Мұсылман кісінің артынан жаназа оқу – мұсылмандар үшін париз кифая. Яғни мұсылмандардың ішінен бір топ оқыса, ол міндет атқарылған саналады да, мүлдем оқымаса бүкіл мұсылмандар күнахар болады. Бірақ, Кеңес Өкіметі тұсында діннің барлық міндеттеріне тыйым салынып, дін толықтай жойылуға тырысылған, дінсіздік үстемдік еткен заман болды. Ол нәубет ғасырын мұсылман ғалымдары «фәтра», яғни бір пайғамбар мен екінші пайғамбар арасында пайғамбарлық келмеген өлі-ара кезеңге теңеп, иншалла ол заманда қайтыс болғандар, Алланың кешіріміне бөленеді деп санайды. Ал, қазіргі заманда оның жаназа намазын шығару мәселесіне келсек, негізінен Пайғамбарымыз жаназасы оқылмай жерленіп қойған, денесі әлі бұзылмаған кісілердің мазарына барып жаназа намазын оқығандығына қатысты нақты риуаяттар бар. Ал денесі бұзылып кеткеннен кейін оған жаназа намазы оқылмайды.