Ертең Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында әлемдік дәстүрлі діндер мен конфессиялардың көшбасшылары бас қосатыны белгілі. Осымен алтыншы мәрте қазақ топырағында өткелі отырған іргелі жиыннан сарапшы-мамандар не күтеді, қандай мәселеге басымдық беріледі, қозғалатын проблемалар өзекті ме? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде KazIslam.kz сайтының тілшісі саясаттанушы Жанбота Қарашолақовпен әңгімелескен еді. Келелі сұхбатты оқырман назарына да ұсынғанды жөн көрдік.
– Жанбота мырза, осы салмақты съезге қатысушы құрметті меймандардың негізгі миссиясы қандай, ең алдымен осыған тоқталып өтсеңіз…
– Бұл жиынға әлемнің дін саласындағы беткеұстар тұлғалары атсалысатынынан хабардармыз. Маңайына тұтас халықты жинап, аузына қарата алатын ол азаматтар бейне бір шамшырақ секілді десек, қателеспейміз. Яғни, саяси жетекшілер немесе спортта, басқа да салаларда жетістікке жеткен замандастарымыздың айтар ойы қаншалықты өтімді болса, дін саласының мамандары да ертеңгі күні съезден түйген ойларымен өз елдерінде бөлісе алады деген ойдамын. Олар осы басқосу алаңындағы диалогтарды саралап, зерделеп, қорытынды шығара алады. Содан соң жаһандық проблемалармен басқа мемлекеттер қалай күресіп жатқанына баса назар аударып, өзі өмір сүріп отырған қоғамға бағыт-бағдар бере бастайды.
Ал съездің ерекшеліктері мен пайдасына тоқталсам, біріншіден, бұл жиын діндер арасындағы құрмет пен сыйластықты, ынтымақтастықты күшейтеді. Екіншіден, әртүрлі діннің лидерлері бірін-бірі тыңдап, пікір алмасады, ортақ мәселелерге уағдаласады. Үшіншіден, қандай да бір туындаған проблемаларға орай бейбіт келісімге келеді. Төртіншіден, жоғарыда айтқанымдай, олар өз елдеріне барған соң, осы идеяларды проекциялайды және ең маңыздысы да осы. Яғни, біздің бейбіт сүйгіштік идеялармызды насихатттап, оны «экспорттау».
– Әлемде болып жатқан мемлекеттер, ұлттар арасындағы діни негіздегі шиеленістердің әлі де жалғасуы көпшіліктің «Мұндай мәселелерді шешуге осындай жаһандық басқосулардың, келіссөздердің де қауқары жетпей жатыр. Бәлкім, мұның басқа жолдарын, түрлі формаларын іздеген дұрыс» деп түсінуіне алып келген сияқты. Бұған не дейсіз?
– Жоқ, бұл сөзіңізбен келіспеймін. Себебі, мысалға алып қарасақ, Таяу Шығыс мәселесі бір съезбен шешіле қоятын кішігірім проблема емес. Тіпті, бір съезбен мұндай күрделі мәселеге нүкте қоямыз деудің өзі – утопия. Өзара келісе алмайтындықтан, екі елдің діни басшылары Астанадағы съезге ат басын бұрып, бүкіл әлемнің алдында бір шешімге келіп, келісім жасауға әрекеттенді. Ал соның нәтижесінде аз да болса адам өлімі азайып, шиеленіс бәсеңсісе, мұның өзін орасан жетістік деп есептейміз. Екіншіден, бұған дейін айтқан әскери, геосаяси және т.б. мүдделер мәселенің толықтай шешілуіне кері әсерін тигізді.
Ең бастысы, бұл съезд арқылы әлем елдерінің діни көшбасшылары, дүниежүзі халықтары Қазақстанды және оның елордасы – Астана қаласын ынтымақ пен бірліктің ордасы ретінде тани алды. Бейбітшілік пен келісім идеясы бірінші болып Қазақстан арқылы қанат жайды.
– Бұл съезден бөлек, біздің еліміз және Елбасымыз Н.Назарбаев басқа да жобалар мен бастамалар арқылы әлем халықтарына бейбітшілік пен келісімді насихаттап келеді. Ал, сіздің ойыңызша «Назарбаев идеяларының» жаһандық тыныштық орнатуға әсері қандай?
– Біз әр заманның әртүрлі қоғамында белгілі бір пассионар тұлғалардың, лидерлердің пайда болатынын тарихтан білеміз. Мәселен, Мартин Лютер, Махатма Ганди, Нелсон Манделла және өзгелер. Осы қатарға Президентіміз Н.Назарбаевты қосуымызға әбден болады. Неге? Бұның екі себебі бар: біріншісі – ол арқылы бүкіл әлем Қазақстанды жақсы қырынан, қарыштап өркендеп келе жатқан мемлекет ретінде танып-білді, екіншісі – дүниежүзінің көшбасшылары Елбасымыздың халықаралық аренадағы сарабдал саясатын қолдап отыр.
Енді осының себебіне тоқталайын. Біріншіден, Н.Назарбаев тәуелсіздік алған жылдардан бастап Қазақстанды түрлі болуы ықтимал қақтығыстардан бейбіт түрде қорғап қалды. Екіншіден, ТМД елдерінің арасында алғашқы болып интеграциялық жұмыстар жүргізді. Мәселен, саяси лидерлердің басын бір үстелдің басына жинап, өзі модератор болып, Украина, Сирия мәселелерін талқылауға атсалысты. Тіпті, бұлардың өзін былай қойғанда, Елбасының антиядролық саясатты ұстануы әлем халқының сенімін күшейтті. Яғни, екі жақты келісімдерді ұйымдастыруға шебер екеніне, медиациялық қасиетінің жоғарылығына көздері жетті. Осылайша, әлемдік деңгейдегі саяси және діни көшбасшылардың назарын өзімізге аудардық. Олар бізде өтетін форумдарға, жиындарға, саммиттерге бар ынта-пейілдерімен қатысып жүр.
– Алдағы съезде әлемдік және дәстүрлі діндер арасында сұхбат қай бағытта өрбуі мүмкін, қандай нәтиже күтесіз?
– Көптеген мәселенің түйіні тарқатылады деген ойдамыз. Өйткені, қанша жерден әлемдік, дәстүрлі дін деп неше түрге бөлсек те, бәрінің бастау алар тұсы, қайнар көзі – біреу. Бәріне ортақ қағидалар да бар. Бұл жерде мен олардың догматикалық немесе теологиялық ұстанымдарын айтып отырған жоқпын. Жалпы адамзатқа ортақ қағидалар, мәселен, адам өлтірмеу, ұрлық жасамау сияқты консепциялар барлық елде арнайы заң, Конституция арқылы бекітіліп қойған. Яғни, кез келген елдің Қылмыстық Кодексіне назар салсаңыз, кісіге қиянат жасамау, адам құқығын жоғары қою секілді баптар бар. Бұл қайдан шықты? Әрине, оның бастауы – дінде жатыр. Мейлі, христиан, мейлі, ислам мемлекеттерінде болсын, адамға қиянат жасауға, құқығын таптауға қатаң тыйым салынған.
– Олай болса неліктен әлі күнге әртүрлі дін өкілдерінің арасында татулық толық орнамай отыр? Діни көшбасшылардың бір мәмілеге келулеріне не кедергі?
– Мынаны есте сақтауымыз керек: діндер сұхбаттаса алады, адамдар сұхбаттаса алмайды. Өйткені, тағы да қайталап айтамын, әлемдік және дәстүрлі діндердің бастау алар тұсы – біреу. Ол – адам құқығын таптамау, бір-бірімізге құрметпен қарау. Тұлғалардың ашық диалогқа түсе алмауына бірін-бірі тыңдамау, мойындамау, тәкаппарлану секілді кедергілер бар. Бұл – менмендік деп жалпылама атауға болатын пенделік қасиеттер. бұл тақырып аясында таңды таңға ұрып әңгімелесуге болады…
Ал, ертеңгі съезде «ХХІ ғасырдағы жаһандық көзқарас» мәселесі жан-жақты талқыланбақ. Әрине, бұған да діни факторлар әсер етпей қоймайды. Сондықтан, мейлі, Орта Азия, мейлі, Еуропа, тіпті, жер-жаһанның қауіпсіздігі үшін әлемнің саяси және діни лидерлері бір мәмілеге келуі қажет. Мәселен, Н.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін қолдаса, күні кеше БҰҰ-ның отырысында бірауыздан қолдаған Қазақстанның антитеррорлық коалициясын сияқты, елімізге де, әлемдегі кез келген мемлекетке де тек пайда әкелетін идеялар ұсынылса деген ниет бар. Және осы съезде айтылатын, талқыланатын маңызды мәселелер сол күйі қалмай, әр лидердің мемлекетінде жүзеге асса, сол идеялармен жастарды тәрбиелей алса, меніңше, съездің негізгі мақсаты орындалды деп айтуға әбден болады.
Қазақстан Республикасы үлкен диалог алаңы ретінде Астана қаласына лидерлерді жинады, ендігі жерде діни көшбасшылар съезде көтерілген мәселелерді алдымен өздері түйсініп, кейін өз қоғамына сіңіре алса келешекте дінаралық шиеленістер болмайды деп ойлаймын.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Ермұрат НАЗАРҰЛЫ,
kazislam.kz