90-жылдары дін ұстануға еркіндік берілгенде көп адам бөркін аспанға атып қуанды. Кейін қоғамда теріс ағым қаптап шыға келгенде ағаттық жіберіп алғанымызды түсіндік. 2011 жылы дін туралы жаңа заң қабылданып, ушығып бара жатқан жағдайды оңалту үшін жан-жақты алдын алу жұмыстары жүргізілді. Содан кейін бетіміз бері қарағандай болған. Алайда соңғы жылдары қоғамды дүрліктіріп, дінді құбыжық қылып көрсететін жайттар қайтадан қылаң бере бастады. Біз бұл келеңсіздіктердің себеп-салдарын білу мақсатында теолог, сарапшы Жандәулет Сүлейменовті әңгімеге тарттық.
Діни ахуал ушығып тұр
– Күні кеше «домбыра харам», «дін үшін ұлтымнан бас тартамын» деген сарындағы видеолар ел ішін шулатты. Бұл ненің белгісі? Қоғамда шын мәнінде діни ахуал ушығып тұр ма? Әлде жар астындағы жаулардың қасақана ұйымдастырып отырған арандатуы ма?
– Бұл әлбетте діни ахуалдың қоғамда күрделі екендігін білдіреді. Оны жасыра алмаймыз. Осы қарқынмен жүре берсек, алдағы уақытта да «домбыра харам» деген әңгіменің деңгейіндегі біраз жайтқа куә болуымыз ғажап емес. Өзіңіз айтып отырғандай желіні шулататын діни сарындағы видеолар, менің талдауым бойынша әлі де шығады. Шамамен бір жыл көлемінде мұндай жағдайлар көбеймейді де, азаймайды да, осы қалыпта сақталады. Дінтанушы ретінде айтайын, қазір еліміздің дін саласына іріткі салуды көздейтін астыртын әрекеттердің барын анық көруге болады. Әсіресе осы жылдың орта тұсынан бастап дінге тұтқиылдан жасалып жатқан шабуылдар үдей түсті.
– Яғни әлдебір арандатушылар бар болғаны ғой?
– Арандатушы дегеннен гөрі соны «қолдаушылар» бар десек дұрыс шығар. Олар кімдер дегенде нақты атын атап, түсін түстеп бере алмасақ та, артында күші мен ықпалы бар топтың тұрғаны айдан анық.
– Шамамен бір жылдай бүгінгідей ахуал сақталады дедіңіз. Одан кейін не болуы мүмкін?
– Оны да қазір дөп басып айту қиын. Тіпті діни алауыздықты қоздырып отырған адамдардың өзі де бір жылдан кейін нақты не болатынын білмейді. Олардың қолында жалпылама карта ғана бар. Сол картада сызылған схема бойынша істі ұйымдастыру олар үшін маңызды. Бұлар дінді теріс мүдделеріне пайдаланып жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта қандай жағдай болып, дүние қалай құбылса, олар да өз мақсаттарын, тактикаларын соған орай өзгертіп отырады. Соғыста да қолбасшылар майдандағы жағдайдың өзгеруіне қарай алдағы іс-қимылын түрліше жоспарлайды ғой. Дін саласын жеке мүддесі үшін пайдаланушылар да тура сондай. Бүгін алға қойған бір ойы бар шығар, бірақ ертең қалай құбылатынын нақты айту мүмкін емес.
Өздеріңіз білесіздер, қаңтар оқиғасына дейін белгілі бір тұлғалар дінді өздерінің жеке мүдделеріне қарай пайдаланбақ болды. Бұл әрекеттері ішінара «жемісін» беріп, кейбір көздеген мақсаттарына жетті де. Бұлардың кім екенін бүгінде жұрт біледі, қайталап айтудың қажеті жоқ шығар. Қаңтардан кейін шетінен ұсталып, сотты болып жатыр. Айтайын дегенім, дінмен ойнау – Құдаймен ойнау. Тәңірдің дінін ел үшін емес, жеке бас пайдасы үшін қолыңдағы құрал қылу қай кезде де жақсылыққа апармайды. Құранда «Сендер үшін жаман көрінген нәрселерің қайырлы болуы мүмкін және жақсы көрген нәрселерің сендерге жаман болуы да мүмкін» деген мағында аят бар. Олар бір діни ағымды ұстанып, қоғамда тамыр жаюға тырысты. Соны дұрыс деп есептеді. Алайда қандай жағдайда да сенің қалауың емес, Құдайдың бұйрығы болады. Бұл дінді өзіміздің жымысқы мақсатымызға пайдаланудан қайтарып, астамшылық жасамауды міндеттейді. Маған қазіргі дін саласындағы келеңсіздіктердің де артында сондай бір адамдар отырғандай көрінеді.
Діни ағым билікке жету үшін құрылады
– Бұрын теріс ағымды таратушылар көбіне көшеде жүріп әрекет етсе, қазір бәрі толықтай интернетке көшіп алды. Осы ғаламторды қалай бақылауға алу керек? Әлгі іріткі салушылардың әрекетіне түбегейлі тосқауыл қою мүмкін бе?
– Интернет қазір 100 пайыз бақылауда. Бірақ бақылау мен қадағалау бір басқа, ал сол жерде орын алған заңсыз әрекеттерге тосқауыл қою үшін тегеурінді шешім қабылдау мүлдем басқа әңгіме. Бізде қазір осы екінші жағы кемшін. Жауапты уәкілетті органдар тарапынан діни ортаға іріткі салып отырғандарға қарсы шешімдер бірде қабылданса да, бірде қабылданбай жатыр. Сіз интернетке кіріп «жиһад» деп жазсаңыз, дұрыс пайдалы мәліметтермен қатар теріс ақпараттар да қаптап шығады. «Мәзһаб» деп жазсаңыз да дәл солай. Елімізде діни саланы қадағалайтын, бақылайтын қаншама мемлекеттік мекеме мен үкіметтік емес ұйым бар, бірақ әлгіндей халықты адастыратын мәліметтер интернетте неліктен өріп жүр? Оны қалай тоқтатамыз? Міне бұл бүгінгі қоғам алдында тұрған үлкен сұрақ.
– Рас, елімізде түрлі ағым көп. Сәләфи-уахабиден бастап тәңіршілдерге дейін тайраңдап жүр. Сіздің ойыңызша, бұлардың ішінде қазір ең белсендісі және қоғамға қауіптісі қайсы?
– Діни ағымдардың қолына мүмкіндік берсе, қай-қайсының да мемлекетке, ұлтқа, елдің болашағына төндіретін қаупі орасан зор. Бүгінде кейбірінің интернетте отырған жақтаушылары көп көзге түскеннен кейін ғана олар қауіптірек секілді көрінеді. Бірақ бәрінің пиғылы бірдей: ол – мемлекетті жою, билікке келу, байлыққа кенелу. Кез келген діни ағым әу бастан сондай мақсаттарды көздеп құрылады. Басқа дәнеңе де емес. Қазір елімізде сот тыйым салған 25 діни ұйым бар. Әрқайсының бұл жаққа келгендегі көздегені сол. Қандай да аурудың бетін қайтармаса, адамды өлімге дейін алып баратыны секілді деструктивті ағымдардың да дер кезінде алдын алмаса, түбінде мемлекеттің тыныштығын бұзуға себепші болады.
Білім министрін кепілдікке алмақ болған
– Сіз теріс ағымда жүрген радикалдарды оңалтумен, яғни қалыпты өмірге қайтарумен тікелей жұмыс істедіңіз. Оларды теріс идеологияның құрсауынан шығару мүмкін бе?
– Әрине, мүмкін. Бірақ егер 10 адам болса, әрқайсымен 10 түрлі әдіс бойынша жұмыс істеу керек. Өйткені әр адамның қауіптілік деңгейі, деструктивті идеяға улануы, одан келіп шығатын тәуекел деңгейі, дүниетанымы мен білімі әртүрлі. Сондықтан жеке-жеке жұмыс істеуге тура келеді. Барлық адамға бір әдісті қолданып радикалды райынан қайтару, одан бір нәтиже шығару қиын.
Өкінішке қарай дін саласындағы уәкілетті органдар көбіне-көп теріс ағымда жүрген жандарды оңалтуда математикалық есепке иек артады. Мәселен саған 100 адамды береді де, белгілі бір уақыттан кейін қаншасын оңалттың, қанша адамды түзу жолға әкелдің деп сұрайды. Яғни олар үшін ең алдымен сан маңызды. Бірақ ондай адамдарды жат идеологияның шырмауынан шығаруда саннан гөрі сапалық нәтижесі маңыздырақ. «100 теңгеге неше кәмпит алдың?» деген есеп-қисап идеологиялық жұмыста мүлдем жүрмейді. Өйткені жұмыстың нәтижесін алдын ала болжап айту мүмкін емес. Мысалы кейбір адамдарға дін туралы ештеңе айтудың қажеті жоқ. Себебі оның діни білімі түгіл ең қарапайым сауаты да жоқ. Әліпті таяқ деп білмейді. Теріс діни жолда жүрсе де, аят пен хадисті түсінбейді. Сондықтан ондай жанға дінді түсіндіремін деп уақытты кетіргеннен гөрі психологиялық тұрғыда ықпал жасау, ал жас бала болса, өзінің деңгейінде тәрбиелік жұмыс жүргізу қажет. Қандай білімі барына да мән беруге тура келеді. Соған байланысты әрбір адаммен жүргізілген оңалту жұмыстарының нәтижесі де әртүрлі болуы мүмкін.
– Өз тәжірибеңізде райынан қайтып, түзу жолға келген адамдар болды ма?
– Қайтқандар да, қайтпағандар да болды.
– Неліктен қайтпады?
– Оны түсіндіру үшін мынадай мысал айтайын. Қазір екеуміз адасқандар туралы әңгіме қозғап жатырмыз. Біздің пікірімізше, олар – құрбандар. Екеуміз тура жолдамыз. Құдай алдында жүзіміз жарқын, ниетіміз түзу деп үміт етеміз және соған сәйкес амал қыламыз. Әлгілерді мүсіркеп, дұрыс жолға шақырғымыз келеді. Дәл осы ұстанымды 180 градусқа кері айналдырыңыз. Сонда қарасаңыз, олар да біз туралы: «Мына бейшаралар адасып, ақиқат жолды таба алмады-ау. Қанша діни насихат айтып жатырмыз, бірақ жүректеріне жарық нұр түспей қойды» деп екеуміздің сыртымыздан дұға тілеп отыруы әбден мүмкін. Яғни біз оларды қалай адасқандар деп санасақ, олар да біз жайында дәл солай ойлайды.
Теріс ағымға түскен адамнан гөрі араққа салынған маскүнеммен немесе нашақормен жұмыс істеу әлдеқайда оңай. Себебі олар өздерінің соған тәуелді болып қалғанын түсінеді, арақ ішу мен есірткі шегуді дұрыс деп есептемейді. Бірақ одан бас тарта алмайды. Ал діни радикалдардың ерекшелігі – өздерін адасқан деп санамайды, түбегейлі дұрыс жолдамын деген түсінікте. Керісінше сен олар үшін адасқан адамсың, тіпті кәпірсің. Ең қауіптісі де сол: өзінің бұрыс жолда екенін түсінбеу. Сондықтан оларды дәстүрлі дін жолына, қазақы дүниетанымға қайтару қиынның қиыны.
– Солардың қоғамға қаупін білу мақсатында өз тәжірибеңізден бір-екі мысал келтіре аласыз ба?
– Мен Астанада түрмеде отырған бір жігітпен жұмыс істедім. Ол білім министрін кепілге алмақшы болған. Өзі әскери адам, мамандығы бойынша қызмет істеп жүріп жат ағымдардың құрығына түскен. Жақсылап дайындық жасаған. Жоспары бойынша министрлікке басып кіріп, министрді кепілдікке алып, мемлекетке талап қоймақшы екен. Сондағы талабы: қыздардың мектепке орамалмен баруына рұқсат бергізу. Бірақ ол өз ойын іске асыра алмады. Тиісті органдар оның жоспарын алдын ала біліп, қолға түсіріп, бірнеше жылға соттап жіберді. Айта берсе, мұндай оқиғалар өте көп. Бұл қоғамдағы діни ахуалдың қаншалықты қауіпті екенін білдіретін бір ғана мысал.
Тәңіршілдікке заңмен тыйым салу керек
– Біз көбіне деструктивті діни ағым дегенде ислам атын жамылған топтарды еске аламыз. Дегенмен соңғы уақытта тас лақтырсаң тәңіршілдің басына тиетін болып жүр. Интернетте солардың сойылын соғатындар көбейе түскендей. Теолог ретінде бұған ойыңыз қалай?
– «Тәңіршілдік қозғалысына» соттың үкімімен заңды түрде тыйым салатын уақыт жетті. Олардың іс-әрекеттеріне және айтып жатқан сөздеріне құқықтық тұрғыда баға берілсе, соттауға және түбегейлі тыйым салуға негіз болатын жағдайлар жеткілікті. Әлеуметтік желінің өзінде елдің ауызбіршілігін бұзудан бастап діни алауыздық қоздыруға дейінгі дәлелдер толып тұр. Бірақ біз, жеке адамдар айтамыз да қоямыз. Өкінішке қарай осы іске бастамашы болатын ұйым жоқ. Ешкім оны өз мойнына алғысы келмейді.
Тәңіршілдік қозғалысының қаупі неде? Ол еліміздің мемлекет ретінде әрі қарай дамуына және ұстанған саясатын жүргізуіне кедергі келтіретін кесапат. Сәләфизм идеологиясы да 90-жылдары тура осылай басталған болатын. Алғашқыда көп адам мән бермеді. 20 жылдан кейін ағым ұстанушылары ел ішінде теракт жасай бастағанда ғана есімізді жиып, әрекетке көштік. Тәңіршілдікті ту қылып жүргендердің де ертеңгі күні қандай қадамға баратынын дөп басып айту қиын. Қазір олар билікке келуге барынша тырысып жатыр. Өнер адамдары, тарихшылар, айтыскерлер арасында олардың идеясын қолдайтындар баршылық. Оларды өзім де білемін.
Бұл жерде дін мәселесі емес, ең біріншіден мемлекет мәселесі, елдің ертеңі күн тәртібінде тұр. Өйткені мен дінтанушы ретінде бұл құбылыстың қайдан келіп жатқанын байқап отырмын. Тәңіршілдіктің шоғын үрлеушілер шетелде отыр, сол жақтан шалажансар шоқты көсеп, отқа айналдыруға тырысып бағуда. Бұған біз көзімізді ашып, байыппен зер салуымыз керек. Қазіргі біздің көріп отырғанымыз – тек бастамасы ғана. Егер дер кезінде тыйым салып, құқықтық нормаға сай шешімін таппасақ, ертең оның салдары қиын болуы мүмкін.
– Әңгімеміздің соңында сыйбайлас жемқорлық жайында бір сұрақ қойсам. Қазір көптеп-көлемдеп Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Әділ қоғам үшін жемқорлық мүлдем жат ұғым. Ал бұған қатысты дініміз не дейді?
– Дінімізде қолыңа берілген мүмкіндікті адал пайдалану туралы айтылады. Билік те соның қатарында. Әрбір адам белгілі бір лауазымға келгенде адал еңбек ету туралы уәде береді. Әр қызметтің лауазымдық нұсқаулығы бар. Егер сол нұсқаулық бойынша жұмыс істесе, пара деген пәле болмас еді.
Құқықтық мемлекетте заң жемқорлыққа қалай тыйым салса, әлемдік діндердің қай-қайсында да оны үлкен күнә ретінде қатаң айыптайды. Бұл өзіңіз айтып жатқан әділ қоғам құруға қарсы бірден-бір ауыр қылмыс. Қолдағы қызмет – бізге берілген аманат. Аманатқа қиянат қылу – үлкен күнәлардың бірі. Жеке бастың пайдасы үшін ұлттың байлығы мен қазынасына қол салу – одан да үлкен қиянат. Мұндай құқық бұзушылықтарға бармас үшін әрбір адамның бойында отаншылдық және ұлтқа, елге деген жанашырлық сезімі болуы керек деп ойлаймын. Әділетті Қазақстан құрудың негізі осында. Менің ойымша, бұл проблеманы тек заңмен тыйым салу арқылы түбегейлі шешу қиын. Ең алдымен адамның өз ішкі қарсылығы болуға тиіс.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ