Соңғы уақытта «Жан» сөзіне қатысты әлеуметтік желіде екіұдай пікір шыға бастады. Бұл тақырыптың қозғалуына Меккеде қажыларға жол сілтеп жүрген бір бауырымыздың: «Біз кейде жақсы көрген адамдарға «Жаанн» дейміз. Бұл сөзді айтуға болмайды. Өйткені, Жаанн деген жындардың атасы!» – деген пікірі себеп болды. Сонымен осы сөздің төркініне үңіліп көрелік.
Алдымен, «Жан» сөзінің мағынасына тоқталсақ, бұл сөз қазаққа парсыдан енген сөз. Яғни, тіршілік, тірінің бойындағы өмір қуаты, өмір нәрі (жәуһары) деген мағынаны білдіретін сөз. Бұл сөзді жалаң түрде ғана емес туынды сөздерде де көптеп қолданамыз. Мысалы, қазақтағы жануар сөзі, парсының жанәуар (тіршілік иесі, тірі) жан-азар (жанды ауыртатын, ауыртпашылық тудыратын), жанғақ (жан-гаһ) жан үйі (қабы) сияқты көптеген сөздерді тізбектеуге болады. Солардың ішінде ең мағыналысы жанбас (жан-баз) сөзі. Бұл сөздің тікелей мағынасы жанмен ойнау дегенді білдіргенімен, жанбастың (жамбас) өмірлік мәні бар екендігі белгілі. Адам өлгеннен кейін оның сүйегі шіріп кетеді. Болмаса өртеніп өледі, суға кетеді т.б. Бірақ адам ақырзаманда махшар күні қалай тіріледі деген сұраққа кейбір ғалымдар Құранды тәпсірлей отырып, адамның жанбасында бір «дәнек» бар. Ол қандай әсерге де жойылмайды. Міне, сол дәнектің арқасында Алла Тағала қиямет күні адамзатты тірілтеді екен деген көзқараста да ойланарлық дүние бар. Демек бұл мағынада ешқандай жындардың атасы туралы мағына жоқ!
Екіншіден, қазір де көп қолданылатын рух сөзінің баламасы ретіндегі «жан». Расында, көбіміз бұл сөздерді бір-бірінің баламасы ретінде қолдана береміз. Бірақ Шәкәрім Құдайберді ұлы: «Нәпсі дер рухсыз жандарды, Мейлі адам, мейлі аңдарды» деп рух пен жанның бөлек дүниелер екендігін айтады. Өйткені адамды басқа тіршілік иелерінен дараландырып тұрған жан емес, рух. Себебі, тіршіліктің бәрінде жан бар, ал рух тек тірі адамға тән. Бұл мәселеге ой жүгірткен ғалымдардың қарасы көп, ежелгі дәуірден бастап қазірге дейін жан туралы талас тартыстар толастар емес. Тіпті, психология ғылымын қазірде «Жан тану» деп атау да белең алып келе жатыр. Сондықтан жанның екінші мағынасында да ешқандай жындарға қатыстылығы байқалмайды.
Үшіншіден, Құрандағы Рахман сүресінің 15-аятында «Уә халақал-Жаанна мин мәрижин мин Нәәр» (Жындарды оттың жалынынан жаратты) деген сөзіндегі жындардың көпше түрінде айтылатын «Жаанн» сөзінің екінші бір мағынасы оттан жаратылған Жындардың атасы деген мағына бар. Осы тұрғыдан келгенде жоғарыда айтқан бауырымыздың пікірінде ақиқат пайы бар екендігін жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен қазақтың тілінде Жындардың атасын Жаанн деп атау әдетке айналмағандықтан, біз парсы тіліндегі өмір нәрі, тіршілік қорегі мағынасындағы Жан, жаным, жанымның жартысы сияқты сөздері жақсы көретін адамдарымызға қаратып атйуымызда ешқандай әбестік жоқ. Сондықтан жақындарымызды «Жаным» деп бағалап, жылы сөздерімізді аямайық!
Кеңшілік Тышхан,
дінтанушы-ғалым