“Нұр-Мүбарак” университетінде қоғамдағы өзекті діни ағымдардың арасындағы бірнеше бағыттың ара-жігін ашып көрсететін құнды еңбектердің тұсауы кеслді. 2023 жылы университетішілік жобалар аясында әзірленген «Қазақ халқының діни танымындағы тәңіршілдік» кітабы, сондай-ақ «Тәңіршілдік ұғымы мен мәні, тарихи сипаттамасы, бүгінгі проблемалары», «Деобанд мектебінің діни концепциясы және саяси тәжірибесі» атты кітаптар бір топ университет ғалымдарының жаңа зерттеулер нәтижесі деуге болады. Университеттің Ғылым және инновация департаменті, Дінтану кафедрасының ұйымдастыруымен өткен тұсауксерде алғы сөз сөйлеген ректор, профессор Мұхаммад аш-Шаххат әл-Жинди жаңа еңбектің қоғам үшін құнды екендігін айта келе, авторларға алғысын білдірді. Проректор, PhD, доцент Қайрат Құрманбаев университ ғалымдарының бұл еңбектері қазақ халқының сеніміне қатысты қоғамда талас-тартыс тудырып жатқан түрлі негізсіз сауалдарға нақты жауап екенін атап өтті.
Филос.ғ.д., проф. Қайрат Затов жетекшілігіндегі «Қазақ халқының діни танымындағы тәңіршілдік» жобасын филос.ғ.к., қ.профессор Айымжан Рыскиева, PhD доктор Тұңғыш Абылов жүзеге асырды. Рецензент филос.ғ.д., профессор Байтенова Нағима онлайн пікір қосты.
Ал «Тәңіршілдік ұғымы мен мәні, тарихи сипаттамасы, Бүгінгі проблемалары» кітабы PhD Мұхан Исаханның ғылым саласындағы кезекті төл туындысы. «Деобанд мектебінің діни концепциясы және саяси тәжірибесі» жобасына филол.ғ.к., доцент Мухитдинов Рашид, PhD Акимханов Асқар, PhD Бұрханаддин Абдулхаким ат салысты. Рецензент ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Аманқұл Хасан таныстырылымға онлайн қосылса, рецензент ҚР Философия, саясаттану және дінтану институты, Дінтану бөлімінің меңгерушісі, PhD доктор Шағырбай Алмасбек жоба аясында пікірін ортаға салды.
Модератор НМУ Ғылым және инновация департаментінің директоры, PhD Ықтияр Палтөре тұсаукесерге қатысқан барлық ғалымдар, докторант, магистранттарға алғысын білдіріп, ғылым саласындағы еркін зерттеулердің бұл бастамасы екенін атап өтті. Себебі қазір профессор-оқытушылар арасында университетішілік, сондай-ақ ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан жеңіп алған жобалар аясында біршама бағытта зерттеу жұмыстары жалғасуда.