Қазақтың «балуан» түсінігі өте қызық. Ол адамға ғана емес, жан-жануар, аң-құс, жәндіктерге шейін қолданыла береді. Осыдан-ақ оның әмбебаптығына көз жеткізе аламыз.
Мысалы:
«Бір балуан өзі күшті, қайраты мол,
Өзінен үлкен затты көтерер ол.
Мейлі қыр, мейлі жота, мейлі төбе,
Қайқаңдап аса берер бәрінен де ол» деп атам қазақ жасырған жұмбақтың жауабы «құмырсқа» екен. Яғни көне түсінік бойынша жәндіктердің ішіндегі балуаны – құмырсқа екен («Балуан тас» қара күш иелері туралы кітабы). Онда да оны күресуші палуан емес, нендей жан иесін болсын қайратына салып ала алатын алып күш иесі ретінде танитын далалық танымды айтамыз. Даналар «Көп құмырсқа жабылса, түйені де өлтіреді» деп кеткен көрінеді.
Расында да, мирмекологияның мойындалған ғалымдарының зерттеулеріне қарағанда, құмырсқалар жер бетіндегі ең күшті тіршілік иелерінің бірі.
Әдетте, балаларға «жер бетіндегі ең күшті кім?» деп сұрақ қойғанда олар бірауыздан «піл» деп жауап береді. Өйткені, бірегей тұмсық-қартымды жануар өте үлкен және аса қуатты. Оқыған-тоқыған ересектер жағының бұл жағдайда «құмырсқа» деп қысқа қайыратыны тағы белгілі.
Шынында да, піл өте ауқымды да ауыр жүктерді көтере алады, бірақ бұл оның өз салмағының асса тек 5%-ын құрайды екен. Ал құмырсқаның желкелеген ауырлықтарын өз салмағымен салыстыратын болсақ, ол әлдеқайда жоғары – жәндік салмағынан шамамен 30-50 есе асады. Басқаша айтқанда, егер құмырсқаны пілдің көлеміне дейін үлкейтсе, онда бұл піл-құмырсқа тағы өзіндей 30-50 пілді көтере алғандай екен.
Бұл жерде мынадай да қызық бар. Егер адам құмырсқа сияқты күшке ие болса, онда біз судағы алып кемелерді құрлыққа сүйреп шығара берер едік. Сондықтан да зерттеушілер былай дейді: «Егер сіз көтерілетін жүктің массасын ғана ескеретін болсаңыз, пілдер планетадағы ең күшті жануарлар атағына ие. Әрине, олардың бой-шамасы да өте үлкен».
Құмырсқалар хайуанат-жәндіктер әлемінің әйгілі ауыр атлеттері ретінде бұрыннан белгілі. Әр түрлерінің қабілеттері әралуан болуы мүмкін. 2010 жылы Кембридж университетінің ғалымдары дене салмағынан 100 есе көп жүк көтеретін азиялық тігінші құмырсқаны суретке түсіре алыпты. Бұл ретте қазақтың ілкі пайым-түйсігі ғылым-білім кенже дамыған заманаларда-ақ әлемдегі ең мықтыны интуициямен анықтай алды деуге, бұл да бір болса дәлелет.
Ғылым ғылымымен, енді әркімге бала кезінен таныс «Кім күшті» ертегісінің жолдарына үңілейік:
Ерте, ерте, ерте екен,
Ешкі жүні бөрте екен,
Қырғауылы қызыл екен.
Қырғауылы қырқылдап,
Жалтыр мұзға сыртылдап,
Алшая келіп қоныпты,
Шаты айрылыпы қалыпты.
Қисая жатып қырғауыл Сонда мұздан сұрапты:
– Мұз, мұз сен неден күшті болдың?
– Мен күшті болсам бауырымды жаңбырға тестірмес едім.
– Жаңбыр, жаңбыр, сен неден күшті болдың?
– Мен күшті болсам, жерге жұтқызар ма едім.
– Жер, жер, сен неден күшті болдың?
– Мен күшті болсам, көк шөпке бауырымды жарғызбас едім.
– Көк шөп, көк шөп, сен неден күшті болдың?
– Мен күшті болсам, көк тоқтыға мойнымнан жұлдыртпас едім.
– Көк тоқты, көк тоқты, сен неден күшті болдың?
– Мен күшті болсам көк шұнақ қасқырға жұлқытпас едім.
– Көк қасқыр, көк қасқыр, сен неден күшті болдың?
– Мен күшті болсам, көк мылтыққа атқызбас па едім.
– Көк мылтық, көк мылтық, сен неден күшті болдың?
– Мен күшті болсам, қоңыр шолақ тышқанға білтемді қидырмас едім.
– Тышқан, тышқан, сен неден күшті болдың?
– Мен күшті болсам, құмырсқаға інімді алдырмас едім.
– Құмырсқа, құмырсқа, сен неден күшті болдың?
– Алты батпан ауырды арқалаған күштімін, жеті батпан ауырды желкелеген күштімін, – деген екен құмырсқа.
Ал енді «құмырсқаға неге мұнша күш бітті?» дегенге келсек, оған заманауи өзіндік тәпсір жоқ емес бар-дүр. Бірақ оны қоя тұралық та, атам қазақтың бұл сауалға берген жауабына қарайықшы. Маңыздысы, сол емес пе?
Бірде Сүлеймен пайғамбар:
– Ей, құмырсқа, сен артық жаралдың ба, әлде мен бе? – деп сұрады. Құмырсқа:
– Әлбетте, мен артық жаралдым. Неге десең: сенің өзге денеңе қарағанда басың кіші. Басың кіші болғандықтан да көп жағдайда денеңнің ырқына еріп кетесің. Ал менің басым үлкен. Денем қанша арбаса да басымды еркіне жетектей алмайды. Сенің қарның жуан екен. Соған қарағанда денеңді қарның билейді. Тойымың жоқ, қанағатың аздау болса керек. Менің қарным қылдырықтай. Нәпсім иттей болып қанша ұлыса да дегеніне көнбеймін. Бір күнде жарты тарыдан артық тамақ жемеймін. Асымды досыммен бөлісемін. Екі аяғың денеңе қарағанда шидей екен. Соған қарағанда ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретін болсаң керек. Мені қарашы, басқа денеме қарағанда бөксем жуан. Өзімнен алты есе үлкен міндетті ауырсынбай арқалай аламын. Тәңірі мені жаратқанда ақылымды көп етті, тамақ үшін уайымымды жоқ етті. Көңілімді тоқ етті. Өзімнен зорды көтеретін күш берді. Әлбетте, сенен артық жаралғанмын, – деді. Сүлеймен сөзден тосылды, – деп толғайды «Мың сұрақ» кітабы.
Энциклопедиялық деректерге сүйенсек, құмырсқа Жер шарында кеңінен таралған, тек Қиыр аралдарда және Антарктидада ғана кездеспейді. Құмырсқаның 10 мыңдай түрі бар. Олар Жер биомассасының 10-25%-ын құрайды. Міне, біздің айналамызда, дәлірек айтқанда табан аяғымыздың астында қандай алапаты асқан алыптар жасап жатыр. Бізбен шамалас болғанда, ешқандай да Геракл-Геркулестеріміз оларға төтеп бере алмас еді һәм дүниедегі күштік спорт түрлерінен чемпиондар тек солар ғана болар еді. Сонда адамзат ескі қазақ мақал-мәтелдерінде айтылғандай, «Шебер ісімен, балуан күшімен» болып, «Көкірек шіркін дікең қағады, күресуге дәрмен жоқтың» кебімен өтер ме еді, кім білсін?
Шымылдық жабылды!
Мәдениеттанушы-лингвист
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ