2025 жылдан бастап еліміз толыққанды латын әліпбиіне көшеді. Ал кеше ғана ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысын өткізіп, онда латын графикасындағы жаңа жетілдірілген қазақ әліпбиі жарияланды.
Бұл жұмыс қалай жасалып жатыр, жаңа таңбалар қандай қағидатпен іріктеліп алынды, терминдер мен жер-су аттары қалай жазылады? Осы және өзге де сауалдар бойынша ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба мен «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов сұхбат берген болатын.
Әлем елдерінің 36 пайызы латын әліпбиін пайдаланады
− Қазіргі уақытта заман ағымына қарай, латын әліпбиінің мүмкіндігі артып келе жатыр. Бауырлас түркі халықтарында да латын әліпбиін қолданысқа енгізген мемлекеттер баршылық. Латын негізді қазақ әліпбиін жасау барысында халық ұсыныстары назарға алынды ма, қоғамдық ашық талқылаулар өтті ме, сол жайында айтып өтсеңіз?
− Әділбек Қаба: Өздеріңізге белгілі, 2019 жылы қараша айында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы латын әліпбиін жетілдіру туралы тапсырма берген болатын. Осы тапсырмаға орай, бір жылдан астам уақытта үлкен жұмыс жасалды. Олардың ішінде қоғамның пікірімен санаса отырып, талқылау жүргіздік.
Бұл әліпбиді тек қана ғалымдар біржақты жасады деп айтуға болмайды. Бүкіл азаматтардың, ғалымдардың, басқа да сала мамандарының пікірлері ескерілді, 40-тан астам әліпби жобасы келіп түсті. Осы жобаларға ғалымдарымыз кеңінен талдау жасады.
Сол кезде 70-90 ғалымнан және 4 топтан тұратын орфографиялық жұмыс тобы құрылған болатын. Бір жылдан астам уақытта орфографиялық жұмыс тобының отырысы 8 рет өтті. Біз үнемі баспасөзбен жұмыс істеп отырдық. Ұсынып отырған әліпбидің әрбір таңбасына дейін қалай болады, қалай дыбысталады деген сұрақтармен екі рет республикалық ашық талқылау өткіздік.
Қазір бүкіл әлемдегі мемлекеттердің 36 пайызы латын әліпбиін қолданады. Нақтырақ айтар болсақ, 11 пайызы – араб жазуын, 17 пайызы – қытай иероглифін пайдаланады, ал кириллицаны бар болғаны 4,5 пайыз ғана халық қолданады.
Сосын «Латын әліпбиіне өтуден не ұтамыз?» деген сұрақ туындап жүр. Тіпті қарапайым дүниелерді алсақ та, ұшаққа билет сатып алсаңыз, әуе билеті латын қарпінде жазылады. Оған көзіміз үйренді. Компьютердің кез келген тетігі, пошта, банк, ғылым, стандарттау жүйелері де латын қарпінде белгіленген.
Дамыған АҚШ, Германия, Франция, Швеция, Италия, Швейцарияны алып қарасақ, барлығы латын әліпбиін қолданады. Сондықтан латын әліпбиі арқылы халықаралық қауымдастыққа, жаһандану мен дамуға жақындай түсеміз.
− Жаңа әліпбиде халықты оқыту жұмыстары қалай жүреді? Оқушылар мен студенттердің білім ордасында үйренетіні түсінікті, ал ересектер не істейді?
− Ербол Тілешов: Ересек тұрғындар үшін де жұмысы мен мамандығын ескере отырып, арнайы оқыту бағдарламасы әзірленеді. Осы бағдарлама бойынша оқу құралы да шығарылады және таратылады. Біз әзірге оқу құралын дайындап қойдық, жаңа әліпби ресми түрде бекітілген соң жоба іске қосылады.
Оларды кім оқытады? Барлық облыс, қала, аудан орталықтарында тіл басқармалары жанында оқыту орталықтары жұмыс істейді. Олар 1989-1990 жылдардан бері тіл үйретіп келеді, әдістемелік тәжірибелері бар.
Әрине, тілге қарағанда, алфавит пен жазу ережесін үйреткен әлдеқайда оңай. Өйткені, жаңа әліпбиді тілді жетік білетін өзіміздің тұрғындар үйренгелі отыр. Сондықтан еш қиындық болмайды деп ойлаймыз.
Кей адамдар тіл реформасынан кейін «сауатсыз боламыз, халық оқымай кетеді, талай қолжазбаларымыздан айырыламыз» деп айтып жүр. Мектепке баратын 6-7 жасар баланы алып қарайықшы, ол екі айда 42 әріпті жаттап шығады. Ал мұнда ересектер латын қарпіндегі 31 әріпті оқып-білуі керек, оның тең жартысы – Аа, Оо, Мм сынды әріптер баяғыдан таныс. Баршамыздың ең кемі 9 сыныптық біліміміз бар ғой, 9-сыныпта химиялық элементтердің период кестесін – 130-ға жуық латынша атауларды жаттадық, физикадан бірліктер жүйесін оқыдық.
Көшеге шықсақ та, айналымызда көптеген белгілер мен атаулар, брендтер латын қарпінде болады. Яғни, ХХІ ғасырда «латиница» кеңістігінде өмір сүріп жатырмыз және 90-жылдары латын жазуына көшкен Өзбекстан, Түрікменстандағыдай қиындықтар болмауы керек.
Кириллица бізді біріктіре алмады
− Әліпби жасауда қандай принциптер негізге алынды? Бауырлас Өзбекстан, Әзербайжан, Түркия мен өзге де елдердің тәжірибесі ескеріліп, тіл мамандарымен кеңестіңіздер ме?
− Әділбек Қаба: Әліпби түзуде халықаралық тәжірибелер тереңінен зерттелді деуге болады. Оған бір жыл ішінде мүмкіндік те болды, қажеттілік те болды. Әзербайжан, Өзбекстан, Түркия және Ресейдегі түркітілдес халықтарымыз бар, барлығы 9 елдің ғалымдары жиналған үлкен ғылыми конференция екі рет ұйымдастырылды.
Онда әліпби жасау тәжірибелері талқыланды, ғалымдар баяндамаларын жасап, өздерінің әттеген-айларын айтты. Біздегі қазір жазып жүрген Ө, Ұ, Ү, І деген әріптер кириллицада жоқ қой, оны кезінде тіл жасаушы мамандарымыз өздері жасады. Латын жазуында да өзімізге тән Ө, Ұ, Қ, Ң сияқты әріптер жоқ, оларды басқаша таңбалау керек.
Мысалы Әзербайжан латын жазуына көшсе де, Әә дыбысын бренд ретінде қалдырған еді. Соны мысалға келтіріп, Әзербайжан секілді Әә таңбасын қалдыру ұсыныстары болды. Бірақ, Әзербайжан ғалымы Елшін Ибрахимов мырза бізге арнайы хат жазып, осы Әә дыбысынан қиындық көріп жатқанын, бұл қателікті қайталамауды айтты.
Халықаралық деңгейде банк, интернет, ғылым саласында жұмыс істегенде, латыницаның құрамына кірмейтін бөтен дыбыстар төртбұрыш болып жазылмай қалады. Сөйтіп, Әә-ні қайтадан қолмен енгізуге тура келеді.
Екіншіден, әлемдік тәжірибелерді зерттеп, жетпеген дыбыстарды алдық дедік қой, оларды бревис, седиль дейміз. Жаңа әліпбидің алдыңғыларынан ерекшелігі – кириллицадағы 42 әріптің орнына 31 әріптің болуы. Әріп жетпегендіктен диакритикаларды алуға тура келді. Олардың қандай қажеттілігі барын ғылыми деректерге сүйеніп айту керек.
− Диакритикалық таңбаларды қандай ғылыми негізге сүйеніп қостыңыздар?
− Әділбек Қаба: Біздің айтып отырған нәрсеміз, диакритикалардың 4 түрі бар, олар – умляут ( ̈ ), макрон ( ˉ ), седиль ( ̧), бревис ( ̌ ) деп аталады. Мысалы Әә, Өө, Үү әріптерінің төбесіне екі нүкте, яғни умляут қойылған. Себебі түрік, әзербайжан, түрікмен, неміс, фин және басқа 30-дан астам елдерде умляутпен жіңішке дауыстарды белгілейді.
Жеке таңба жасайтын диакритикалық белгі ретінде қабылданады, халықаралық танымалдылығы өте жоғары, сондықтан алып отырмыз. Мысалы Ғғ дыбысы бревиспен белгіленіп тұр, 20-дан астам елде бревис тамақтан шығатын қысқа дыбыстарды білдіреді.
Макрон – дауысты дыбыстардың созылыңқылығын білдіреді. Шш деген ызың дауыссыздарға седиль қойылып отыр. Осы сияқты әрқайсысының өз ерекшеліктері бар.
− Ербол Тілешов: Әлемде Халықаралық фонетикалық қауымдастық деген өте беделді ұйым бар. Оның штаб пәтері Лондонда орналасқан, ал ұйым 1886 жылы біздің Абайдың заманында құрылған. Онда латын әріптері мен таңбаларының қоры бар, жалпы саны 52 әріп пен 109 таңба сақталған.
Сол қордан өзімізге қажетті әріптерді алдық. Мысалы, бревиспен жазған қазақша әріпті африкалық филолог оқыса, бревиспен қалай оқылатынын біледі. Умляут қойсақ, әріптің жіңішке дауысты екені ағылшынға да, қытайға да түсінікті болады.
Кей адамдар умляут қойылған әріпті көрсе, түрік алфавиті деп шығады. Түріктер де, қазақтар да 20-жылдары латын жазуына көшкенде осы ұйымға жүгінген. Яғни, тұтас әлемге ортақ ереже бар, бревис, умляут, макрондар – жолда жүру ережесі секілді халықаралық символдар болып саналады.
Жаңа әліпби құруда диграфтардан бас тарттық, өйткені «бір дыбыс – бір әріп» қағидатын ұстандық. Қосарланған әріптер қатар жүретін диграфтар француз, ағылшын сынды роман тілдеріне арналған. Латын әліпбиінің өзі де түрік, славян емес, роман тілдеріне арналған ғой. Сондықтан роман тілдерімен сәйкес келетін әріптерді өзгеріссіз қалдырып, төл әріптерімізге диакритика қолдануға мәжбүрміз.
Жаңа әріп қоссақ, Әә таңбасын қалдырған Әзербайжанның күйін кешуіміз мүмкін. Қазақстаннан тыс жерлерде тұратын 5 млн қандасымызға да жаңа әліпбидің ортақ түсінікті белгілермен жазылуы маңызды. Бұл Жер шарындағы барлық қазақтарға ортақ алғашқы әліпби бола алады. Кириллица бізді біріктіре алмады, төте жазуда – халықтың сауаты төмен деңгейде болды.
Ал қазір ХХІ ғасырда қазақтарды қан туыстығы, тіл және әліпби жақындастыра алады. Бұл біз үшін өте маңызды, ілгері қадам болмақ.
Барлық ереже қазақ тілінің табиғи негізінде құрылады
− Жаңа емле ережесінде қандай өзгерістер болуы мүмкін, әріптердің жазылуына қатысты қоғамның сын-пікірінен қандай қорытынды шықты?
− Ербол Тілешов: Кез келген ереже заттың, құбылыстың сипатын білдіреді. Тіл де ағза секілді ғасырлар бойы қалыптасып, өзінің ішкі және сырқы жүйесін қалыптастырады. Тілді меңгеру үшін, туынды жасап, шығарма жазу үшін ережесін білу керек.
Тілдің ережесі – оның конституциясы тәрізді. Ереже болмаса, тілдік жүйе бұзылады, тіл өзінің келесі мәдени-рухани деңгейіне көтерілмейді, алғашқы қауымдық, феодалдық негіздерінде қалып қояды.
Бірінші айырмашылық – әріптердің 42-ден 31-ге дейін қысқаруы, яғни қысқарған әріптермен бірге ережелері де кетті. Біз қазір я, ю, щ, ь, ъ қалай жазылатынын оқытпаймыз, өйткені олар жаңа алфавитімізде жоқ және болмауы да тиіс еді.
Екіншіден – сөзжасам мен сөздің жазылуында орыс тілінің орфографиясын қайталап келдік. Кеңес заманында солай болды және экономикада социалистік ережелерден қалай арылсақ, тілімізде де бөтен стандарттардан бас тартуымыз керек.
Әрине, орыс тілі – бай тіл, бірақ оның тілдік жүйесі мүлдем бөлек. Қазақ тілі мен орыс тілі – екі бөлек әлем. Ал кеңестік кезде бір әлемнің кейбір қағидасын екінші әлемге әкелді. Қазақ тілі оны қабылдап, жазу-сызуда да бекіп қалып қойды. Енді тілді реформалау арқылы оларды шығарып жатырмыз. Енді барлық ереже қазақ тілінің табиғи негізінде ғана құрылады.
− Ғалымдар адам аттары мен жер-су атауларының жазылуы өзгереді дейді. Осыған байланысты стандарттар мен ережелер әзірленуі мүмкін бе?
− Ербол Тілешов: Есімдер мен ономастикалық атаулардың емлесі жасалды және жаңа әліпбидің ресми бекітілуін күтіп отырмыз. Оны А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары жасап шықты. Сонымен бірге, олар Қазақстанда кездесетін мыңдаған есімдер мен тектердің бірыңғай сөздігін жасап жатыр.
Яғни, Александр есімі қалай жазылады? Ч әрпі болмаса, Чапаев фамилиясын қалай бірізді беру керек? Жіңішкелік белгісін қайтеміз? Мәселен, Мөлдір есімі оңай көрінгенімен Мольдер, Мольдир, Молдыр секілді 14 нұсқада жазылып келді.
Қалалар мен ауылдар аты да бұрмаланып жатыр. Қосшы ауылын Касши деп айтып-жазатындар көбейді. Яғни, жаңа әліпби бекітілген соң, институттың емлесін тағы талқыға саламыз және есімдер сөздігімен бірге қабылдаймыз.
Сонымен бірге, Қазақ тілінің орфографиялық және орфоэпиялық сөздіктері дайындалып жатыр. Соңғы рет мұндай сөздіктеріміз 37 жыл бұрын 1983 жылы шығарылған екен. Тәуелсіздік жылдары бірде-бір сөздік шықпаған. Дамыған елдерде, мысалы Францияда екі жыл сайын жаңа орфографиялық сөздік шығып отырады. Өйткені, жаңа сөздер пайда болады және олардың дұрыс жазылуын бекіту керек.
Енді латын әліпбиінің арқасында Тілдер комитеті Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет Қазақ тілінің орфографиялық және орфоэпиялық сөздіктерін бекітеді. Бұл Мемлекет басшысы айтқан тілдік реформаның бір бөлігі.
Конвертер “Абай жолының” 4 томын 11 минутта аударады
− Президент әліпбидің соңғы нұсқасын қабылдады, ал қазір қандай жұмыстар жүріп жатыр? Дайындық жұмыстары қалай?
− Әділбек Қаба: Қазір тағы да пысықтау жұмыстары жүріп жатыр. Үкімет жанындағы Қазақ тілін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысынан соң, жоба ақпан-наурыз айларында қаралып, Президентке ұсынылады деген ойымыз бар.
Қазіргі уақытта емле ережелерін жетілдіріп жатырмыз. Әліпбимен бірге емлені және өзіміз қолданатын пернетақтаны ұсынып отырмыз. Пернетақтаның да бірнеше үлгісі болды, үш нұсқаның арасынан ғалымдардың қорытындысымен жазуға қолайлы деген біреуін таңдадық.
Ендігі мәселе, 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен енгізу жұмыстары жүреді. Ең алдымен сол латын әліпбиіне, оған қатысты емле ережелерін үйрететін оқытушыларды жинап, оқытуымыз керек. Ол онлайн өтуі мүмкін немесе электронды құралдар бойынша жаппай оқыту жүргізіледі. Одан кейінгі кезеңде сол оқытушылар жергілікті тұрғындарды оқытады.
Бізде үлкен орфографиялық, орфоэпиялық сөздіктер жасалады, анықтамалар әзірленеді. Ересек адамдардың үйренуі үшін барлық өңірлерде тіл басқармалары бар. Сол тіл басқармалары жанында 99 оқыту орталығы бар. Одан бөлек, 500-ге жуық жеке оқыту орталықтары бар. Барлығын жұмылдырамыз, 18 жастан жоғары азаматтар әліпби үйренуге ниет білдірсе, сол адамдарды оқыту жұмыстары басталады. Сосын мемлекеттік қызметтегі іс-қағаздар, төлқұжаттар, географиялық карталар бірте-бірте латын қарпіне көше бастайды.
− Жаңа әліпбидің енуімен қандай жаңа IT-жобалар қолға алынады?
− Ербол Тілешов: Ең алдымен алфавитті таратып, оның емлесін түсіндіру үшін мобильді қосымша жасалады. Яғни, орталыққа барып оқи алмайтындар телефон арқылы немесе qazlatyn.kz, emle.kz, tilalemi.kz сайттарында өздері қалаған көлемде онлайн оқи алады.
Екіншіден, ең басты техникалық IT-жоба – бір таңбалық жүйеден екіншісіне аударатын конвертер болып отыр. Әзірге акут негізіндегі әліпби уақытша жұмыс істеп тұр, миллионға жуық адам сайтқа кіріп, 900 мыңнан астам бет аударылған. Жаңа әліпби бекітілсе, бірден ауыстырылады. Нәтижесінде конвертер кириллицадан латын қарпіне, латыннан – кирилл жазуына аударады және шет елдерде тұратын қазақтарды ескеріп, төте жазуды да қостық. Яғни, конвертерде үш таңбалық жүйе мен 9 операция қолжетімді.
Кейбір зиялы қауым өкілдері қолжазбалар мен мәдени мұрамызға, халықтың сауатына алаңдаушылық білдірді. Өткен ғасырда үш рет әліпби ауысқанда да талай ғұламаларымыз шықты ғой. Мұқағали Мақатаев, Шерхан Мұртаза, Әбдіжәміл Нұрпейісовтер латын қарпімен сауат ашып, кириллицамен жалғастырған. Ал қазір ХХІ ғасырда барлық ақпарат, емле-ереже қалтасындағы телефонда қолжетімді болса, адамдар қалай сауатсыз болады?
Егер бір уақытта 100 бағдарламашы мен конвертерді іске қоссақ, Күлтегіннен бастап, Егемен Қазақстанның бүгінгі санына дейінгі барлық қолжазбаны бір аптада аударуға болады. Ал 1000 маманды жұмылдырсақ, бір күн де жеткілікті болады. Абай жолының 4 томын, 1600 бетті аударуға 11 минут кетеді. Яғни, бұрынғыдай қолжазбаны қолмен көшірудің, қайта терудің қажеті жоқ.
Орыс тілі дәнекер тіл болып қала береді
− Тарихқа көз жүгіртсек, өткен ғасырдың өзінде 3 рет әліпби ауыстырдық. Төте жазудан латынға, одан кириллицаға көштік. Салыстырмалы түрде, бұрынғы әліпбилерден қазіргінің айырмашылығы қандай?
− Әділбек Қаба: 1912 жылдан 1929 жылға дейін біз А. Байтұрсынов жасаған төте жазуды қолдандық. Бұл жерде 24 әріп болды және 4 жіңішке дауысты – Әә, Өө, Іі, Үү дыбыстарының таңбасы жоқ. Олар үндестік заңына сәйкес, дәйекше белгісімен ажыратылып келді.
1929 жылы Нәзір Төреқұлов латын әліпбиін жасады, ол қазіргі жетілдірген әліпбиге 17 таңбаға ұқсайды. Ал 1938 жылы Құдайберген Жұбанов латын жазуын одан әрі дамытты, қазіргі жетілдірілген әліпби жобасындағы 22 таңба ұқсайды. Яғни, біз алдыңғы А. Байтұрсыновтың, Қ. Жұбановтың, Н. Төреқұловтың еңбегін аттап өтіп кетпейміз, керісінше соған сүйенеміз, өйткені олар – біздің тарихымыз.
Латын жазуы біз үшін жаңалық болмауы керек, себебі 1928-1940 жылдары 12 жыл латын әліпбиін пайдаландық. 1940 жылы кириллицаға ауыстық, қазір орысша таза сөйлейміз деп мақтанамыз ғой. Орыс әліпбиіне өтіп, солардың орфографиялық ережесімен оқығаннан біздің сөйлеу аппаратымыз бұзылды. Қазақтар бұрын олай сөйлемеген. Яғни, латын әліпбиіне көшу арқылы өзіміздің бұрынғы құндылықтарымызға, қайнар бастауымызға қайта ораламыз. Рухани жаңғыру аясында латынға көшуді ұсынудың да мәні осында жатыр.
− Қазақ тіліндегі көптеген терминдер орыс тілінен алынып келді. Жаңа әліпби бекітілген соң, терминдердің бірінші түпнұсқадан алынуы мүмкін бе?
− Ербол Тілешов: Бұл бір сәтте шешілетін мәселе емес. Объективті себептермен біз екі тілде сөйлей аламыз. Тіпті кей адамдар қазақ тілінде сөйлей алмайды, тек орысша біледі. Осыны ескере келе, жаңа сөздер әзірге орыс тілі арқылы енеді деп ойлаймын. Өйткені бұл тілден бір күнде бас тартып кете алмаймыз.
Әрине, кез келген тілді білген жақсы, тіл білу – әлемді қосымша тануға көмектеседі. Оның үстіне көршілес Ресеймен экономикалық, мәдени, гуманитарлық интеграциялар бар. Яғни, тілдік ықпалдың әзірге қалуы – саясат емес, тарихи шындық.
Қазір жас буынымыз Англия, АҚШ, Қытай сынды түрлі елдерде білім алып жүр. Әрине, бірінші түпнұсқадан термин алған жақсы, бірақ ол үшін білікті мамандар керек. Бұл жай ғана ағылшын немесе француз тілінің оқытушысы емес, қос тілдің тілдік грамматикалық жүйесін түсінетін, терминге түсінік бере алатын маман болуы керек. Сондықтан қазіргі уақытта орыс тілі арадағы дәнекер тіл болып қала береді.