектеседі-міс.
⑦ Қайсы жұрт «ізгілікті өмір сүрген адам екінші өмірінде ақ тәнді еуропалық болып қайта туады» деп сене бастады?
Конго Республикасын мекендейтін Мбенджеле Яка пигмейлері реинкарнацияға сенеді. Олардың түсінігінше, «жаман адамдар», соның ішінде, дуагерлер мен адам жегіштер өлгеннен кейін бірнеше рет аң-құс, жан-жануар бейнесінде қайтадан дүниеге келіп, күнәсін өтейді.
Ал өнегелі ғұмыр кешкен жандар дүние есігін қайтара ашқанында ақ адамдарға айналып, Путу деп аталатын Комба құдайының мекеніне түседі.
Бір қызығы, лингала тілінде Путу – «Еуропа» дегенді де білдіреді, яғни өлгеннен кейін жақсы пигмейлер еуропалық бір елде туылып, рахатқа толы тірлік кешпекші.
Мәдениеттанушы-лингвист
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ